Үш мерген
1. ҮШ МЕРГЕН
Үш мерген құс атуға шығып, күні бойы жүріп, жалғыз шүрегей атып алады. Елге қайтпай екінші күні тағы құс атпақ болып, көлдің басына түнемек болады. От жағып, шəйнекті отқа қойып отырып, үшеуі шүрегейді қайтеміз деген сөзге түседі. Бұл үйрек үшеумізді тойғызбайды. Біреуміз жеу жөн болмайды. Мұны қалай етеміз дейді.
Бұлардың біреуі қу жігіт екен, ол айтады: «Мұны қалай ету ақылын мен айтайын. Үйректі пісірейік, орап қойайық та, жатайық, ұйықтайық. Кім жақсы түс көрсе, сол жесін үйректі», – дейді. Дұрыс деп, осы ақылды ұнатады да, үшеуі шай ішіп, үйректі пісіріп, орап қойып, ұйықтауға жатады.
Екі жолдасы ұйқыға кете бергенде-ақ, қу жігіт тұрады да, үйректі жеп, орнын үйрек ораған сиақты қылып, жауып қойады.
Ертең жолдастары ойанған соң, қу сұрайды: «Қаны, жолдастар, не түс көрдіңдер?» – деп.
Біреуі айтады: «Мен ақ боз ат мініп, алтын таж киіп, патша болып жүр екенмін», – дейді. Екіншісі айтады: «Мен жұмаққа кіріп, қор қыздарын құшып, кəусар суын ішіп, рақатта жүр екенмін», – дейді.
Сонда қу айтады: «Бірің «патша болған соң, бірің жұмаққа кірген соң, отқа пісірген үйректі жей қоймас деп мен жеп қойдым», – дейді.
(Алтынсары ұлының кітабынан)
2. ҚУЛЫҚ
Алтай Айман деген қу жігіт жолдастарымен қыс кезінде қала шығып келе жатып, адамы өлген бір ауылға келеді. Ол ауыл молдасы жоқ ауыл екен. Өлікке иман айтуға ешкім табылмаған. Келген қалашылардан араларыңда молдаларың жоқ па деп сұраған соң, Айман: «Бар, мен молда едім», – дейді. Өлігі бар үйдің адамы: «Олай болса, жүріңіз, өлікке иман айтыңыз, иман білмеген соң, өлерде айта алмап едік»,– дейді. Айман: «Аты кім еді? – деп сұрайды. «Аты Қазаңқап еді»,– дейді үй иесі.
Айман түк оқу білмейтін, Құраннан құлағына тиетін сөздерді ғана айта алатын адам, иман айт деген соң естіген сөздерін теріп иман айтқан болады.
«Ағуз билла минашшайтан ражим ан илла қазиғұл қап, қалимат, шайбат, иллаһа, илалайын», – дегенде үй иесі:
«Ардағыңнан айналайын, Алтай бабамның баласы-ай! Манадан бері білмей отырған сөздеріміз тап осы еді», – деп жылап жібереді.
Иман айтып болған соң, жаназасын да шығар деп өтініп, шариғат пидиасына не қосады екен деп үй иесі сұрайды. Айманның алдымен ойлайтыны жол азығы – бір ту қой, бір қағаз шай, бір шана шөп, онан кемді шариғат қоспайды дейді. Үй иесі Айманның айтқанын істейді.
Жаназа намазын оқып тұрып, Айман құлақ қағып дауыстап: «Мал тараку, жан тараку, иман тараку, бір қадақ шай, бір қой тараку» дегенде артында тұрған жолдасы да өзіндей молда болса керек, Айман ұмытып тұрған шығар деген оймен есіне салайын деп сыбырлап: «Тұржағуны бар еді ғой», – дейді. Айман: «Жаның шығып бара ма? Жаңа келді таржағуны, – деп екі жағына сəлем береді де, – апарып көміңдер», деп, жүре береді.
(Шорман жиғанынан)