Жаңалықтар

Шарынның қалай шырайын кіргіземіз?

Шарын шатқалы туристерге қаншалықты қызық болмақ?
Шарынның қалай шырайын кіргіземіз?
10.04.2019 11:25 9665

Шарын шатқалына биіктігі 80, ұзындығы 200 метр болатын аспалы көпір салынбақ. 1,5 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба туристерді қаншалық қызықтыра алмақ?

Тігісін жатқызып, тілін таба білсең туризм – табыстың тұма бұлағы. Табиғи қазба байлықтан жұрдай, өзге де өндірістік зауыттардан ада, тек қана туризммен тіршілік етіп келе жатқан елдер көп. Осы саланы өрістету арқылы-ақ экономикасын аяғынан нық тұрғызған мемлекеттерді көптеп мысал етуге болады. Ал бізде бәрі бар. Жаратқанның ниет-пиғылымызға сай берген ұланғайыр атырабы, сол даланың түгін тартсаң майы түсетін асты мен үстіндегі ен байлығы елдің ырыздығына айналуы керек-ақ.

Тәңірінің төтенше сыйы

Табиғаттың тосын сыйы, құбылыстар мен бұзылыстардан пайда болған Жер-ананың ерекше көркемдікке ие, қойнау-қонышы құпияға толы, көрікті орындары, ғажайыптан ғана қаланған керемет мекендер жетерлік. Мұндай құпиясы мол, тылсымы тереңге бойлап әкететін мекеннің бірегейі – Шарын каньоны. Әлемде, жалпы жеті қат жердің үстінде мұндай каньон екі ғана мемлекетте: АҚШ пен Қазақстанда ғана бар. Сондықтан табиғаттың таңсық тұсын тамашалауға туристердің ағылып келіп жатуы заңдылық. Колорадо каньонына тамашалаушылардың көптеп келетіні белгілі. Өйткені АҚШ туризм деген саланың тамырын тап бассаң қаржының қайнар бұлағы екенін жете меңгеріп алған. Бізге бұйырған Шарынның тарихын өзге түгіл өзіміз тереңдеп білмейміз. Қолда бар қадірсіз алтын секілді сезіледі осындайда Шарын каньоны.

Үш кезең – палеолит, мехолит, неолитке бөлінетін тас дәуірінің бастауы палеолит кезеңінде пайда болған Шарын каньоны біздің заманымызға дейінгі 2,6 миллион мыңжылдықтардан бері бар.

Шарын шатқалы мемлекеттің қырағы қадағалауындағы нысан. 2004 жылы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. 127 050 гектар аумақ қарайтын табиғи паркте палегон дәуірінен бері өсіп келе жатқан Шарын ерені жайқалып тұрған тоғай, ландшафты-палеонтологиялық қамалдар қорғаны Шарын шатқалы ерекше қамқорлыққа алынған. Мемлекеттік парк басшыларының түзген жоспары бойынша туристік бағыттар үш салада өрбиді: Шарын ерен тоғайын аралаған туристер бес миллион жылдан бері жасап келе жатқан соғды ерен ағашын көреді. Тоғайдағы тұтасқан, ит тұмсығы өтпейтін жыныста жеті адам құшақтаса діңіне құлашы жетпейтін алып ерендер бар. Мұндай ерен ағашы елімізді былай қойғанда әлемде көп жерде өспейді. Орыс тілінде ясень деп аталатын жасыл желек Шарыннан өзге жер шарында АҚШ-тың Невада штатына қарасты «Гранд» шатқалында ғана өседі. Шарындағы ерен тоғайына 1964 жылы сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысымен республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші деген статус беріліп, ерекше қапқорлыққа алынған.

АҚШ-тағы каньонды тамашалауға жыл сайын әлемнің әр қиырынан екі миллионнан аса турист барады екен. Шарынның да адамзаттың таңдайын қақтырар кереметтері жетерлік. Тек соны ұқсатып, көрсете алсақ болғаны.

Аспалы көпір туристерді қызықтырса...

Аяғы жеткен әншілер, күймесімен кеп күйшілер клип түсіріп, жергілікті биліктің бишігіндегілер мәртебелі мейманын күтетін ғана орын санап, қамсыз жүре берсек, туризм тоқырайды. Рас, жыл сайын ел ішінен және шет елден табиғаттың тартуын тамашалаушылардың қатары артып келеді. Осы құбылысты көре білгендігінен болар құзырлы мекемелер Шарын шатқалына туристерді көптеп тартудың сан тарау жолдарын жүзеге асыруды қолға алды. Сондай ақжолтай игіліктің бірі – аңғардың арасындағы кеңістікке салынып, үстірттің о шеті мен бұ шетін жалғайтын аспалы көпір.

Былтыр Кеген ауданында инвестициялық форум өткен болатын. Ауданның экономикалық әлеуетін көтеруге инвестор тарту мақсатында ұйымдастырылған форумға қатысушы кәсіпкерлер мен инвесторлар осы Шарын шатқалында салынатын аспалы көпір мен туристік орынға аса қызығушылық танытқан-ды.

2013 жылы америкалық арқанмен жүруші «өрмекші адам» Ник Валленда Колорадо каньонының қос жарлауытын арқанмен жүріп өтіп, күллі әлемді өзіне қаратты. Никтің 457 метр биікте, ешқандай да қауіпсіздік шараларын қолданбастан, қолына тек құрықтай ағаш ұстап қана жуандығы білектей арқан үстімен құлама құздардың арасын жүріп өтуі ерлікке пара-пар іс расында. 247 метрді 22 минут 54 секундта өндірген Никтің жанкешті жүрісіне таңданбаған, тамсанбаған, қол соқпаған адам кемде-кем. Адамзат баласының қандай қиындық болмасын көздеген мақсатын орындауға мүмкіндігі мол екенін 34 жастағы Ник ноян осылай дәлелдеген. Шарын шатқалынының да қолат-қолатын жалғайтын аспалы көпір болады. Ник Велленда секілді жүрек жұтқандар ғана емес, әркім де аспалы жолмен емін-еркін жүріп, тұмса табиғаттың ерекше сыйын тамашалай алады.

Сапалы сервис – сананың өскендігі

Шарын шатқалында, жалпы ұлттық паркке қарайтын аймақта сирек ұшырасатын аң-құстың сан түрі мекендейді. Алуан түрлі өсімдіктің 1500-ге жуық түрі өсетін өңірдің жері сортаң болғанымен, топырағының құнары ерекше. Орман-тоғайында сайраған құстардың 100-ге тарта түрі, аң мен жорғалаушы жәндіктердің 60-тан астам түрі осы өңірде мекен етеді. Туристерге Шарын шатқалында мекендеген аң-құсын көрсетіп, қызықтырамыз деуге келмес. Мұны шатқал туралы ізденіп, оқып-білгісі келетіндерге бағдар болсын деп жазып отырмыз.

Қуанарлығы, соңғы жылдары Шарын шатқалы туралы ғаламтордан ақпарат іздеушілердің саны артыпты. Әсіресе шетелдіктердің. Google-ден, Яндекс-тен Шарын сөзін жазу арқылы ақпарат алып, Youtube каналынан бейне, аудио жазбаларды көріп, тыңдаушы шетелдіктердің қарасы көбейген. Олар не үшін іздейді? Әлемде екі ғана мемлекетте бар болса, соның бірі, Азия құрлығында орналасқан Шарын шатқалын көруге әркім де құштар, ынтық. Біз сол ынтыққан адамның ынтызарлығын ояту үшін қайтуіміз керек? Өте көп жұмысты игеру міндеті тұр мойнымызда. Ғаламтордан ақпаратқа қанығып, жер жағдайын ұғынып, ат-көлігін сайлап жолға шыққан шетелдік туристердің талғамынан шығатындай сервис бізде әлі жоқ. Туристің тоқтап түсетін, барлық талапқа сақадай-сай жабдықталған қонақүйіміз тағы да жоқ. Қайтпек керек?

Сұрағымызға Шарын шатқалында қолға алынған ірі жобаның жай-жапсарынан жауап табамыз. «Park Canyon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылы Шарын аңғарына аспалы көпір салу жұмыс бастайды. Жалпы бюджеті 1,5 миллиард теңгеге бағаланған ауқымды жоба салынып бітсе, туристер ұзындығы 200 метр аспалы жолмен 80 метр биіктікте аңғарлардың арасында жүріп, табиғаттың ғажайыбын төбеден тамашалай алады.

Былтыр Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Алматы облысының Райымбек ауданы бөлініп, бұрынғы Кеген ауданы өз алдына еншісін алып шыққан болатын. Бұған дейін сан мәрте бөлініп, қайта біріккен бұрынғы Кеген мен Нарынқол аудандары ірілендіріліп, Райымбек ауданы болған. Былтырдан бастап екі аудан бөлініп, шекаралық аймақтағы аудандардың әлеуметтік әлеуетін көтеру мақсатында көптеген игілікті істер қолға алынып, жүзеге асып жатыр.

Шарын шатқалы Кеген ауданының территориясында орналасқан. Осы ауданның әкімі Талғат Байәділов Шарын шатқалында салынатын кешен жайындағы сөзін былай сабақтады. «Сәтін салып, кәсіпкерлердің жоспары бойынша жобамыз жүзеге асса, жыл сайын ел қазынасына 47 миллион теңге табыс түседі. Құрылысты жүргізуге яғни үш бағыттағы аспалы көпірді салуға 24 гектар жер телімі бөлініп, сызылып белгіленіп берілді. Осы жылы құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталады. Аспалы көпір келесі жылы пайдалануға беріледі деген сеніміміз бар. Аспалы көпірді ел игілігіне жаратсақ бірнеше адамға тұрақты жұмыс орны ашылып, жұмыссыздықтың азаюына да септігін тигізеді». Аудан әкімінің айтуынша үш таған аспалы көпірдің құрылысымен қатар Шарын шатқалында 40 адамға арналған заманауи үлгідегі қонақүй салу жұмысы қатар өрбиді.

«Жол азабын жүрген білер» деп, бұған дейін Шарын шатқалын тамашалаушы туристердің көлігі Көкпектіні көктей өтіп, мидай жазығына шығып, Торыайғырдың табанына ілінгеннен бастап-ақ шоқырақтап, ойқы-шойқы жолға түсетін. Өкпе-бауырыңды қолыңа ұстатардай солқылдататын сүрлеумен селкілдеп отырып 12 шақырым жол жүретін. Былтырғы жылы ен далаға енші байланып, қалыңдығы қарыстан асатын асфальт төселді. Бұдан былай Шарынға келгісі келетіндерді жол азабы мазаламайды.

Соңғы жылдары елімізге оның ішінде Алматы облысының көрікті орындарын аралауға келуші туристердің саны қауырт өспесе де, біртіндеп көбейіп келе жатқаны көңілге медеу. Мәселен былтырғы жылы Алматы облысындағы демалыс орындарына 721 мыңнан аса турист барып, бюджетке 8,7 миллиард теңге табыс түсіпті. Алматы облысы туризмді өрістетіп, табыс табу көрсеткіші жөнінен еліміз бойынша елордамыз Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан кейін үшінші сатыда тұр.

Кемшін істер әлі көп

Солтүстік Америкадағы Колорадо каньонын көруге жыл сайын келетіндердің саны екі миллионнан асады деп тамсанып отырмыз. Колорадо шатқалына шартараптан келушілерді тартатын нендей күш? Ғаламторға кіріп, Колорадо каньоны туралы іздесеңіз алдыңыздан мың сан дерек те, дәйек те, қызықты бейнежазба да, тіпті сол жерде түсірілген көркем фильмдер, Колорадо каньонының Жаратқан қалыптаған кезінен бермен қарайғы тарихы тасқа басылғандай анық айтылатын деректі фильмдерді де табасың. Ғалымдарды ой-тұжырымдары, әйгілі саяхатшылардың таңдай қағып тамсанып отырып жазған естеліктерінен де көз сүрінеді. Осыдан кейін қалай Колорадоны көрушілердің көңілі қызықпайды?

Шарын шатқалы туралы да деректі фильм түсірілсе, үш тілде сөйлетіп, ғаламторға жүктеп қойсақ. Шарынның қорғандар аңғарындағы ғаламат сұлбалар, қолат-қолат құлама жардағы қызғылт топырақтан табиғаттың тұрғызған әртүрлі кескіндері, керек десеңіз, Колорадоның өзінде көп ұшыраспайды. Демек, Шарынның жарнамасын жайқалтып жіберсек, Колорадоны көргісі келетіндердің де көңілі қазақ жеріне, Алматы облысы, Кеген ауданы, Торыайғырдың бөктеріне қарай тартып тұратыны анық.

Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы жылдың 21 қарашасында «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жария болған мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы былай дейді: «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек».

Шарын шатқалы туралы да танымдық, деректі фильмді түсіріп, көрермендер назарына ұсыну арқылы туризмнің тамырына қан жүгірте аламыз. Шарын шатқалының қысқаша тарихы мен мәлімметтері жазылған түрлі форматтағы анықтамалық парақшалардың электронды нұсқасын әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы, тасқа бастырып келген туристердің қолына ұстатып та жарнамалауға болады.

Фото: sputnik.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға