Жаңалықтар

шұғыл: Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының күні белгіленді

шұғыл: Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының күні белгіленді
09.04.2019 01:26 2033

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі.

Қымбатты Отандастар! Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын.

 Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.

Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым.

Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім.

Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім.

Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам.

Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды.  

Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз.

Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады.  

Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.  

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.

Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.

Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.  

Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым.

Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.  

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.  

Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!

Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге  сенемін.

Қадірлі Отандастар!

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз.  

Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты! 

Akorda.kz

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға