Жаңалықтар

Серік Тұрғынбекұлының балалық шағы

Ақын туралы естеліктер
Серік Тұрғынбекұлының балалық шағы
10.04.2017 15:00 7601

Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы.

Назым Хикмет Ран

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды.

Бүгінгі саяхатымыз ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы ағамыздың балалық шағына жасалады. Ақынның балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ «Осы күнге аман-есен жеткенімізге шүкір» деп жатады үлкендер. Серік аға осы күнге жеткеніңіз үшін кімге алғыс айтар едіңіз?

─ Жалпы халқыңның перезенті болған соң сол ұлтыңа риза болуың керек. Мен ең әуелі ризашылғымды мені жартқан және жаратып қана қоймай, көкірегіме ақындық нұр силағаны үшін Алла Тағалаға білдірер едім. Анығын айтсақ, ақындық дегеннің өзі Құдайдың құдіретінен болады деп түсінемін. Қол бастауың мүмкін, жол бастауың мүмкін тіпті том-том кітап кемірген данагөй де, болмаса он сегіз мың ғаламның сырын білген ғалым да болуың мүмкін. Ал ақын деген ол өзгеше әлем. Өлең деген төбеңнен бір сәуле түскендей және құлағыңа сыбырлағандай, сосын барып сөзге айналып шыққандай сезіледі. Міне сондай ақындық талант берген Аллама мың алғыс! Екіншіден маған жарық өмір сыйлаған, дүние есігін ашқаннан бастап басымнан құс ұшырмай, маңдайымнан күн өткізбей мәпелеген анама алғыс айтар едім. Жалпы бұл өмірде анаңнан басқа ешкімге қарыздар емессің. Шешеңді сыйлау арқылы Аллаңа жағасың. Анаңды қадірлесең Алла Тағала да сені шет көрмейді. Үшінші алғысымды өзімді құрметтеп, өлеңмен өрнектелген сөзімді қабылдаған халқыма айтар едім.

Сіз өскен отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

─  Мен Торғайдың Тосын деген құмында, Ақтөбенің Ырғы­зымен шекараласып жатқан қазіргі Шақшақ Жәнібек шаруашылығында дүниеге келдім. Әкем жарықтық Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып келді. Қабырғасының астында қалған оқтың зардабынан өмірден ерте озды. Мен ол кезде бес жасар бала едім. Сол себепті асқар тау әкеден ерте айрылып, жетім өстім. Бірақ асқар тауым құлағанымен, мөлдір бұлақ анам аман тұрғанда жетімдіктің тауқыметін тартпадым. Өмірдің екпінді желіне құрақтай қисайсам да, сынбай жайқалып өстім. Шешеміздің сауыншы болып малдан алыстамай бір әкеден жалқы өскен менің аузымды аққа толтырды. Қарап отырсаң қай заманда да қарапайым қазақтың малсыз күні жоқ. Мал жарықтық мінсең көлік, жесең ас, кисең киім. Біздің халықты қолындағы малын сыпырып алып қана сорлатады. Болмаса қарапайым қазақ мал мен кең даласы аман тұрса ешкімге телмірмейді. Әлі де болса мынандай байтақ даланы мекен еткен біздің ұлт, ауыл шаруашылығымен мықтап айналысуы керек. Сол ғана бізді бір ұшпаққа шығаратындай сезіледі маған...

─  Ақындар мен жазушылар жалпы өнер адамдары бала кезінен ән-жырға әуес болып ержетеді. Сіздің өнерге деген қызығушылғыңыз неше жасыңыздан басталды?

─ Мен негізі жеті жасымнан бастап домбыра тартып, жыр айта бастадым. Ауыл адамдары мені «жыршы бала» деп атап кетті. Оған себеп біздің ауылға басқа өңірлерден жыршы-күйшілер келіп таңды-таңға жалғап өнер көрсетуі еді. Әлі есімде мереке-мейрам немесе бір айтулы күндер болмаса, біздің ауылда бір қалыпты күйбең тіршілік болатын. Басқа жерлерден жыршы-күйшілер тобы өнерпаздар келе қалса, ауылдың еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін, тайлы-тұяғымыз қалмай сол өнерпаздар түскен үйге жиылатын едік. Ән-күйге әбден сусаған халық ұйқысы келсе де, үйлеріне қайтпай, көздерін ашып-жұмып отыра беретін. Осылайша халық жыршылар кеткенше күнде жиналып жыр-дастандар тыңдайтын. Әлі көз алдымда, тарихтан бергі көне дастандар мен жырларды айтқанда үлкен кәриялар оқиға желісіне берілгені сонша, көздеріне жас алып жылап отыратын. Бізде сол жыршылардың маңайынан шықпайтын құйма құлақ болып өстік. Олардан жаттап алғанымызды өзіміз жалғастырып, ауылға таратып жүрдік. Ұмытып қалған жерлерміз болса өзіміз оймыздан ұйқасы келсе болды қоса салатын едік. Сүйте-сүйте ақындықтың алғашқы ірге тасы қалана бастады...

Екінші бекет « Ана мектеп»

Естуімізше сіздің өлеңдеріңіз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, газет-журнал беттерінде жарық көре бастаған екен. Алғаш жазған өлеңіңіз есіңізде ме?

─  Оның рас, бесінші-алтыншы сынып оқып жүрген кезімде өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерде шыға бастады. Оныншы сыныпта жырларым республикалық газеттерден де көрінді. 1964 жылы, мектепті бітіретін жылы, бір топ өлеңдерім «Жұлдыз» журналында жарияланды. Ол уақытта осы басылымға шығу үлкен мәртебе болатын. Әлі есімде, мектепте қазақтың талантты ақыны Кеңшілік  Мырзабековпен бірге оқыдым. Бір партада отырып, бірге ойнап-күліп Кеңшілік екуміз тел қозыдай тең өстік. Қолмыздан кітап түспей, сабақты беске оқып, озат атанбасақ та, өлең -жырдың тиегін ағытып, әжептәуір ақын атанып үлгірдік. Хат танығаннан кейін қазақтың небір өлең-жырларын жаттап алып екеуміз кезек-кезек жатқа айтатын едік. Менің ең алғашқы өлеңім сатиралық өлең болатын. Ойлы, филасофиялы өлеңдерді кейін түсіндік, ол кездегі өлеңдерміз әзіл-қалжыңға бейім тұратын. Енді бір жағынан ол уақытта жұрт сатираны өте жақсы көріп, әзіл өлеңдерді сүйсініп оқыды. Ауызекі әңгімеде де, қалжыңды да көп айтатын. Үлкен кәсіби ақындардың өлеңдеріне көп мойын бұра қоймайтын. Біздің бала кезімізде, ауылымызда арақ ішіп, желпілдеп жүру деген мүлдем жоқ болатын. Бұл жағымсыз әрекет өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келе бастады. Балалық шағымда киіз үй тігіп отырған ауылға бір мас адам келіп, бейқам отырған жұртты дүрліктіріп жіберді. Ол адам Ақтөбе жағынан келді ме, маған беймәлім. Біз, балалар, соны қызық көріп, соның соңында жүрміз. Таңертең қарасақ, мас кісі ауылдың сыртында жатыр екен. Маңайына иттер жиналған. Сол жайт маған қатты әсер етті. Содан:
Көрмессің мұндай салақты,
Итке де аузын жалатты.
Үйіне келген қонақты,
Бөтелкемен сабапты. 
Осының бәрі байғұсқа,
Ішкен соң болды-ау арақты, – деген бас-аяғы үш-төрт шумақтан тұратын өлең жаздым. Осы өлеңім «Социалистік өмір», кейіннен «Жаңа өмір» аталған газетке шықты. Өлең шыққан соң ауылдағы жұрт оқып, шешеме құтты болсын айтып, соншама құрметке бөлендім де қалдым. Солай болатынын өзім де сезбеген едім. Анамыз тілеулестік білдіргендерге арнап барды-жоқтысын шығарып дастархан жайды. Әйтеуір, осы оқиға тойдан кем болған жоқ.

Ақын-жазушлардың көбі мектепте математика, химия, физика сынды пәндерден қиналады екен. Ол сабақтардан сіздің үлгіріміңіз қалай болды?

─ Расында әдебиет, тарих пәндерінен алдымызға жан салмай қара озып жүргенімізбен, жаңағы сен айтқан сабақтарға келгенде тасырқаған аттай тәнтіректеп қалатынымыз бар. Есімде қалған бір оқиғаны айтайын, оқушы кезімде оңбай қиналған сабағым химия пәні болды. Десе де, мектепте ақын деген әжептәуір атым бар болғандықтан сөз құрап айтсам да құтылатынмын. Сабақ сұрағанда элементтердің қайда қолданылатынын жаттап аламын да соны судыратып айтып амалдап жүрдім. Есеп шығару деген еске кірмейді. (Күлді) Бірде біздің сыныпқа Алматыдан оқуын жаңа бітіріп келген жас қыз химиядан сабақ берді. Өзі бір еліктің лағындай сүйкімді, бізге қарағанда қала көрген өзін ұстау мәдениеті өзгешелеу болды. Содан да болар алғашқы бала көңілмен бірден ұнатып қалдым. Сабағына қалмай қатысып, не айтқанын түсінбесем де түріне телмірумен жүрдім. Ұнаған ұстаздың назарын аудару үшін ептеп қылық та шығара бастадық. Бір күні этиль спирті туралы сабақ өтті. Тағыда сол сүйкімді бейнесімен: «этил спиртін қайда қолданады?» - деген сауал тастады. Осы сәтті ұзақ жылдар күткендей, орынымнан атып тұрып «мен жауап берем» дедім. Мұғалім маған қарап жымия «айта ғой» дегендей белгі берді. Менікі сұрақтың жауабын шын білгендіктен емес, апайдың назарын аударып әдейі тиісу еді. (Күлді) Сонымен қутыңдап тұрдым да: «этил спиртін ауылмыздағы жүргізушілер, зоотехниктер, дәрігерлер ішу үшін, қонақ күту үшін қолданады» дедім. Оқушылар ду күлді. Мұғалім не айтарын білмей көзі бақырайып тұрып қалды. Мен тыныш тұрмай тағы да: « бізде қолдансақ бола ма?» деп сұрадым. Оқушылар және күлгенде әдемі апай журналды қолына алып шығып кетті. Одан кейінгісі түсінікті жағдай, мені мектеп директоры шақырды. Қатаң сынның астына алып, мектептен қуғалы жатқанда, әлгі ұстазымыз өзі араша түсіп, алып қалды. Шамасы менің не үшін ондай қадамға барғанымды сезсе керек.

Соңғы бекет «Бала ғашық »

Жақсы көру деп жатсыз, алғаш неше жасыңызда жан қалқаға жақсы көріп сырыңызды ақтардыңыз?

─  Менің тұңғыш рет бала сезімімді селт еткізген жаңағы айтып өткен мұғалім. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дейміз ғой, бұл сұрағыңа «этил спирті» деген балладаммен жауап берейін.

Астанадан ауылға ақсары қыз,

Келіп еді - кеңіді аспанымыз.

Ұстаздың тоғыз жылғы бәрі қалып,

Ұмыттық енді одан басқаны біз.

Бұл біздің риясыз расымыз,

Бір содан бойға сіңбей жүр асымыз.

Есіктен апай еніп келген бетте,

Дүрлігіп қалушы еді класымыз.

Айтпай-ақ іштегіні тұрған біліп,

Өзі бір сүйіп оқыр жыр мәңгілік!

Жарық етіп алтын тісі жымиғанда

Бөлме ішін жіберетін нұрландырып.

Біреу бала дегенмен «бұзық» санап,

Боп жүрміз жігіттерге біз ұқсамақ...

Аяулы апаймыз тұрған жерде,

Химия қиын емес, қызық сабақ!

Аузынан шыққан әрбір сөзі лебіз,

Бейкүнә періштедей сезінеміз.

Біл,білме тақтаға бір шығу міндет,

Апайдың түссек болды көзіне біз.

Көңілдің шалқар көлін тасыттырып,

Арманға бір белгісіз асықтырып.

Өзгеше қылығымен, мінезімен

Өзіне қойды бізді ғашық қылып.

Көзіңде көлбеңдеп бір қалар елес,

Тау ассақ аяқ-қолың талар емес.

Осынша ықыласты біле тұрып,

Бәрін де ілтипатқа алар емес.

Қызғып, сұқтанғанмен көркіне тым,

Жіберер сені бірақ еркіңе кім!!

Ұстамды ұстаздағы осы қылық

Ызамды кейде менің келтіретін.

Алмастай жанарымен жасқап бетті,

Кісідей көрінетін асқақ, текті.

─ Енді.. этил спиртін өтеміз,─ деп,

Сабағын жайлап ғана бастап кетті.

Бір пікір көкейге кеп болам әлек,

Бір ақыл тартады оны жолама деп.

Төтеннен қол көтеріп, қойдым сұрақ,

─ Ішіуге сол спиртті бола ма?─ деп.

 Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға