Шахтада қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі

Ұлытау облысының әкімдігі кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығын көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиғаға байланысты аймақ басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.
Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай - бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза. Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады, – делінген көңіл айту жеделхатында.
Еске салсақ, 17 ақпанда "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі "Жомарт" кенішінде 640 метр тереңдікте тау жынысы опырылып, 7 жұмысшы үйінді астында қалды. Олардың аты-жөндері белгілі болды.
Шахта апатына байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Үйінді астында қалған жеті жұмысшының алтауының денесі табылды. Жетінші жұмысшыны іздеу жұмыстары жалғасуда.
