Серікзат Дүйсенғазы ұлы Әлиханның қазасына қатысты тергеу деректерін жариялады
Ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлы Әлиханның қазасына байланысты тергеу аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2023 жылдың 2 қаңтарында болған Әлиханның қазасына байланысты ұзаққа созылған тергеу жұмысын Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының тергеушілері 2023 жылдың қазан айында аяқтады.
Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Психологиялық тұрғыдан ауыр болса да мен бұл іске жәбірленуші ретінде қатысудамын. Қаңтар айында айының 22 күні басталған соттың тергеп-тексеру сатысында кінәлі тараптың өздерінің жазасыз қалатындарына сенімділігін байқатуда. Екі адвокат жалдап, өздерінің еш кінәсіз екенін дәлелдегісі келетін тараптың сот процесі кезінде берген оспадар жауаптары мені толғандырып отыр. Сот бұл қылмыстық іс бойынша өз шешімін шығара жатар. Бірақ мен жәбірленуші ретінде қоғамның назарын аударатын бірқатар жайттарды сіздермен бөліскім келеді, - деп жазды ақын.
Көпшілікке тау шаңғысы курортының қызметтерін ұсынатын «Elikti Park» ЖШС-ның қазіргі басшысы С. деген азамат (көкшетаулықтарының айтуынша және ашық интернет желісіндегі ақпараттар бойынша «Elikti Park» ЖШС-ның 2020 жылдан бергі иесі және басшысы осы адам деп тұр.
Бірақ «Elikti Park» ЖШС құжаттары бойынша басқа адам күдікті саналып отыр. С.-ны күдікті ретінде тарту туралы талабымызды сот қанағаттандырған жоқ.) сотқа куәгер ретінде шақырылған. Осы С. деген азамат дәл қазір өзі басқаратын «Elikti Park» ЖШС-ның қауіпсіздік ережелерінің талаптарына сай келмейтінін мойындамай, еліміздегі тау шаңғы базаларында апта сайын адамдардың әртүрлі деңгейде жарақат алатынын мысалға келтіріп, ол Қазақстан Республикасының аумағында қалыпты жағдай екендігін сотта берген жауабында айтты. Және мұны кәдімгі норма ретінде қабылдау қажет деп санайды екен. Сонда ҚР Конституциясында жазылған еліміздің басты байлығы адам деген бапты қайда қоямыз? Адам өміріне қауіпсіз, әділетті Қазақстан құрамыз деген жоспарымыз қайда?, - дейді ол.
Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, демалыс аймағындағы қауіпсіздік үшін аталмыш мекеме жауап бермейтін боп шыққан.
Оның айтуынша, «Elikti Park» ЖШС тек шаңғы мен шаңғы тебуге қажетті құралдарды ғана береді. Қалған қауіпсіздігіңнің барлығына өзі жауаптысың. Егер құлап мертігіп қалсаң алғашқы медициналық көмек көрсету де олардың міндетіне кірмейді екен Шаңғы үйрететін инструкторларының да, басқа қызметкерлерінің де мұндай қауіпті қызметпен айналысуға лицензиялары мен оқыған дипломдары жоқ, - деп жазды.