Жаңалықтар

Шалажансар жобалардың қатары сиреп, сауатты бағдарламалардың саны артуы үшін...

Шалажансар жобалардың қатары сиреп,  сауатты бағдарламалардың саны артуы үшін...
16.07.2018 05:58 2434

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жеке дара бөліп алып қарастырған болатын. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Отансүйгіштіктің бастауы туған жерден шығады. Өзіңнің туған еліңді сүю, туған  жерге деген қамқорлық әрбір қазақтың қанында бар дүние. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап туған жер қасиетті мекені саналады. Сондықтан, туған жерге деген қамқорлық әр адамның парызы, міндеті. Демек, біз болашақта осы міндетті арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырып, туған жердің, туған елдің алдындағы парызымызды өтеуге күш салғанымыз абзал» деген еді.

Сөйтіп, Елбасының  атап көрсетіп отырғанындай, елімізде «Туған жер», «Туған жерге тағзым» атты арнайы жобалар жұмыс істей бастады. Осының нәтижесінде бірқатар елдерде жаңа нысандар ашылып, біршама кәсіп иелері, атқамінер азаматтар өздерінің туған жерлеріне деген қамқорлығын арттыра түсті. Бұдан шығатын қорытынды, кішігірім ауыл-аймақтарда атап айтарлықтай көз қуантарлық мәдениет орындары, жастардың демалыс орындары, шағын бизнес орталықтары өз жұмысын бастап та кетті.

Негізінен, «Туған жер» бағдарламасы үш бағытта жұмыс істейді. Нақтылап көрсетер болсақ, олар мынадай нақты бөлімдерге бөлінген:

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Бұл бағыт бойынша қоршаған ортаны абаттандыруға, экологияны жақсартуға, тарихи және мәдени нысандарды қалпына келтіруге баса мән беріледі.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық көрсетуге үндейді. Бұл бағыт арқылы кәсіпкерлерді, атқамінерлерді, меценаттарды туған жерді көркейтуге ұйымдастырады. Осы бағыт бойынша халықты отансүйгіштікке, туған жерге деген жанашырлыққа баулуға болатыны даусыз.

Үшінші, туған жеріне көмек көрсеткен азаматтарды құрметтеп, олардың еңбегін насихаттап көрсетіп отыруға арналған бағыт. Бұл бағыт арқылы тиянақты іс атқарып отыруы керек. Жергілікті әкімдіктер аяқталған істі бақылап, қадағалап, осы бағытта жұмыс істеген азаматтарды үнемі дәріптеп отыруы тиіс.

Бағамдасақ, аталмыш бағдарламаның үш бағыты да бірін-бірі қадірлеуге, дәріптеуге, елді-халықты құрметтеуге басымдық береді. Жалпы, бағдарлама тұрғысында ғалымдардың айтар өз ойлары бар. Мәселен, тарихшы ғалым Жанболат Әлжаппаровтың айтуынша, бұл көтеріліп отырған мәселелер ауыл-аймақты дамытуға, өркендетуге барынша серпін береді. Бұған қатысты Жанболат Әлжаппаров: «Елбасы ұсынып отырған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жеке-дара бөліп алуында үлкен мән бар. Аталмыш бағдарламаның халыққа берер жақсылығы мол. Мысалы, мен өзім Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының тумасымын. Қазірде осы бағдарлама аясында еліміздегі кәсіпкерлердің біразы ауданымызда тарихи-мәдени орындарға жаңарту, мұражайларға, мәдени орындарына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, елді-мекендерге де жастар демалатын саябақтар, мәдени орындар, су бұрқақтар салынды. Шағын кәсіпорындар ашылды. Халық жұмыс орындарымен қамтылды. Ал, бұл дегеніңіз — кішігірім ауылдарға үлкен көмек емес пе?! Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасының халыққа берері мол. Демек, аталмыш бағдарламаны салмақты қабылдап, салиқалы іс тындырғанымыз абзал» деді.

Бірлікке бастайтын жол....

Негізінен, мамандардың пайымдауынша, бағдарлама мақсатының өзі елдің бірлігін, ынтымағын арттыруға негізделген. Бұл бағдарламаның мақсатын  бірқатар зиялы қауым өкілдері бірлікке бастайтын жол екенін де нақтылып отыр. Мәселен, бұл ретте экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов:

«Кезінде, білесіздер, Елбасының көреген саясатының нәтижесінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жайы қолға алынды. Осының арқасында көптеген кәсіпкерлер әлеумет алдындағы жауапкершілігін сезініп, туып-өскен ауылдарына газ-су, құбыр тартып бергендер де болды. Мешіт салдырғандарда бар. Тіпті, ауылынан қалаға дейін сапарлайтын жолдарды жөндеп бергендер де табылды. Міне, астарына үңілсек, «Туған жер» бағдарламасының жауапкершілігі осындай. Мен өзім Қарағанды қаласының тумасымын. Сол Қарағандының Шет ауданында да аталмыш бағдарлама бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәдени орындар күрделі жөндеуден өтікізіліп, кәсіпкерлер тарапынан ауыл-аймақтарға көмектер көрсетілуде. Енді болашақта осы бағдарлама бойынша қызу жұмыстар атқарылса бұл бағдарламаның өзі бірлікке бастар жол деп білемін. Бірлесіп атқарылған шаруа қашан да берекелі болады емес пе?! Сондықтан, бұл бағдарлама аяғына дейін берекелі болса деймін» деді.

Осылайша, зиялы қауым өкілдері «Туған жер» бағдарламасының тұғыры биік болса дегенді алға тартып отыр. «Ол үшін әрине, жергілікті орындар бақылау, қадағалау жұмыстарына тиянақты болуы тиіс» дейді мамандар.

Кәсіптің нәсібін сезіндіріп отыр

Абзалында, бағдарламаға қатысты бірқатар деректерге жүгінсек, бір ғана Шымкент қаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында 31 млрд 467 млн теңгені құрайтын 577 жоба жүзеге асыпты. Солардың ішінде 260 орындық балабақша құрылысы, этно ауыл құрылысынан бөлек, ауылды-аймақтарға электр желілерін тарту, жол жөндеу, сумен қамтамасыз ету тәрізді ауқымды жұмыстар тындырылған. Әрине, мұның барлығы кәсіпкерлер есебінен атқарылып отыр. Осылайша, бүгінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының халқы кәсіптің нәсібін сезініп отырған жайы бар. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Туған жерге тағзым» аясында 2009-2017 жылдары 141 млн 760 мың теңгені құрайтын 53 жоба жұмысы өз жұмысын аяқтаған. Оның ішінде әлеуметтік нысандар, саябақтар, мұражайларды жөндеу, мешіттер салу, жол-құрылысы тәрізді бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұл елді-мекеннің халқы да «Елбасының саясатына қолдауларын білдіріп, аталмыш жоба аясында барынша ашық әрі ұтымды жұмыс істеуге күш салынса» дейді. Осы іспетті бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы да қалыс қалмай, кәсіпкерлер бұл облыстарға өзіндік қамқорлықтарын көрсетіп келеді. Әр елден шыққан кәсіп иелері өз туған жерлеріне ескерткіштер, футбол алаңдарын, балаларға арналған спорт кешендерін салып беріп, қазірде бұл нысандар жас ұрпақтың игілігіне қолданысқа  берілген.

  «Елім, жерім» дейтін ұрпақ тәрбиелеу — парызымыз...

Жалпы,  аталмыш бағдарламаның тағы бір өзектілігі — бұл жас ұрпақты Отанды, елді, жерді сүюге бағыттайтындығында. Бұл ретте бірнеше жыл ұстаздық еңбек етіп жүрген оқу ісі саласының үздік мамандары «жаһандану заманында қазақылығымызды сақтап қалу үшін мұндай бағдарламалар ауадай қажет» деп отыр.

 

 Гүлнар Әбсалықова, оқу саласының үздігі, ұстаз:

«Мен Елбасының көтеріп отырған бастамасын «мемлекетіміздің өзегі» деп білемін. Сондықтан да, ол кісінің ұстанған бағытын қолдаймын. Аңғарсақ, «Туған жер» бағдарламасы — «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласының негізгі өзегі. Біз аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жауапкершілігі үлкен екенін сезінуіміз керек. Біз, ұстаздар, осы бағдарламаның бірінші бөліміне басымдық беріп, білім беру аясында жас ұрпақтың рухын көтеруге, тарихын, дінін дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеуге күш салғанымыз абзал. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегенді заманында Мұхтар Әуезов бекер айтқан жоқ. Қазіргі жас ұрпақ жаһандану заманының өрені. Бүгінде «ХХІ ғасыр» деп қойып, небір сұмдықтарды бойына сіңіріп өсіп келе жатқан өскелеңдер де бар. Ал, оларға туған жер, ел, ұлттық сана жайында айта аласың ба?! Қазір бірқатар жастар бұл тақырыпқа мүлде бас қатырғысы келмейді. Біз үшін үлкен қорқыныш осы. Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасының негізгі өзегі жастардың Отанға, елге, туған жерге сүйіспеншілігін арттыру екенін баса ұстануымыз керек. Осыған орай нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Ол үшін, әрине, білім ордаларында түрлі мәдени-ғылыми шаралар өткізіліп отырылуы қажет. Осы арқылы біз ұрпақтың санасына қозғау салып отырғанымыз дұрыс».

Міне, ұстаздар қауымының пайымынша, бағдарлама арқылы ұрпақтың санасына сілкініс орнатып, отансүйгіштік қабілетін арттыруға күш салу қажет. «Сөйтіп, бағдарламаның үш бағытын үш таған тәрізді тең ұстай білсек, бұл бағдарлама толығымен жүзеге асып, халықтың игілігіне жұмыс істей бастайды» дейді мамандар.

Не істеу керек?

Бағдарламаның  толыққанды жұмыс істеп кетуі үшін болашақта елімізде қандай шаралар атқарылуы керек? Мамандар бұл ұтымды шараның 100 пайыз жұмыс істеп, әрі қарай ел игілігіне жұмыс істеуі үшін мынадай жайттарға баса назар аудару қажеттігін алға тартады:

а) Бірінші кезекте білім ордаларында бағдарламаның насихаты артуы қажет. Жоғары сынып оқушыларына қосымша өлкетану сабақтары өткізіліп, жас ұрпақ өз туған елінің тарихына сусындап өсуі тиіс. Туған жердің қадірін арттыру үшін ата-бабаларымыздың толарсақтан қан кешіп жүріп, ел мен жерді қорғау үшін жасаған ерліктері үнемі дәріптеліп отырғаны жөн. Туған жерге деген сүйіспеншілікті санасына сіңіру арқылы ұрпақтың тәрбиесін мағыналы етіп, тәлімін, білімін заманға сай арттыра аламыз.

ә) Кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілігін тереңдету қажет. Кәсіп иелері туған жерлеріне жақсы іс жасай отырып, өзгелерге үлгі болуы үшін азаматтарымызды үнемі БАҚ арқылы насихаттап отырған абзал. Оларды ел алдына шығарып марапаттау жергілікті әкімдіктерге міндеттеліп, жүктелуі тиіс. Сол кезде барып азаматтардың есімі жалпақ жұртқа ашық таныла бастайды. Бұдан барып олардың да жұмыс істеуге деген талабы артып, жақсылық жасауға асығып тұратын болады.

б) Жалпы, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда жекеменшік жергілікті билік формуласы жүзеге асырылатындықтан, осы екі тараптың жұмысында ашықтық болуы тиіс. Бөлінген қаржы ашық жарияланып, есеп-қисап көлеңкелі болмауы қажет. Ең бастысы, қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуі керек.

Міне, ең бастысы осы үш бағыт нақты қолға алынғанда ғана бағдарламаның ғұмыры ұзақ әрі пайдалы бола түседі. Сондықтан, мамандар тарапынан аталып отырған осы жайттарға барынша назар аударғанымыз абзал.

Негізінен, қазірде қандай да болмасын бағдарламалар халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталып жатқандықтан, әсіресе, жергілікті органдар осы жайттарға басымдық беріп, бағдарламаның сауатты орындалуына күш салғаны жөн. Сонда ғана бізде шалажансар жобалардың қатары сиреп, сауатты бағдарламалардың саны артады. Ал, сауаттылықтың қай кезде де ұтымды тұсы  басым екенін ескерсек, бізге нақ қазір аса жауапты әрі сауатты болған жөн-ау...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға