Жаңалықтар

Шахматта жеңіске жетудің кілті – стратегияда

Шахматта жеңіске жетудің кілті – стратегияда
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 04.11.2022 19:51 3044

Италияның Сардинияда қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Әсел Серікбай күміс, Меруерт Камалиденова қола медаль алды. Жастардың бұл жетістігіне қатты қуандық. Жалпы чемпионаттың барысы мен шахматшы қыздардың жетістікке жету сырын Меруерт Камалиденовамен сұхбаттасу барысында білдік.  

– Италияда өткен шахматтан әлем чемпионатына қола алқа иелендіңіз. Бұл алғашқы үлкен жеңісіңіз бе?

– Жалпы шахматтан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жүрмін. Бұған дейін де бірнеше жүлде мен марапаттар алдым. Олардың барлығы жас категория бойынша алған марапаттарым болатын. Мен үшін ең үлкен жүлде 14 жасымда қыздар арасында өткен Әлем және Азия чемпионы болуым.

– Әлем чемпионатына дайындық қалай өтті?

– Қандай да болмасын жарысқа қатысатын кезде кемінде 2-3 ай дайындаламыз. Дайындық жұмыстарының айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Шахматқа байланысты түрлі есептер шығарамыз, дебюттарды қараймыз және басқа шахматшылардың партияларын зерттеп, тактикасын білеміз. Түрлі әдістер мен есептерді ойластырамыз. Миды, ойды шынықтыру бойынша әртүрлі жаттығу орындаймыз.

Өз басым, дайындық жұмыстарына қатты мән бөлемін. Себебі спортшы ұзақ уақыт дайындалып, шынығады да жарыста нәтижесін көрсетеді.

Әлем чемпионаттарына Ержан Шакенов, Ануар Исмагамбетов, Павел Котцур, Александр Моисеенко шахмат өнерінің қыр-сырын терең меңгеруге жан-жақты жағдай істеп, жаттықтырады.

– Жалпы, 20 жасқа дейінгілер арасында бәсекелестік болды. Қай елден қанша спортшы қатысты? Кім мықты қарсылас бола білді?

– Италиядағы чемпионатқа 58 елден 66 шахматшы қатысты. Олардың жарысқа дейінгі рейтингісі әртүрлі болғанымен, жарыста қарсылас ретінде қарап, ойында сергек қарау керек. Себебі, әлем чемпионатына әр елдің ең мықтылары ғана жиналады. Әр шахматшының өзіндік стилі, өзіндік тактикасы бар. Ойын барысында аңғаруға болады.

Қарсыласым «эндшпиль» партиясын ұнатпаса немесе әлсіздік танытса, мен осы әдіспен ойнауға ұмтыламын. Шахмат ойнауда жеңу үшін стратегия құра білу маңызды. Тәжірибесі аз шахматшылар ойынның жеңіл жолынан бастайды. Мен күрделендіріп, түрлендіруге көшемін. Осылайша, қарсыласымды шатастырып, адастырудың жолын жасаймын.

– Шахматпен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз?

– Ең алдымен 5 жасымда шашки ойнаудан бастадым. Шашкиді әкем үйретті. 6 жасымда шахматты үйреніп, қызығушылығым арта бастады. Бала үшін шахмат қиын болғанымен, ойын шарттарын тез үйреніп алып кеттім. Әкем жұмыстан келгенде, шахматты алып «Кеттік, ойнайық!» деп, мазасын алатын едім, алайда кейін әкемді жеңе бергеннен, онымен ойнау бұрынғыдай қызық болмады.

Сөйтіп, өзімнен мықты ойнайтын, тәжірибелі адамдарды іздедім. Бірақ бала болсам да бірде бірінен жеңіліп көрмеппін.

Шахматтың шартары өте жеңіл, талпыныс болса, тез үйренесін. Күнде жаттықтырған жақсы көмектеседі, есеп шығару, ойындарды зерттеу және басқалардың ойының бақылап отырып та меңгеруге болады. 

– Таңдауыңыз дәл осы спортқа түсті? Сіз үшін шахматтың ерекшелігі неде?

– Шахмат – кең мүмкіндіктерге ие ойын. Мысалы, бір нұсқаны есептеп отырғанда, әр қадаммен ол бірнеше жолға тарайды. Кейде барлығы дұрыс болғанға таңғаласын. Өйткені, бірінші көзқарасында бұл жол дұрыс емес деп ойлағанда, ішінде құпиясы бар болып табылады.

Шахмат адамның психологиясына да жақсы әсер етеді. Ойланасын, толғанасын, есептейсін. Бұның барлығы мидың жұмыс істеуін жылдамдатады және тынықтырады.

– Бұл саладағы жетістіктеріңіз бен марапатыңыз туралы атап өтсеңіз. Ең алғашқы жүлдеңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде! Ең алғаш шахматтан қалалық жарыста қола жүлде алдым. Кейін Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионы атандым.

2015 жылы 10 жасқа дейінгілер арасында классикалық шахматта ел чемпионы атандым. 2017 жылы Азия чемпионаттарына қатысып, әрқайсысынан жүлдемен оралдым. 2018 жылы Тайландта өткен классикалық U14 бойынша екі дүркін Азия чемпионы болсам, 2019 жылы Үндістанда өткен классикалық U14 бойынша әлем чемпионы қанжығама байладым. Дәл сол жылы 14 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионын иелендім. Былтыр әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионы атанды.

– Спорт саласындағы кумиріңіз кім?

– Кумирім жоқ! Әр адамннын тек жақсы жерлерін алған дұрыс. Бір шахматшы варианттарды жақсы есептейді, екіншісінің техникасы жоғары деңгейде болады. Сонда даңқты ойыншының ерекшелігіне үйренуге тырысамын.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Арман-мақсаттарым өте көп. Болашақ жоспарларымен бөліспей, істе көрсеткенді дұрыс деп санаймын. Кейін осыдан үлкен жетістіктермен қуанта аламын деген ойдамын.

– Шахматтан әлем чемпионы атану үшін адамда қандай қабілет пен қасиет болуы маңызды?

– Ең маңыздысы ол – еңбекқорлық. «Бір пайыз ғана талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбекпен» келетін жетістікті ұстанамын. Табандылық пен шыдамды болу да маңызды.

Өз басым, істеген ісімді соңына дейін жеткізуге тырысамын. Адам істі орта жолда тастап кетсе немесе оны айналып өтсе, болашақта бәрі бір ол алдынан айналып қайтып келеді. Сондықтан әр істің қайыры бар екеніне сену қажет.

– Шахматтан басқа қандай спорт түрлерімен айналысасыз? Қандай да бір хоббиіңіз бар ма?

– Бала кезімнен спортқа жақын өстім. Гимнастика, жүзу, аралас жекпе-жек, йога, қолөнермен айналыстым. Барлық іске бейім болатынмын, тез қабылдайтын қабілетімді ұстаздарым байықап түрлі жарыстар мен конкурстарға жіберетін. Қай спорттың түрімен айналыссам да, шахматқа қарай үнемі бүйрегім бұрып тұратын. Сондықтан өзімді осы жолға қарай бұрдым. Бұл ісіме еш өкінбеймін. Он салаға қатысып мықты болғаннан гөрі, бір саланың үздігі болған дұрыс деп санаймын.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға