Жаңалықтар

Серікбай Маусымбаев: Курчатов – Қазақстанның екінші ғылыми қалашығына айналуы тиіс

Серікбай Маусымбаев: Курчатов – Қазақстанның екінші ғылыми қалашығына айналуы тиіс
Фото: Коллаж El.kz 31.03.2025 13:42 432

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Курчатов қаласын екінші ғылыми қалашық ретінде бекіту туралы бастаманы көтеріп, оның стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Осы ретте  El.kz тілшісі ҚР атом саласының І дәрежелі еңбек сіңірген қызметкері, академик Серікбай Маусымбаевтан аталған мәселеге қатысты пікірін білген еді.

ҚР атом саласының І дәрежелі еңбек сіңірген қызметкері, ҚазҰАЭА академигі, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры, физика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Маусымбаевтың сөзінше, Курчатов қаласы 1947 жылы Кеңес Одағының ядролық қалқаны ретінде құрылған.

Бұл мекен атом ғылымы мен әскери-техникалық әлеуеттің дамуында ерекше рөл атқарды. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған алғашқы мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толады», – деп атап өтті. 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған тарихи шешім БҰҰ тарапынан ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде белгіленді. Осылайша, Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан тұңғыш елге айналды, – дейді ғалым.

Академик осы ауқымды тарихи шешімдерден кейін еліміз үшін жаңа міндеттер – бейбіт мақсаттағы ядролық ғылым мен энергетиканы дамыту және осы салаға мамандар даярлау қажеттілігі туындады деп отыр.

1993 жылғы ҚР министрлер кабинетінің қаулысымен ядролық орталыққа атом ғылымы мен өнеркәсібі саласында кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру міндеті жүктелді. Бұл мақсатта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен және шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. 1990 жылдардың басында Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) білікті кадрлардың жетіспеушілігіне ұшырады, – деді академик.

Кеңес кезеңінде бұл орталық Ресей мен Алматыдан келген мамандармен қамтамасыз етілетін болса, кейінірек мұндай ресурстар күрт азайған. Алайда атом энергетикасының болашағы бұл саладағы мамандарға деген сұранысты арттыра түскені байқалады.

Соңғы жылдары елімізде ерекше тарихи оқиғалар орын алды. Абай облысы қайта құрылып, Шәкәрім университетінің 90 жылдығы атап өтілді. Қазіргі таңда ғылым мен жоғары технологиялар орталығына айналатын ерекше мәртебесі бар әкімшілік-аумақтық құрылымдарды құру өзекті болып отыр. Әлемдік тәжірибеде мұндай орталықтардың тарихи тамыры тереңде жатыр: Англияда — Оксфорд пен Кембридж, Қазақстанда — көне Отырар, Кеңес Одағында — Обнинск, Пущино, Протвино сияқты ғылыми қалалар. Қазақстанның өз ішінде де осындай қалашықтар болған: Алматы маңындағы Алатау кенті, Курчатов, Степногорск, Ленинск. Олардың негізінде кейінірек Ұлттық ғылыми орталықтар құрылды, – дейді профессор Серікбай Маусымбаев.

Ғалымның айтуынша, атом энергетикасына кадр даярлауда жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың алғашқы жүйелі ынтымақтастығы 1996 жылы басталған. Дәл осы жылы ұлттық ядролық орталық пен Семей мемлекеттік университеті арасындағы алғашқы серіктестік бағдарламасы іске қосылып, географиялық жақындық пен ғылыми әлеуеттің арқасында Семей қаласы Абай өңірінің ғылыми орталығы ретінде ерекше маңызға ие болды.

Бұл ынтымақтастықты бастаған профессорлар Ю.С. Черепнин мен М.С. Панин болатын. 1996 жылы университетте «Ядролық және энергетикалық қондырғылар» атты жаңа, бірегей мамандық ашылды. 1997 жылы ҰЯО базасында алғаш рет жалпы физика кафедрасының филиалы құрылды. Оның мақсаты – «Физика» және «Ядролық реакторлар мен энергетикалық қондырғылар» мамандықтары бойынша кәсіби мамандар даярлау. Қазіргі таңда бұл жұмыс «Техникалық физика және жылуэнергетика» кафедрасының негізінде жалғасуда.Оқу үдерісіне Ядролық орталықтың және шетелдік (Ресей, Жапония, АҚШ) ғалымдары — Ю.С. Черепнин, К.К. Қадыржанов, Э.Г. Батырбеков, Ж.Р. Жотабаев, М.К. Скаков және басқалар белсенді қатысып келеді, – дейді.

Ғалым мемлекеттік тілдегі топтар ашылған алғашқы кезеңде кейбір оқытушылар орыс-қазақ сөздіктерінің көмегімен сабақ жүргізуге мәжбүр болғанын да атап өтті. Бұл олардың отандық оқу жүйесіне бейімделуінің бір көрінісі екенін айтты.

2002 жылдың наурыз айында Шәкәрім университетінде «Ядролық реакторлар мен энергетикалық қондырғылар» мамандығы бойынша Қазақстандағы алғашқы түлектер диплом алып шықты. Дипломдық жұмыстардың қорғалуы Курчатов қаласындағы арнайы кеңесте өтті. Бүгінде ҰЯО мен университет арасындағы ғылыми байланыстың ауқымы кеңейіп келеді. Бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар мен басылымдар жүйелі түрде өткізіледі. Томск политехникалық университетімен де тұрақты ғылыми байланыс орнаған. Шәкәрім университетінің ғалымдары ҰЯО ғылыми-техникалық кеңесіне, ал ядролық орталықтың мамандары университеттің ғылыми кеңестері мен кафедра жұмысына белсенді атсалысуда. Университетте «Техникалық физика» мамандығы бойынша PhD диссертациялық кеңес жұмыс істейді, – деді.

Яғни, профессор еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері ұлттық ядролық орталық мемлекет қолдауымен күрделі кезеңдерді еңсеріп, өзінің ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін сақтап қана қоймай, оны еселеп арттырғанын жеткізді.

Бүгінде ҰЯО — атом энергетикасын бейбіт мақсатта дамыту саласында жетекші орталық. Оның ғылыми еңбектері жоғары дәйексөздік рейтингке ие болып, халықаралық деңгейде мойындалуда. 2020 жылы ҰЯО ядролық технологиялар паркі бойынша 12 елдің арасында үздік ғылыми жоба авторы ретінде танылды. Бұл жас ғалымдардың өз ғылыми әлеуетін дамытуына жаңа жол ашты. Соңғы жылдары Ядролық орталық радиациялық қауіпсіздік, экологиялық бақылау саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Радиологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша су көздерінің көпшілігі тұрғындар үшін қауіпсіз екені дәлелденді, – дейді ғалым Серікбай Маусымбаев.

Ғалым қазіргі уақытта елімізде «Атом энергетикасын дамыту» ғылыми-техникалық бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Ұлттық ядролық орталық – осы бағдарламаның негізгі тірегі, заманауи ғылым мен жоғары технологиялардың ірі алаңы болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Ғылым мен білімге екінші орын беретін ел ешқашан бірінші орынға шыға алмайды». Қазақстандық ғалымдар бұл ұстанымды толықтай қолдай отырып, еліміздің ғылыми әлеуетін жаңа белеске көтеруге белсенді атсалысуда, – дейді атом саласының еңбек сіңірген қызметкері Серікбай Маусымбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға