Жаңалықтар

Шанхайдағы Қытай ЭКСПО-да Қазақстанның ұлттық стенді ашылды

Шанхайдағы Қытай ЭКСПО-да Қазақстанның ұлттық стенді ашылды
Фото: gov.kz 05.11.2023 22:01 827

Қытайдың алтыншы халықаралық импорт көрмесі (China International Import Expo) 5-10 қараша аралығында ҚХР, Шанхай қаласында өтеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Қытайдағы қазақстандық делегацияны Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов басқарады, ол көрменің ашылуына қатысып, Ұлттық павильондардың жұмысымен танысты.
Биыл Қазақстан өзінің экспорттық, инвестициялық, логистикалық, туристік және инновациялық әлеуетін екі стендте ұсынуда – елдік және коммерциялық. Қазақстанның Шанхайдағы ЭКСПО-дағы ұлттық стендін ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев таныстырды.


Ұлттық стенд алаңында Kazakh Invest, Kazakh Tourism, KazakhExport, ҚТЖ, Air Astana, Қазпошта, ҰАТ және басқа да компаниялардың тіректері орналасқан. АӨК секторын Ет одағы, Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығы, Астық одағы және Азық-түлік корпорациясы ұсынады.


Қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық импорт көрмесіне қатысуын ұйымдастырушылар ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен экспортты мемлекеттік қолдау шараларының операторы QazTrade және Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының елшілігі болуда.


Арман Шаққалиев атап өткендей, біздің еліміз Орталық Азия аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Қазақстан өңірде дәнді және майлы дақылдарды өндіру және экспорттау бойынша жетекші орынға ие.


«Бүгін еліміз бен ҚХР арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін экспорттау бойынша 21 хаттамаға қол қойылды, бұл АӨК тауарларын Қытайға жеткізуді едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте, Қазақстан экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына экспорты көлемін кеңейте алады. Тек өсімдік майлары мен шрот бойынша экспорттық әлеует 300 млн долларды құрайд»", - деді Арман Шаққалиев Ұлттық павильонның тұсаукесері барысында.


Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда сиыр, қой және құс етін өндірушілердің үлкен мүмкіндіктері бар.
Қазақстан мен Қытай арасында сауда логистикасы табысты дамуда, темір және автомобиль жолдарын, авиацияны қамтитын маршруттық желі құрылды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автокориді Еуропаға жүктерді қысқа мерзімде - 10-12 күнде жөнелтуге мүмкіндік береді.


Арман Шәкқалиевтің айтуынша, Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналуға зор күш салуда. 2014 жылдан бастап Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істеуде. 2023 жылдың мамыр айында Сиань Құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды.


«Алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол жолдарын салу, Қытаймен шекарада үшінші теміржол пунктін ашу, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салу жоспарлануда. Яғни, Қазақстан Еуропа мен Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, Батыс бағытта жүктерді тасымалдау үшін барынша қолайлы жағдай жасайды», - деп атап өтті Сауда және интеграция министрі Қазақстанның логистикалық әлеуетін көрсете отырып, Шанхайдағы импорт көрмесінің ашылуда.


Инвестициялық мүмкіндіктер туралы айта келе, Арман Шакқалиев ҚХР-дің Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың көшбасшыларының бірі екенін айтты.


«Қазақстанға Қытай инвестицияларының жалпы ағыны 2005 жылдан 2023 жылға дейін шамамен 23,4 млрд долларды құрады. «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында жалпы сомасы 21,1 млрд долларға 52 бірлескен жоба іске асырылуда. 2015 жылдан бастап 27 жоба іске қосылды», - деп нақтылады ҚР Сауда және интеграция министрі.
Бүгінде қытайлық инвесторлар үшін үш басым бағыт анықталды: логистика, АӨК дамыту және тауарларды терең өңдеу.


Қазақстан Қытайдың ЭКСПО-на 2018 жылдан бері тұрақты қатысып келеді, осы уақыт ішінде 160 компания өз өнімдерін CIIE алаңында ұсына алды. Бес жыл ішінде 250 миллион долларлық келісімшарттар жасалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға