Жаңалықтар

ШАХАН ЖОЛДАСБАЕВ: ӨМІРДІҢ БИІК ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН АЗАМАТ

ШАХАН ЖОЛДАСБАЕВ: ӨМІРДІҢ БИІК ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН АЗАМАТ
15.07.2019 15:04 7514

Тәуелсіз Қазақстанның әр аймағында өзінің дара жолы мен еткен еңбегі, халыққа тигізген пайдасының арқасында елдің алғысына бөленген азаматтардың қатары көп. Алайда, өмірде қиындыққа ұшырап, тағдырдың күтпеген тауқыметіне тап болған адамдар да аз емес.

Тағдырдың тосыннан жіберген ауыртпалығына өзінің жігер күші, жақындарының қолдауымен қиындыққа қарсы тұрып, жеңіп шыққан азаматтар да бар. Ол әркез ақтөбеліктер зор мақтанышпен айтатын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, жақында ғана Италия мемлекетінде өткен жүзуден Әлем кубогының Алтын медаль иегері – Шахан Жолдасбаев.

IMG_20190712_150746.jpg

Осы орайда Шаханды жеңімпаз атанып, еліне чемпион болып оралуымен құттықтап, оның өмір жолын, жеткен жетістігін, қайсарлығы мен алға талпынысын жастарға үлгі ретінде көрсету мақсатында Ақтөбе облысы ҚХА тақырыптық кездесу өткізді.

Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Б. Снабаева «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ш. Жолдасбаевтың өмірдегі сүрінісін, кездескен қиындықтарын, басты ұстанымы жайлы сыр шертті. Одан әрі ол Шаханның ізгілікті істеріне тоқталып, әсіресе Ақтөбе қаласы үшін «Пандус Ок» әлеуметтік жобасының маңыздылығына тоқталды.

Ал, тақырыптық кездесудің негізгі кейіпкері – Шахан өз сөзінде мамыр-маусым айларында Италияның Линьяно Саббьядоро қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жүзуден өткен Әлем кубогында жеткен жеңісіне тоқталып, дайындығының қалай жүргендігі туралы, жеңіс тұғырына көтерілу әсерімен бөлісті.

Шаханның айтуынша: «Өмір маған қиын кезеңді бастан өткізуімді жазды. Мен өз болашағамның мүгедектік арбаға тәуелді болатындығын басында қабылдай алмадым. Кейін анамның арқасында, сол кісінің қолдауымен мен өмірге қайта оралғандай болдым. Спортпен айналыса бастадым, жаттығуларды көбірек жасап, өз-өзімді қайрадым. Өмір сүруге деген құштарлығым, анам мен екі қарындасымның келешегі үшін өзімді шыңдай түстім. Нәтижесінде осындай жетістікке жеттім. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Ал, осы күнге жетуіме зор үлесін қосқан анама деген ризашылығымда шек жоқ. Анам менің – мотиваторым!», - дейді жеңімпаз.

IMG_20190712_150837 (1).jpg

Бұдан соң, «Алып та, батыр да анадан туады» демекші, Шахандай азаматқа жарық дүние сыйлаған анасының құрметіне Ақтөбе қаласындағы Қазанғап мектебінің оқушысы, республикалық байқаулардың жүлдегері Д.Мусина «Ана туралы» ән орындап берді. Кейін Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы, республикалық «Жас талант» байқауының жеңімпазы Ж. Қуанышева торғайлық ақын С. Әбеновтың «Әкелердің орны бөлек» шығармасын оқыды. 

Ал, арнайы Шалқар ауданынан келген К.Жолдығалиұлы Шахан ағасына арнап «Өрнек» күйін орындап берді. Кездесуде қатысушыларды ерекше толғандырғаны Ш. Жолдасбаевтың өмір жолы туралы дайындалған бейнежазба болды. Онда спортшының алаңсыз балалық шағы, студенттік өмірі, қызмет сатысындағы еңбегі мен тосыннан келген соққы, қиын күндері, қайсарлығы, тағдырға жеңілмеуі, бақытты отбасы, спорттағы жетістіктері тізбектелген.

Шара барысында облыстық ҚХА жанындағы аналар Кеңесінің мүшелері де Шаханның шыңға жетем деген шын талпынысына қуанып, алған марапаттарына риза көңілдерін білдірді. Сондай-ақ, кездесуде «Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығы» ҚБ төрағасы К. Цхай мен Ақтөбе қаласындағы «Рухани жаңғыру» Жоба кеңесінің бөлім басшысы А. Маханова да өз тілектестіктерін білдірді.

Көптің көңіліне ой салатын кездесуде қатысушыларға өмірдің сан түрлі сынағына түсіп, сүрінбей қайта тұрған, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, халықаралық параолимпиада ойындарының жүлдегері, жас кәсіпкер Ш. Жолдасбаев туралы кеңінен ақпарат берілді.

Іс-шараның соңында кеш иесіне облыстық Ассамблея атынан Алғыс хат табысталды. Кездесу соңында қатысушылар Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхананың дайындаған «Рухани жаңғыру» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» көрмесін тамашалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға