Жаңалықтар

Шардара ауданынан 102 әлем чемпионы шықты

Шардара ауданынан 102 әлем чемпионы шықты
Фото: жеке мұрағаттан 31.10.2022 14:15 4072

Жақында Түркияның Анталия қаласында армрестлингтен ересектер, жастар және ардагерлер арасында өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 68 алтын, 66 күміс және 36 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. 43 рет ұйымдастырылған әлемдік бәсекеге 1700 білегі мығым спортшы бақ сынады. Ең қызығы елдің намысын қорғаған спортшылардың басым көпшлігі Түркістан облысы Шардара ауданының тумасы. Нақты айтқанда, бір ауданнан 28 чемпион шықты. Біз мұның сырын анықтадық.

1952 жылы Калифорнияның Петалума қаласында спорттың осы түрі жандана бастады. Америкалық журналист Билл Соберанес армрестлингтің дамуына қомақты үлес қосты. Ол қол күресінен (армрестлингтен) жарыс өткізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып, Петалума қаласында әр жылдың қазан айының екінші сенбісінде қол күрестен жарыс өткізіледі. 1962 жылы Билл мен Дейв Девото бірінші Әлем чемпионатын өткізіп, армрестлинг спорты әлем елдеріне тарауына жол ашты.

Қазақ ұлты ежелден батырлықты айқындағанда жігіттің білек күші мен ептілігіне, жүректің қайратына қарап, баға берді. Міне, армрестлингте білектің күші мен ептілігі керек, бәрінен бұрын батылдықты талап етеді. Демек қол күрес спортындағы жігіттерді бүгінгінің батырларына теңеуге әбден болады.

ХХ ғасырдың 90 жылдардың аяғында Шардара ауданында «ArmSport» кешені ашылып, армрестлинг спорты дами бастады. Ал мұның басында Арман Қарсыбаев тұр. Содан бері қарқынды дамып, талай жастың бабын баптап, бағын ашты. Сенесіздер ме, 102 Әлем чемпионы шықты. Бұл – әлемдік рекорд деуге толық негіз бар.

Шардара «ArmSport» клубы Қазақстанның спорт саласындағы әлемдік бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Бүгінде өңірдегі спорт кешеніне еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар келіп, байрақты бәсекелерге дайындалады. Тіпті шет елдің білекті жігіттері арнайы келіп, тәжіри алмасып, дайындалуға жиі ынта білдіреді.

Үнемі спортшылар бабында жүруі оңай емес. Егер бапкер әр спортшының қабілет-қасиетін танып, соған сай жүктемені беріп, дер кезінде демалдырып, психологиялық тұрғыда дайындауы маңызды. Осы тұрғыда алғанда, шардаралық спортшылардың бағы бар. Өйткені, онда Ғани Үсенұлы, Нұржан Туракулов, Сейфулла Нурхаликов, Бақдаулет Турманов, Бақберген Аманов, Асан Байғозиев , Дархан Асылбеков сынды өз ісіне бірілген мамандар бар.

 «Shardara ArmSport» клубының аға жаттықтырушысы Ғани Үсенұлы:

– Елде қол күрес спорты өте қарқынды даму үстінде. Бүгінде біздің спорт кешеннен 3-4 әлем чемпионы атанған спортшылар бар. Олардың арасында Қыдырғали Оңғарбаев, Талғат Ақтаев, Мағжан Шамиев Райхан Шымболат, Дархан Нұрдәулет, Сарыбай Ердәулет, Нұрмахан Ердәулет және т.б. ерекше атауға болады, – деді.

Биыл Қазақстанның әлемдік спорт саласындағы жетістіктері аз болмады. Көптеген жастар елдің көк туын әлемдік аренада көтеріп, әнұранды шырқатты.

Жалпы, елімізде соңғы кездері балалар арасында спортқа баса назар аударуда. Түрлі тегін секциялар мен үйірмелер және спорт кешендері жұмыс істеуде.

Саябақтарда, аулаларда түрлі спорт алаңқайлары бар. Балалардың спортпен айналысуы үшін де мектептерде үйірмелер қарастырылған. Олардың барлығы бірдей тегін болмағанымен, спортқа бет бұрып жатқан жастардың қатары аз емес.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға