Жаңалықтар

Шаршау, ашушаңдық: Көктемгі әлсіздікті қалай жеңеміз?

Шаршау, ашушаңдық: Көктемгі әлсіздікті қалай жеңеміз?
Фото: pixabay.com 01.04.2025 18:10 492

Көктемнің келуімен адамдар шаршау, ұйқышылдық және жұмыс қабілетінің төмендеуін сезінеді. Бұл шын мәнінде авитаминоздың белгілері ме? Дәріханада сатылатын дәрі-дәрмектер дәрумендер тапшылығымен күресуге көмектеседі ме? Ағзаға жетіспейтін дәрумендерді қалай анықтауға болады? El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі осы сұрақтардың жауабын табуға тырысты.

Ең әуелі көктемгі әлсіздіктің себептері, дәрумендердің тапшылығы және соның салдары жайлы мифтерге тоқталып өтейік.

Көктемде дәрумендердің жетіспеушіліген ағза әлсірейді

Екі түсінік бар:

- гиповитаминоз - ағзаға дәрумендердің жетіспеуі;

- авитаминоз – ағзаға дәрумендердің толық жетіспеушілігі.

Дұрыс тамақтану, көкөністер мен жемістерді қажетті мөлшерде тұтыну,  күн сәулесі аз күндерде D витаминімен байытылған өнімдерді жеу гиповитаминоз бен авитаминоздың қаупін барынша азайтады. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, егер адам денсаулығында кінәрат болмаса, қарапайым әрі теңдестірілген рацион кез келген уақытта ағзаны қажетті дәрумендер және минералдармен қамтамасыз ете алады. Қажет болған жағдайда дәрігердің нұсқауы бойынша дәрумендерді дәрі түрінде қабылдауға болады. Бұрын көктемдегі иммунитеттің әлсіреуін авитаминозбен түсіндіретін еді. Яғни қыстан шыққан ағзаның әлсіреуімен байланыстыратын. Бірақ қазір жағдай басқа. Көптеген көкөніс пен жемістер дүкен сөрелерінде жыл бойы сатылады.

Одан бөлек, елімізде кейбір өнімдер міндетті түрде дәрумендермен байытылады. Фортификация (тамақ өнімдерін өндіру немесе өңдеу процесінде витаминдік-минералды кешенді енгізу) өнімдердің сапасын және тағамдық құндылығын арттыру үшін, сондай-ақ халықтың денсаулығын қолдау шарасы ретінде жүргізіледі. Фортификацияға ұшырайтын өнімдерге ұн, ауыз су, сүт және ашымалы сүт өнімдері, майлы өнімдер, жарма мен дайын тағамдар жатады.

Көктемде дәрумендер кешенін қабылдау керек

Ағза қай кезде де дәрумендер мен минералдарды қажет етеді. Мамандардың айтуынша, табиғи дәрімендер дәріханалық дәруменді-минералды кешендерден әлдеқайда пайдалы. Жемістер, көкөністер, жасыл желектер мен суық түрде сығылған майлар қосу дұрыс шешім болады. Қыс айларында ағза D витаминін қажетті мөлшерде ала алмайды. Салдарынан оның тапшылығына әкеледі.

Дәрумендерді дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдау маңыздылығын ескерген жөн.

Дәрумендердің мөлшері ешқашан көп болмайды

Шын мәнінде, бұл – жансақ пікір. Барлығы нормамен болуы тиіс. Ағзаға дәрумендердің жетіспеушілігі де, шамадан тыс қабылдануы да зиян. Мәселен, диетология мамандары А витамині көп болатын өнімдерді (сәбіз) асыра пайдалануды ұсынбайды. Жалпы А витаминінің тапшылығы сирек кездеседі. Өйткені көптеген тағамның құрамында бета-каротин болады. Ол ағзаға түскенде А витаминіне айналады. Ал бета-каротиннің артық мөлшері каротинемияны, яғни терінің сарғаюын (әсіресе алақандар мен табандардың) тудырады.

Пантотен қышқылы (B5 витамині) көптеген көкөніс пен жемісте кездеседі және оның тапшылығы өте сирек болады.

Майда еритін дәрумендер А, D, E және K майлармен сіңеді және май жасушаларында жиналуы мүмкін. Ағза осы дәрімендердің қорын ұзақ уақыт бойы сақтап, егер олар рационында болмаса немесе жетіспесе, пайдалана алады.

С дәруменінің артық мөлшері улануға, бас ауруына, тіпті зәр тастарының пайда болуына әкелуі мүмкін.

Ал артық кальций тамырларда шөгіп, кальцинозды тудырады. Бұл өз кезегінде атеросклероз, тромбоз, тіпті жүрек талмасына әкелуі ықтимал.

Қыста көкөністер мен жемістерде дәрумендер болмайды

Бұл да жалған ақпарат. Күзде пісіп, бірнеше ай бойы сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, асқабақ және басқалары) дәрумендер мен минералдарға бай болады. Сол себепті олар адам иммунитетін қыста қолдауға жеткілікті. Олар ағза үшін маңызды минералдарды қамтиды.

Тіпті жылыжайда өсірілген көкөністер мен жемістердің құрамында дәрумендер сол қалпы сақталады. 

Авитаминоздың нақты белгілері болады

Авитаминоздың негізгі белгілері:

- жұмыс қабілетінің төмендеуі;

- шаршау;

- ашушаңдық;

- ұйқышылдық;

- апатия және үнемі өзін нашар сезіну;

- терінің құрғақтығы;

- шаштың түсуі;

- тырнақтардың сынуы.

Алайда, осы белгілердің туындауына басқа да себептері әсер етуі мүмкін. Егер әлсіздік байқалып, шаш түсіп жатса, барлығын дәрумендер жетіспеушілігіне сілтемей, дәрігердің қабылдауына барған дұрыс.

Көктемде дәрумендер жетіспеушілігін тексеруге қан сараптамасын тапсыру керек

Бұл анализдер күрделі әрі бағасы қалтадан қағады. Бірақ көп жағдайда мұның да қажеті жоқ. Қарт адамдарда D витаминінің деңгейі төмен болса, вегетариандықтарда B12 дәруменінің тапшылығы болуы ықтимал. Егер адам дұрыс тамақтанса, қан сараптамасын тапсыруға қажеттілік болмайды. Бастысы салауатты өмір сүру салтын ұстану, уақытылы ұйықтау және толыққанды, дұрыс тамақтану қажет.

Көктемгі авитаминоздың алдын алу жолдары

Дұрыс тамақтану: Көктемде көкөністер мен жемістерді көбірек тұтынуға тырысыңыз. Бұлар құрамында витаминдер мен минералдарға бай. Сәбіз, қырыққабат, картоп, асқабақ, қызанақ, қызылша сияқты көкөністер мен жемістерде көптеген пайдалы зат бар. Сондай-ақ, көкөніс пен жемістерден көбірек жасалған салаттар, шырындар ішуді ұмытпаңыз.

D витамині: Көктемде күн сәулесі көп болады. Десе де ағзаға D витаминін алу үшін күнде 20-30 минут уақытты сыртта өткізу жеткілікті. Егер сізде күн сәулесінің жетіспеушілігі болса, D витаминін қосымша қабылдауға болады.

Дұрыс ұйқы мен демалыс: Ұйқының сапасы мен ұзақтығы көктемде өте маңызды. Түнде 7-9 сағат ұйықтау, табиғи режимде өмір сүру денсаулыққа пайдалы.

Физикалық белсенділік: Көктемде күннің жылытуымен физикалық белсенділік арттырыңыз. Жаяу серуендер, жеңіл жаттығулар, таза ауада жүру –  көктемгі авитаминоздың алдын алуға көмектеседі.

Суды көп ішу: Көктемде ауа құрғақ, сол себепті организмге жеткілікті сұйықтық қажет. Су ішуді ұмытпаңыз, өйткені ол дененің барлық функциясын қолдауға көмектеседі.

Дәрумендер мен минералдарды теңдестірілген қабылдау: Дәрумендер мен минералдарды теңдестірілген түрде алу көктемдегі авитаминоздың алдын алудың негізгі тәсілі болып табылады. Егер сізде белгілі бір витаминдер жетіспеушілігі анықталса, оларды тағам арқылы толықтыра аласыз.

Көктемгі авитаминоз – көбінесе көктем айларында байқалатын жағдай. Оның белгілері шаршау, ұйқышылдық, депрессия және иммундық жүйенің әлсіреуі болып саналады. Алайда, көктемде денсаулықты қолдау үшін дұрыс тамақтану, табиғи витаминдерді қабылдау, дұрыс ұйқы мен дене белсенділігі маңызды. Бастысы, көктемгі авитаминоздың алдын алу үшін табиғи және салауатты өмір салтын ұстану керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға