Жаңалықтар

ҮШ ОҚИҒА

Менi қызықтыратын оқиғалар саны үшеу-ақ.
30.06.2014 12:35 4024

(әртүрлi тақырыпқа еркiн вариациялар)

 

Менi қызықтыратын оқиғалар саны үшеу-ақ. Бiрақ әр дәуiр­­ге, ортаға байланысты олар жаңаша қайталанып отырады. Және осы үш оқиғадан шексiз оқиғалар тiзбегiн шығаруға болатын сияқты. Олардың БIРIНШIСI тарихшыға, мемлекет қайраткерiне, әдебиетшiге, пәлсапашыға, жауынгерге, психологқа, бәрiмiзге айтары бар оқиға.

Немiс мәдениеттанушысы О.Шпенглер «Еуропа ымырты» кiтабында Антоний мен Клеопатра махаббатына жаңаша қарауды ұсынады. Әйгiлi мәдениеттанушы ойынының түйiнi – Антоний Римдi Мысырға жығып бергiсi келген жоқ, керiсiнше, бар арман-мұраты азып-тозудың сәл-ақ алдындағы Рим орталығын Мысырға көшiру арқылы оны сақтап қалу едi дегенге саяды. Бiз бұл арада атақты Шекспир қаламынан шыққан трагедияның мазмұнын жоққа шығармаймыз. Дегенмен өз көзқарасын дәлелдеу үшiн қолданылатын Шпенглер деректерi мен дәлелдерi көкейге қонымды-ақ. Дәл осы тұста «Клеопатра өз елiнiң тәуелсiздiгiн сақтап қалу үшiн Антонийдiң құшағына амалсыз құламады ма екен» деген сауал көтерсек ше?

Әңгiме бұл арада үш мәселе – ер адамның әйелге махаббаты, мемлекет қайраткерiнiң Отан алдындағы борышына жауапкершiлiгi, жауынгердiң семсерiне адалдығы туралы болып отыр. Ақын-жазушылар өз шығармаларына махаббатты өзек қып, өзге екi мәселе тасада қалса, жаужүрек жауынгерлер Антонийдiң қолбасшылығынан үлгi алып, алғашқы екi жағдай тағы да ұмыт қалмақ. Ал, үшiншi мәселе өз кезегiнде міндетті түрде мемлекет қайраткерлерiнiң еншiсiне тиедi. Әйтсе де олар Антонийдi Отан алдындағы борышына адал ақынжанды жауынгер ретiнде ақтап ала алар ма екен?! «Болашақ өткеннен бастау алады. Нақты өмiрдегi болмаса да өткен өмiр, тарихтағы шындықты қалпына келтiруге тырысу керек-ақ. Ол үшiн ақын-жазушы жауынгердiң, жауынгер ақын-жазушының, ал мемлекет қайраткерi сатқын ретiнде ұрпақтар қарғысына қалмас үшiн осы екеуiнiң де жандүниесiне үңiлiп отырсын». Оқиға осы ойды емеурiнмен айтады.

Белгiлi бiр уақыттан кейiн iшiнде зиялы қауым өкiлi бар осы ОҚИҒА басқа табиғи ортада өзгешелеу дамытылады. Ол осы оқиғада жоғарыдағы үш қасиет – еркектiң әйелге сүйiспеншiлiгi, жауынгердiң семсерiне адалдығы, мемлекет қайраткерiнiң халық алдындағы жауапкершiлiгi – бiр ғана адам – зиялы қауым өкiлiнiң басында тоғысуы мүмкiндiгiн толық дәлелдеп бермек. Төменде тәпсiрленбек оқиға бағзы ғұндар және Қытай шекарасында өтедi...

Қылышы қайқы, қаны қызба ғұндармен шекарада уақытша болса да бейбiт, мамыражай өмiр орнатқысы келген Қытай императоры жаугер көршiсiне қызын ұзатады.

... Қыз жасауының iшiнде әтек ғалым да бар болатын. Ол Отанын сүйетiн. Бар жиған-терген бiлiмiн соның жолына арнамақ едi. Кiм бiледi, ол сарайға кiрiп-шығып жүргенде балғын ханшаға көзi түсiп, ғашық та болған шығар. Ендi, мiне, бөтен елге аттанып барады...

Шекарадағы бейбiт өмiр қайта бұзылып, оқтын-оқтын ғұн жауынгерiнiң қылышы Қытай деревняларының үстiнде жарқылдай бастады. Қытай императоры құдасының бұл әрекетiн түсiнбекке ғұн ордасына елшi жiберген...

Ғұн ордасы. Таңертең келген елшiлер түске дейiн қабылдауға кiре алмай шыжыған күн астында қаңтарылып тұрып қалды. Түс ауа кiргендей болып едi, беттерiн баса сыртқа қайта шықты. Бұлар тарту-таралғыға алып келен жiбек шапанды жыртып, күрiш палауды төңкерiп тастаған әлгi бiр өздерiне ұқсас әтек ғалым ғұндардың жаңа патшасының оң қолы болып алыпты. Сөз түсiнер түрi жоқ. Қолынан келсе бұларды тiрiдей жерге көмбек ниетi бар...

Орда маңы толған ғұндар екен. Шамасы, сарайда не болып жатқанын бiлмек болса керек. Сыртқа елшiлер соңын ала шыққан әтек ғалым қытай мен ғұннан бiр-бiрден жiгiт алдыртты. Жас қаһан үнсiз бақылап тұр.

– Жегенiң не?

– Бағланның етi,– деп ғұн жiгiтi гүр ете қалды.

– Сенiң жегенiң не?

– Күрiш палау.

Қытай жiгiт лыпып тұр. Жүзi де, дене бiтiмi де жұқалтау.

– Жүрiңдер.

Әтек қытай екеуiн тау етегiнен бұрқылдап шығып жатқан бұлақ суына байлауға бұйрық бердi...

Сосын екi жақтан тағы да бiр-бiр жiгiт алдыртты.

– Ана шеңгелдiң арғы жағында жалғыз ағаш бар. Түбiнде екi жебе жатыр. Бұрын жеткенiң қызыл жебенi, кейiн жеткенiң сұр жебенi алып келесiңдер. Ал, жүгiрiңдер.

Екi жiгiт жүгiре жөнелдi. Қытайлық алғашқы ұмтылыста-ақ ғұн жiгiтiн артқа тастай берген...

Нәтижеде қытай жiгiтi бiрiншi келдi. Өзi мәз. Үстiндегi жiбек шапанының дал-дұл болғанына қарайтын түрi жоқ.

– Ғұндар, қараңдар, кiмнiң киiмi мықты? Әтек қытайдың даусы саңқ ете қалды.

– Ғұндардiкi!

Өзiнiң бекер мәз болғанын қытай жiгiтi ендi сезген сияқты. Қарсыласының үстiне қарап едi, терi күртесi сап-сау. Қалып қойғанына өкiнiп тұрған iспеттi едi, әтек қытайдың ненi мақсат қылғанын ендi түсiнгендей ғұн жiгiтi жылы жымиды...

Бұдан кейiн бұлақтағы екеу ортаға алдырған. Қытайлықта бетiне адам қарар түр жоқ. Тiсi тiсiне тимей сақылдайды. Ғұн жiгiтi болса тiстенiп алған.

– Ғұндар, кiмнiң тамағы мықты?

Әтек қытай тағы да саңқ ете қалды. Бейнебiр көсемi тастаған ұранға қосылғандай ғұндар дауысы жазық даланы тағы жаңғырықтырды.

– Ғұндардiкi!

Жас қаһан кеңесшi қытайға жымия қарады. Түрiнен кесiмдi сөзiңдi айт деген сыңайы байқалады.

– Ғұндар, қытай бiздi жiбек шапан, күрiш палауымен алдамақ. Басымызды боза боп айналдырып, құрт болып буынымызға түспек. Бiзсiз күндерiң қараң дегендi айтпақ. Жiбек шапанға етiмiз, палауға асқазанымыз үйренбей тұрғанда бiз қайсар ек, қаһарлы едiк. Өзiмiзде бардың бағасын бiлсек, өзгенiкi таңсық емес екендiгiн ендi байқаған шығарсыңдар. Рухтарыңды көтерiңдер, ғұндар! Қытайға Тәңiрiсiн тағы бiр есiне түсiрер шақ жеттi. Ендiгi тартысты қылыштың жүзi, бiлектiң күшi, жүректiң түктiлiгi шешсiн. Хур-ә!..

Жас қаһан қынабынан қылышын суырған...

Қытай жылнамалары осы оқиғадан кейiн шекарада қанды шайқастар қайта басталғандығын жазады...

Зиялының бiлiгi мен парасатын аяққа таптаған Қытай мен императоры осылайша өз қателiктерiнiң құрбаны болып едi...

Кiм бiледi, ғұндарды айдап салу арқылы қытай ғалымы өз елiнiң ойсыз, санасыз әкiмдерiн жазалағысы келдi ме екен? Оқиғаның осындай бағыт алуына, бәлкiм, әтек еркек пен сұлу ханша арасындағы жауапсыз махаббат та өз әсерiн тигiзген болар... Әйтсе де әтек қытайдың сатқындығы отансүйгiштiк қасиеттен басталғандығын ешкiм де жоққа шығара алмайды.

Азияның алаулы түндерi бұндай оқиғаның қаншасын бастан кештi екен, ол жағы тек тiлсiз тарихқа ғана белгiлi. Жауынгер, елбасы, зиялы қауым өкiлi жайлы сыр шертетiн мазмұны өзара ұқсас екi оқиға, мiне, осындай.

Бұлардың түпнұсқасы қайсысы екенiн тап басып айту қиын.

ЕКIНШI ОҚИҒА өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары

Америка Құрама Штаттарында өтедi...

Әдебиетке ынта-шынтысымен ден қойған жас жiгiт кiтапханадан келе жатыр. Бар ойы сүйген қызына өзiнiң қаламақымен де күн көре алатындығын, тiптi, жолы болса байып кетуi де мүмкiн екендiгiн дәлелдеу.

Кiтапханадан Елена Блаватскаяның «Құпия доктринасы» мен Герберт Сперсердiң пәлсафа кiтабын алған. Кереуетiне қисайып жатып Блаватскаяға үңiлiп едi, түсiнбедi. Быжыған термин сөздер. Бiлiмге ынтық жiгiт, әзiрге бұл маған қол емес деп шештi. Спенсердi парақтап едi, ұғынықты екен, соны оқуға кiрiстi...

Бұл жiгiт уақыт өте келе әлемдегi ең мәшһүр жазушылардың бiрiне айналады. Осы аралықта сүйген сұлуымен аралары да суысып үлгерген. Сүйгенiнен айрылғанымен армандаған байлығына қолы жетiп едi, бiрақ материалдық байлық анау айтқан жан рахатын сыйламады.

Ақыр соңы өз ортамнан суырылып, тектiлер қауымына мүше болам деген ой да жай нәрсе болып шықты. Үлкен сарай, көрiктi бөлмелерде тұрғанымен рухани деңгейi жағынан сол ақсүйексымақтарың да мұның ар жақ бер жағы екен.

Жiгiт өзiн өзi өлтiредi. Оқиға Джек Лондонның «Мартин Иден» романы және Ирвинг Стоунның осы жазушы жайлы «Толқын жалына жармасқан жазушы» атты кiтабында баяндалады. Осыған ұқсас оқиға ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстанда да көрiнiс бередi. Оқиға бастауы жоғарыдағыдай. Дегенмен, жiгiт Спенсер емес, керiсiнше Блаватскаяның кiтабына ден қояды. Ол әзiр де арамызда. Әдебиет майданында еңбектенiп жүр. Болашақтан үмiтiн үзген жоқ, сүйген аруымен аралары да суыса қоймаған. Қоғамнан да түңiлмеген. Ол Блаватскаяның кiтабы өзiн түңiлуден аман алып қалады деп ойлайды. Оған және шексiз сенедi де. Жiгiт өмiрi қалай сабақталатынын уақыт көрсете жатар, бұл жағы бiзге белгiсiз. Бұл арада сөз оқиға ұқсастығы емес, кiтап жөнiнде болып отыр. Бәлкiм, ұлы мұраттарға iшкi дайындық жөнiнде...

Бiз баяндайтын ҮШIНШI ОҚИҒА адам мен адам қарым-қатынасы жайлы. Бұл оқиғаның бiр нұсқасы «Iзгi хабарда» әңгiме болады. Иса мәсiх сахабаларына «Iш терiңнен бiр адам менi сатады» деген сөздi жиi-жиi айтатын болса керек. Сөздi айтқанда жанары әрдайым кариоттық Иудаға қадалады екен. Шынында да солай болып шығады.

Тарихта Иуда Исаны қанша сөлкебайға сатқандығы жайлы нақты дерек жоқ, әйтеуiр, фарисейлерге ұстап бергенi анық. Мәселе бұл арада Исаның көрiпкелдiгi емес, өзiн сатқан адамды бiле отырып, пайғамбар басымен сол адамды күнәлi әрекеттен аман алып қалмағандығы хақында. Мәселеге осы қырынан келген аргентин жазушысы Хорхе Луис Борхес «Шын мәнiндегi пайғамбар Иуда болса керек. Өйткенi бүкiл адамзат күнәсiн арқалап тозаққа түскен сол» деген пiкiр түйедi.

Әдебиетте осы оқиға желiсiмен жазылған әңгiме көп. Орыс жазушысы Леонид Андреевте өзi жасаған күнә ауыртпалығына шыдай алмаған Иуда жардан құлап өледi. Ал бала кезiмде дуалы ауыз қариялардан естiген әңгiмеде айқышқа керiлген Иса емес, Иуда болып шығатын. Ол кiсiлер бұл кезде Иса мәсiх Құдай-әкесiнiң қасында, жұмақта жүр едi деп баяндар-ды. Христианның құдай деп табынып жүргенi сайтан тiлiне ерген күнәһар, сондықтан дiнi дiн емес дегендi қоса айтатын. Әйтсе де, бұл жерде мәселе христиан дiнiнiң дұрыс-бұрыстығыда емес, таза адами мiнез-құлық, әлдекiмдердiң (тiптi рухани бай адамдардың) өз ойлаған мақсатына жету үшiн ең жақын жандарын да аямайтындығы жайлы болып отыр.

Иуда сатқындығы үшiн тозаққа түстi, әлде Исаның азабын көтерiп алғандығы үшiн жұмаққа кеттi, бұл жағын анықтау теологтардың жұмысы. Сөз Исаның Иуда жан-дүниесiн өз дегенiне көндiре бiлгендiгiнде. Бәлкiм, ол шынымен-ақ дарынды көзбояушы болған болар. Ендi Иуданы жайына қалдырып, осы ыңғайлас тағы бiр оқиғаға тоқталайық.

Орыс ақыны Анна Ахматова күйеуi Николай Гумилев жайлы естелiгiнде мынадай жайтты баяндайды: «Жас кезiмде қорқынышты түс көрдiм. Иесi кiм екенi белгiсiз әлдебiр дауыс: «Фауст болған емес. Бәрi Маргаританың ойдан шығарғаны, Мефистофель (Iбiлiс) ғана бар..» деп сыбырлады. Осы түстi кейiн Николай Степановичке айтып бердiм. Ол түс әсерiмен әйел кiнәсiнен қаза табатын еркек жайлы керемет баллада жазды...»

Былай қарағанда қарапайым оқиға. Бойжеткен түс көредi. Түстi күндердiң күнiнде күйеуiне айтады. Ол болса түстi өлеңге айналдырады. Шынында осылай ма?

Ерлi-зайыпты екi ақынның кейiнгi өмiрiне үңiлсек, осы түс олардың тағдырына қаншалықты трагедиялық бетбұрыс жасағандығын аңғаруға болатын сияқты. Бұл жерде тағы да жеке адам, шығармашылық адамының өз МЕНI, бәлкiм, тәкаппар менмендiгi бой көтередi. «Ешқандай кiнәң жоқ. Керiсiнше, маған құдайға сенiп, Россияны сүюдi үйреттiң». Бұл кейiнiрек, Анна Ахматова кешiрiм сұрағанда берген Николай Гумилевтiң жауабы.

Бұл жерде бiз адам өмiрiне жасырын әсер ететiн мистикалық астар туралы сөз қылып отырмыз. Өйткенi Маргарита iспеттi Анна Ахматова да өзiнiң ғажайып қиял әлемiн жасағысы келген. Өмiрдегi шын Фауст оған керек емес-тi. Бұған Ахматова әлемiмен танысу үшiн бiр кездерi кiтап кезегiне тұрған мыңдаған оқырман куә бола алады. Өз кезегiнде Фауст-Гумилев те шығармашылық қуаты жағынан Маргарита-Ахматовадан әлсiз болмай шықты. Сенбесеңiз кiтап дүкенiне көз салыңыз. Тiптi, Николай Гумилевтiң өзiнiң қанша жаста қайтыс болғандығын болжағаны да қызық. Төңкерiлiп түскен тылсым цифрлар тарихын ақын тағдырына үңiлген әрбiр жан оның өмiрi жайлы кiтаптардан танысып бiле алады.

Анна Ахматова түс жайлы әңгiменi бар болғаны Гумилев шығармашылығының психологиясын түсiндiру үшiн ғана айтатын секiлдi. Дегенмен Гумилев тағдырының аянышты аяқталуына өзiнiң де себепкер болғандығын ақын әйел ешқашан жасырған емес. Ол түс жоғарыдағы «Еш кiнәң жоқ. Керiсiнше, сен маған Құдайға сенiп, Россияны сүюдi үйреттiң» деген тәкаппар жауаппенен аяқталады. Бұл Ахматова түйсiгiндегi бұған қарсы бағытталған Мефистофель-сайтанға берiлген жауап едi.

Бiз тарихта әртүрлi нұсқалары бар үш оқиғаны баяндадық. Оның бiрiншiсi әрқилы жағдайдағы жеке адамның азаматтық позициясы, екiншiсi iшкi рухани дайындық, үшiншiсi жеке адамдар қарым-қатынасында, олардың тағдырына байланысты рухани, шығармашылық МЕН-нiң атқаратын ролi туралы. Үшiншi оқиғаға қоса кетер тағы бiр анықтама, түс те шығармашылықтың әлi бiз жұмбағына үңiле қоймаған (бәлкiм мистикалық) түрi болып табылатындығы.

 

*  *  *

Ендi осы үш оқиғаны неге таңдап алдық деген мәселеге келейiк. Бiрден айтайық, ұсынып отырған дүние әдеби шығарма жазудың жаңа үлгiсi немесе тарихи эссе емес.

Шүкiр, қазақ халқының тарихы бай, жазба әдебиетi де қалыптасқан. Жазушы мен тарих, Кеше мен бүгiнгi ұрпақ арасында жақсы байланыс бар. Бүгiнгi қазақ әлем тарихынан хабары бар сауатты бiлiктi оқырман. Ол тарихи шығармадағы жазушы қиялымен бұрмаланған сәттi тап басып айта алады. Бес қаруы сай мұндай оқырманмен жұмбақ ойын ойнау кiм-кiмге де қауiптi болар едi.

Сондықтан бiз жоғарыда байқалатын оқиғаларды саралағанда тарихқа, жеке адам тағдырына барынша объективтi қарауға, оқиғаның психологиялық өрбу жолын зерделеу арқылы тәуелсiз елiмiздiң бүгiнгi iшкi пробле­ма­ларымен үндесетiн, ұқсас жерлерiне оқырман назары ауардай қою реңк беруге тырыстық.

Астананы Алматыдан Ақмолаға көшiруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандай негiздерге сүйендi, зиялы қауымымыздың халi бүгiнгiдей жыларман халде қала берсе, соңы қандай зардаптарға соқтыруы мүкiн, жалпы отансүйгiштiк қасиет дегенiмiз не, жеке адамнан ол талап ететiн құрбандық – осының бәрi бiздi де, оқырманды да толғандырып жүрген мәселелер болса керек.

Кино, өнер, әдебиет туындысының, жалпы шығармашылықтың жеке адам психологиясына әсерiн анықтау, Батыс мәдениетi мен өркениетiнiң басқыншылық әрекетiнен қорғану тетiктерiн табу да бүгiнгi күнi ұлтымыздың алдында тұрған өзектi проблема. Ненi оқып, ненi оқымауымыз керек? Басты сұрақ осы. Ұлттық идеологиямызды қалыптастырар тұста қазақ халқының тұтастығына керi әсер етер жолдардан барынша сақтануға тиiспiз.

Қазақ оқырманы адамзат тарихында әр кездерi көш бастаған грек-рим, француз, орыс, Латын Америкасы әдебиеттерiн жақсы бiледi. Ал осындай алдыңғы қатарлы әдебиет дәрежесiне көтерiлуi үшiн әдебиетiмiзге қажеттi шеберлiк әдiс-тәсiлдерi қандай, ғажайып шығармашылық тағдырлар қалай жасалады? Бұлар да оқырман көкейiнде жүрген сауалдар екендiгiне бiз сенiмдiмiз.

Бiз елiмiздiң ертеңiн анықтайтын осы сауалдарға тарихта болған оқиғалардың көзiмен қарап, жауап беруге талпындық. Ары-берiден соң шынайы тарихты жазуға тырысудың өзi де сауабы бар әрекет қой. Ең бастысы, тарихта болған қателiктерге ұрынбасақ екен.

Оқиғалар бiзге осыны ескертедi.

1998 жыл.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға