Серік Теміржанов бокстан әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Қазақстан құрамасының боксшысы Серік Теміржанов Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы кездесуіне шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
1/16 финалда 59 келіге дейінгі салмақ өкілі Теміржанов Мали боксшысы Абдул Карим Батилимен жолықты. Үш раунд қорытындысы бойынша жеңіс қазақ жігітіне бұйырды.
Серік Теміржанов – 2021 жылғы әлем чемпионаты мен 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері
Бұған дейін Қазақстан сапынан екі боксшы жарысты аяқтады. Талғат Сырымбетов (60 кг) пен Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) әлем чемпионатынан шығып қалды.
Айта кетейік, 1 мамырда басталған әлем чемпионаты 14 мамырда аяқталады. Ұйымдастырушылар біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысып жатқанын мәлім етті.
Аталған чемпионатта жеңімпаз атанған спортшыға ІВА 200 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы табыстайды.