Шарын шатқалының шартарабы
Шарын шатқалы немесе каньоны — Алматы облысы, Райымбек, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырым жерді қамтып жатқан еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі.
2004 жылдың сәуір айынан бастап Шарын ұлттық паркінің қамқорлығына алынған. Миллиондаған жылдар бұрын жел мен су эрозиясының және мұздану дәуіріндегі табиғи құбылыстардың әсер ету ықпалынан қалыптасқан табиғи ескерткіштің құздарының биіктігі шамамен 150 метрден 300 метрге дейін жуықтайды. Құздар табиғи пішіндеріне қарай «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы», «Темірлік» «Сфинкс», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық» деген атауларға ие болған. Тарихшылар шатқалға ойылып салынған тарихи суреттерге қарап, палеолит дәуірінің белгілерін тапқан.
Алатаудан бастау алып, шатқал бойын бойлай ағатын Шарын өзені осы жердің табиғатын екі есе көріктендіре түседі. Ұзындығы 427 шақырымдық бұл өзен Іле өзеніне құяды. Шарын өзеніне кіші-гірім бірнеше өзеннің келіп құюына байланысты арнасының кеңдігі 35-40 метрге дейін жеткен. Секундына 10-12 шақырымға ағатын өзен ағысы рафтинг спортымен айналысатын адамдар үшін таптырмайтын орын.
Шарын шатқалынан жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрін кездестіруге болады. Мәселен, құстардың 100-ден аса, сүтқоректілердің 50-ге жуық, бауырымен жорғалаушылардың - 25, балықтың – 10, қосмекенділердің – 4 түрі ұшырасады. Сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен құстарға: қызылаяқ бақа мен певцов (Даната) құрбақа, шұбар бат-бат кесіртке, қарақұс, жыланжегіш, сақалтай, қара дегелек, бидайық, үкі, ителгі, жұртшы, бүркіт, дуадақ, қарақұйрық, ақтөс сусар, шұбар күзен, сабаншы, кәмшат, кесірткенің – 10, жыланның – 8 түрі жатады. Осында өсетін 1000-ға жуық өсімдіктің шамамен 20 түрі «Қызыл кітапқа» еніп, қорғауға алынған.
Әлемнің екі аймағында ғана сақталған сонау геологиялық замандардан бері өсіп келе жатқан ерен ағашының тоғайы Шарын өзенінің аңғарында болса, екіншісі Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында өседі. Өте құнды бірден-бір табиғат ескерткіші болғандықтан, 1964 жылы 19 наурызда республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші деп Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №447-Р арнайы қаулысы қабылданған. Теңіз деңгейінен 650-750 метр биіктіктегі алқапта өсетін, биіктігі 20-25 метрге дейін жететін ылғал сүйгіш ерен тоғайы 5 014 гектар аумақты алып жатыр. Ағаштың діңінің қаттылығы соншалық, оны ұзыннан шабу әсте мүмкін емес, тек ортасынан арамен кесуге ғана болады. Ең ірі деп табылған ерен ағашының діңіне жеті адамның құшағы әрең жетеді екен.
Сонау темір дәуірінен мүлтіксіз осындай әдемі қалпын сақтап келе жатқан табиғи ескерткішті көздің қарашағындай қорғау біздің басты борышымыз!!!
Дайындаған: Құлжанбай тегі АрайлымСуретке түсірген: Нұрланбеков Мұрагер