Жаңалықтар

Шахтадағы апат: премьер-министр апатқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді

Шахтадағы апат: премьер-министр апатқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі 01.11.2023 20:45 2548

Премьер-министр Әлихан Смайылов «шахтадағы апатқа қатысты кінәлілер жазаға тартыла ма, инвестор қалай таңдалды, мемлекет компанияны өз меншігіне ала ма, ендігі инвестор кім болады?» деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әлихан Смайылов президент «ең сәтсіз инвестор» деп атаған Лакшми Миттал Қарағанды шахталарына меншік иесі ретінде қалай таңдалғанын айтты.

1996 жылы меншік құқығы «АрселлорМиттал Теміртауға» берілді. Өте қиын кезең болды, экономикалық құлдырау мен үлкен инфляция болды, өндіріс деңгейі төмендеді, жалақы уақытылы төленбеді. Ел үшін өте қиын уақыт болды. 30 мыңнан астам адам жұмыс істеген өндірісті сақтау маңызды міндет болды. Сондықтан болар осындай шешім қабылданды, - деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кінәлілер жазаланады.

Кінәлілерге келетін болсақ, тергеу жүргізілуде. Барлық кінәлілер жауапқа тартылады, - деп сендірді Смайылов.

Үкімет басшысы 100% иесі «АрселлорМиттал» компаниясы деп мәлімдеді.

Смайылов инвесторға қандай талап қойылып отырғанын айтты.

Ең басты талап – 3 жылдың ішінде 3 млрд доллар инвестиция сала алатын мүмкіндігі бар инвестор болуы керек. Бірінші кезекте – өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ету. Сосын зауыттағы барлық жабдықтарды жаңғырту, өндірісті кеңейту, әлеуметтік жағдайды сақтау, жалақыны уақытылы төлеу. 3 млрд доллардың кем дегенде 1,3 млрд долларын қазір салу керек. Қазақстандық болуын жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Оның сөзінше, Үкімет осы қайғылы оқиғаға қатысты өзінің жауапкершілігін түсінеді.

Қаза тапқандардың отбасыларына әріптестеріміздің атынан, өзімнің атымнан тағы да көңіл айтамын. Бұл жағдайға бәріміз де жауапты екеніміз түсінікті. «АрселлорМиттал Теміртаудың» қазіргі жағдайы, сол жердегі кеншілердің қайтыс болуы, инвестордың міндеттемелерін орындамауы – біздің де жауапкершілігіміз. Сондықтан біз кешірім сұраймыз және жауапкершілігімізді сезінеміз. Қазір біздің міндетіміз – жақын арада компанияны Қазақстанға қайтаруды қамтамасыз ету. Тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және жұмыс орындары мен жалақыны сақтап қалу, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау. Оның ішінде шахтерлердің қазасынан кейін жасалу керек міндеттемелер де бар, шахтерлердің отбасыларын қаржылық қамтамасыз ету. Біз осыны бақылайтын боламыз, - деді ол.

Премьер берген ақпаратқа сәйкес, мемлекет компанияның меншік иесі болу туралы жоспар жоқ екенін айтты.

Біз компанияны мемлекетке тапсыру рәсімдерін 30 қарашаға дейін аяқтауымыз керек. Мемлекеттің меншік иесі болу және ақша салу жоспарларына келетін болсақ, мұндай жоспар жоқ. Компанияны беру туралы алдын ала келісімге сәйкес, біз қазір егжей-тегжейлі жариялай алмаймыз. Олар мәміле аяқталғаннан кейін айтылады. Бұл жарты айға созылады, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға