Серік Шәпкенов Құлсарыдағы зардап шеккен үйлерді аралады
Серік Шәпкенов Құлсары қаласының тұрғындарымен кездескеннен кейін зардап шеккен үйлерді аралап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облыстық әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Достық, Жадырасын, Мешіт ауылы ықшамаудандарын аралап, тұрғындармен кездесті, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шығынды өтеу механизмін түсіндірді.
Жадырасын ықшамауданы тұрғындары үй апатты жағдайда деп танылса, ақшалай өтемақы алу мәселесін көтерді.
Егер үй апатты деп танылса, сіз оны бұзған жағдайда төлемақы ала аласыз. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында жасалады, біз сіздің шығындарыңызды нарық бағаларына сәйкес толығымен өтейміз, - деді Серік Шапкенов.
Өңір басшысы келтірілген шығынды төлеу сомасындағы ерекшеліктерді түсіндірді.
Барлық зардап шегушіге бірдей соманы беру мүмкін емес, бағалау кезінде көптеген параметрлер, атап айтқанда, үйдегі есіктер санына дейін құрылыс материалдарының сапасы ескеріледі. Сондықтан апаттық үйді жөндеу және төлеу сомалары әртүрлі. Қазір үйді тұруға жарамсыз деп таныған кезде орташа өтемақы бір шаршы метр үшін шамамен 200-240 мың теңге болып отыр, - деді Серік Шапкенов.
Үйлерді аралағаннан кейін өңір басшысы аудан әкіміне тұрғындарды бағалау қорытындыларымен таныстыру кезінде жеке түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі уақытта комиссия 2 940 өтініш қабылдады, 2 727 өтініш қарауға жолданды, 2 624 үйге бағалау, 2 671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. 756 үй апатты жағдайда деп танылды. 100-ден астам тұрғын бағалау қорытындыларымен танысып, өтемақы сомасына келісті. Бағалау мамандары тәулік бойы жұмыс істейді.