Жаңалықтар

«Шаһнаме»

«Шаһнаме»
27.08.2014 04:22 2873

Фирдауси «Əвеста» кітабымен тікелей таныс болмаған. Бірақ Əбу Мансурдың прозалық «Шаһнамесін» молынан пайдаланған жəне дана қариялардың əңгімелерін де тыңдаған. Солардың қорытындысында «Шаһнамені» жырлаған. «Шаһнамеде» Иран елінің негізгі бəсекелесі ретінде Тұран елін суреттейді.

Фирдауси «Шаһнамесі» ежелгі дəуірден бастап күні бүгінге дейін Иран мен Тұранның арасындағы тарихи көпір іспеттес. Өйткені Иран мен Тұран тарихын нақты да айқын білу жəне жан-жақты зерттеу жұмыстарын жалғастыру үшін «Шаһнамеге» сүйенуге мəжбүр болды. Сондықтан «Шаһнаменің» екі елдің тарихи дерегі ретінде құнды дүние екені анық.

Фирдауси «Шаһнамесінде» қазақ жеріне, еліне қатысты көптеген мағлұмат берген. Соның бірі қазақ даласында орналасқан Тараз жайында екенін айтқан жөн:

Екі қасы Таразда иіліп соққан садақтай,

Кірпіктері қап-қара қатар өскен теректей.

Сұлу жүзді Таразда гүл жайнаған аруға,

Аттанады алдына сəлем бере баруға.

Тараз аруларын сəкі үстіне шығарды,

Сонда арулар да аймен сырласып жатты.

Шарап ішіп мастанып, думанды кешке кіреді,

Қара көз Тараз аруын қасына алып сүйеді.

Арулары Тараздың бой жетпеген уыздай,

Жаратқан оны Тəңірім əдеп пен наздан қауыздай.

Тараздық, ғұздық, хəллəждық небір күшті аттылар,

Бал татыған шыныққан отыз мықты аттылар.

Арулары Тараздың сұңғақ бойлы келеді,

Хан тағының алдында иіліп сəлем береді.

Даласында Тұранның ұшқан кезі бүркіттің,

Аруларын Тараздың иіскеген сəт хош иісті.

Сұлу əйел тараздық киімі бар үстінде,

Ұстайды өзін əдепті, байсалды мамық төсекте.

Отыр екен ол əлі түн ортасы ауғанша,

Тараз аруларымен құмары əбден қанғанша.

Көтеріп айт дауысыңды – мадақ көріп естісін,

Ұлы Шын, Рум, Тараз елдері, бүкіл əлем естісін.

Əсəди Туси – Əбунəсір Əли ибн Ахмет Туси – Иран ақыны. Хорасанда шайқастар өрши түскен кезде селжұқтар жеңіске жетіп, Ғазнауи əулеттері биліктен кетуге мəжбүр болған аласапыран заманда туған өлкесін тастап, Иранның батысындағы Əзірбайжанға қоныс аударған. Ол жерде Нəхжəван патшасы Əмір Əбу Долф Кəркəри сарайына жол тауып, оның уəзірі Ысмайылұлы Мұхаммедтің қолдауымен 1064-1066 жылдар аралығында Фирдаусиға еліктеп, төрт мың бəйіттен тұратын «Гəршасб наме» эпопеясын жырлап шықты. Осы шығармасында Тараз жайында былай жырлаған:

Күзетуге ай жүзді екі жүздей сан шекті,

Тараз аруларының өрумен шашын күн кешті.

Фəррохи Систани. Иран ақындары қасида жанрында Тараз қаласының əртүрлі құнды қазыналарын теңеу ретінде молынан пайдаланған. Мұндай тəсіл тіпті дəстүрге айналған. Оның ішінде Тараз арулары, киім-кешегінің нақыштары, тұлпары, батырлығы, т.б. ерекшеліктері сипатталады. Мың жылдан аса Тараз сондай құндылықтармен Иран ақындарының көңілінен орын алып, жырларына арқау болған. Мұның өзі Тараздың ежелден бері бойына жинақтаған жақсы қасиеттерімен үлкен маңызға ие болуынан деуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға