Жаңалықтар

Шақшақ батыр Көшекұлы

Шақшақ халықтан батырлық атты Ресей отаршылдарына қарсы күресте алған.
03.09.2014 10:11 3453

Шақшақ батыр Көшекұлы қазiргi Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Благовещенка селосы жерiне қарасты Гүлтөбе­Маманай қонысында 1740 жылы дүниеге келiп, 1832 жылы осы қоныста қайтыс болған батыр, би, шора (хан) болған адам. Шақшақ жас кезiнде Самарқандтағы медресенi тәмамдап, дiни бiлiм алған. Оның ақындық дарындылығы да болған екен. Одан қалған толғаулар бар, «Ақтық пен шақтық» атты толғауы сақталған.

Шақшақ халықтан батырлық атты Ресей отаршылдарына қарсы күресте алған. 1819 жылға дейiн Қызылжар уәлаятының шорасы болды. Марал ишан қозғалысын қолдады. Шақшақ биден 16 бала: Әйтемiр, Байтемiр, Ертемiр, Мiртемiр, Жантемiр, Өстемiр, Шынтемiр, Шойтемiр, Битемiр, Бектемiр (Сексен қажы атанып кеткен), Баһрам, Бауыржан, Есенжан, Қайыржан, Шағырай сал, Жанат серi. Бұл балаларының бәрi де өнерпаз, ел билеушi атақты адамдар болды.

Шақшақ би өз тұсында Петропавл қаласында мешiт­медресе салғызған. Есеней Естемiсов және тағы басқа көрнектi тарихи тұлғалар Шақшақ медресесiнен бiлiм алды.

Баһрам Шақшақұлы

Қазақ халқының  ХVIII  ғасырдың  соңғы  ширегі  мен ХIХ  ғасырдың  басында  өмір  сүрген  суырыпсалма  әнші­ақындарының әрі халық батырларының бірі – Баһрам Шақшақұлы.

Баһрам – әйгілі әнші­ақын, күйші, композитор, әрі ел қорғаны батыр, әрі атақты түйе балуан Сегіз сері өнерпаздың туған әкесі.

Баһрам 1779 жылы (доңыз жылы) наурыз айында қазіргі Солтүстік   Қазақстан   облысының   Жамбыл   ауданындағы

«Благовещенка» (Жекекөл) кеңшарына қарасты Гүлтөбе деген орманды, көлді қоныста Шақшақ би Көшекұлының шаңырағында дүниеге келіп, Омбы шаһарында 1826 жылы (ит жылы) жазда ауырып қайтыс болған (шежіре деректері бойынша).

Баһрам жас бала кезінде ауыл молдасынан оқып хадимше хат таниды, онан соң әкесі Шақшақ би Баһрамды Уфа, Қазан шаһарларындағы достарының үйлеріне қойып, сол қалалардағы медреселерде оқытады. Баһрам әуелі Қазан медресесінде оқып, оны жақсы бітіреді де, онан кейін Уфадағы медресеге оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Шақшақ би 1793 жылы (сиыр жылы) өзінің тоғызыншы баласы Баһрамды Самарқандағы таныстарының үйлеріне қойып, сондағы медресеге оқуға береді, оны тәмам еткен соң Бұхара шаһарындағы медреседе Баһрам екі жыл оқып, діни білімін жетілдіре береді. 1798 жылдың жазынан бастап ол жер­су үшін отаршыл әскерлермен болған соғыстарға қатысып, 1821 жылдың аяғына дейін Марал ишан Құрманұлын қолдап, күреске қатысады. 1821-­1826 жылдары аралығында Омбы шаһарында медреседе балаларға дәріс беріп, ұстаздық қызмет атқарады. Баһрам ақын кезінде «Жағыфар – Таһир», «Жанәбіл сардар», «Хамза балуан», «Қайғылы белдеу», «Дәулен батыр», «Таузар сардар», «Сойырғаш батыр», «Қара батыр» және басқа дастандар шығарған. Оның көптеген насихат өлеңдер де шығарғаны елге мәлім.

Баһрамның анасы Айман Атығай Құлеке батырдың қызы екен, ал оның зайыбы Жамал – Жаулыбай Қарауыл Қанай шешеннің Бақы деген баласының қызы.

Баһрам ақынның бар айыбы – шығармаларының дер кезінде жиналмай, зерттелмей қалғандығы.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға