Шаш күтімі
Шүберек адам көркі болса, ұзын шаш та кез-келген қыз баланың көркі. Ертеректе қазақ қызының шашы тобыққа дейін түсіп тұратын болған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? - деп Абай ақын жырға қосқан бұрымды қыздарды қазір жиі көре бермейміз. Оның негізгі себебі шаштың жұқарып кетуі, жиі түсуі, бас терісінің аурулары, сайып келгенде экологияның ластануына апарып соғады. Бүгінгі жағдайда, шаштың қалың әрі мықты болып өсуі үшін қандай күтім жасау керектігі жайында қалалық шаштараздардың бірінде жұмыс жасайтын, осы салада он жылдан астам тәжірибесі бар Ғалия Қанаевадан кеңес алған болатынмын. Шебердің айтуынша, шашты күнделікті жуу бас терісіне зиян, ол бас терісін құрғатып, тері астындағы шашты қоректендіретін майларды шайып жібереді. Нәр алмаған шаш нәзік, морт сынғыш болады. Сондықтан шашты аптасына 1 не 2 рет жуған абзал.
«Шаштың жиі түсуіне қарсы қымбат дәрі-дәрмектер мен әр-түрлі майларды алуға көптің шамасы келе бермейді, сондықтан клиенттерге үй жағдайында, қолдан маскалар жасауға кеңес беремін», дейді Ғалия Қанаева.
Сонымен, шаштың мықты әрі жылтыр болып өсуіне арналған кеңестер:
1. Екі ас қасық түйеошаған майы (репейное масло) мен бір жұмырқтаның сарысын шашқа жағып, 20-25 минут ұстау керек. Бұл масканы аптасына 2 рет қолданады, нәтижесі 1-2 айдан кейін болады. Масканың құрамындағы май мен жұмыртқаның мөлшерін шаштың қалыңдығы мен ұзындығына байланысты, сәйкесінше көбірек етіп алады.
2. Басыңызды жуып болғаннан кейін, дәріханаларда сатылатын қалақай (крапива) шөбінің тұндырмасымен шашты шаю керек.
3. Шаштың түсіне жылтыр беру үшін 10 литр суға 1 ас қасық сірке суын қосып шаю керек. Бірақ бұл әдісті кез келген адамға қолдануға кеңес бермеймін, өйткені кейбіреулер көп қосып, шаш терісін күйдіріп алуы мүмкін.
4. Келесі бір маска түрі туралы айта кетер болсақ, бір жұмыртқаның сарысын, 1 ас қасық зәйтүн майымен және 1 ас қасық камфора майын араластырып, шашқа жағып, 20 минут ұстау керек.
5. Ал мына маска туралы Сіз әлі естіген жоқсыз. 1 дана зімбірді (имбирь) 2 дана пиязбен ет тартқыштан өткізіп, оның шырынын сүзіп алып шашқа жағады. 30 минуттан кейін жылы сумен шаю керек. Нәтижесі 5-6 айдан кейін ғана болады, айта кетейік бұл масканы жаққаннан кейін шашты сусабынмен жууға болмайды. Тек екі күннен кейін ғана сусабынмен жуу керек, сондықтан жұмысқа баратын адамдарға, зімбір маскасын демалыс күндері жасауға кеңес береміз.
«Күнделікті күтім керек, мысалы аталмыш маскаларды 1-2 рет жаққаннан кейін әсер бермесе, оны тоқтата салу дұрыс емес. Бір сусабынмен жуа беруге де болмайды, 1-2 айда сусабынды ауыстырып тұру керек. Мен «estel» фирмасының сусабындарын қолданам. Бұндай су сабындар сұлулық салондарында ғана сатылады. Бағасы қолжетімді, 250 мл сусабындар 1700-ден 3000 теңгеге дейін. Әрине бұдан да қымбаттары бар, әр адамның қалтасына қарай ғой», дейді тәжірибері шебер. Естеріңізге сала кетейік «estel» маркасы Ресейден тапсырыс алқылы алынады. Оны сұлулық салондарынан сатып алуға болады. Шаш кептіргіш, яғни күнделікті қолданатын фен мен шаш үтігін пайдаланар алдында «estel» фирмасының термоқорғауы бар Curex Brillance флюидін қолдануға болады немесе эксклюзивті шаштараз салондарға арналған шашқа көлем беретін Otium Butterfly Shape спрейін қолданған абзал. Аталмыш флюид күйіп кетуден қорғайды және шаштың бетінде микропленка жасайды. Сондай-ақ шашты тегістеу кезінде ысып кетуден қорғайды және құрғақ шаштарға экстра жарқырау береді. Ал бағаларына келер болсақ, флюид 200 мл – 2000 теңге тұрады.
Қорыта айтқанда, шашыңызға күнделікті күтім жасау қалтаға емес, өзіңізге байланысты. Ал,Сіз шаштың түсуіне қарсы қандай кеңестер қоса аласыз?