Жаңалықтар

«Сергектің» тағдыры не болмақ?

«Сергектің» тағдыры не болмақ?
Фото: ©El.kz/Қуан Сейіт 14.08.2024 18:10 665

Өскемендегі «Сергек» бейнебақылау камералары жұмыс істемей тұрғанына айдан асты. Мердігер мен жергілікті атқарушы орган арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы келісімшарт мерзімі биыл 1 шілдеде аяқталған. Осы уақыттан бастап қызмет көрсетуші компания өз қызметін тоқтатқан. Күні кеше ғана «Сергектің» тұзағына түсіп қалмау үшін әр қадамын абайлап басқан көлік тізгіндеушілер қазір қала көшелерінде емін-еркін жүйткіп жүр. Дегенмен көп ұзамай шектен шыққандарға «жазалау хаты» келе бастайды дейді мамандар.

Қымбат жоба өзін ақтады ма?

Сыртқы бейнебақылау жүйесі Өскемен шаһарында 2019 жылы іске қосылды. Қанатқақты жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Көркем-Телеком» ЖШС жүзеге асыратын болып келісілген. Осы уақыт мұғдарында бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетті деуге әбден болады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыс орталығының көшелерінде «Сергек» пайда болған алғашқы жылда жол-көлік оқиғасы 31 пайызға, көлік апатынан болатын жарақат 32 пайызға, ал өлім-жітім 58 пайызға төмендеген. Көшедегі тәртіпсіздік пен заңбұзушылық әрекеттер де азайған. Сынақтан сәтті өткен бірыңғай жүйе Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Түркістан, Тараз, Семей, Ақтау сияқты қалаларда да игілікке айналды.

Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Көркем Телеком» ЖШС Өскеменде жол қозғалысы кезіндегі бұзушылықты анықтайтын 159 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатқан, оның 85-і желілік учаскелерде, 74-і жол қиылыстарында тұр. Бұған қоса көшелерге 1700 қоғамдық бейнебақылау камерасын іліп, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 1000 бейнекамераны бірыңғай жүйеге біріктіріп, қосқан. Бейнекамералардың жұмысын көрсетіп тұратын үлкен бейнеқабырға орнатып, полиция қызметкерлеріне арналған 10 метеодатчик пен 100 планшет берген. Бұл құрылғылардың барлығы өндірістік қолданыстан өткізілгеннен кейін 2019 жылдың желтоқсан айында қабылдау-тапсыру актісі бойынша облыс әкімдігінің меншігіне өтті. Жобаның жалпы құны – 7 млрд теңгеден асты.

Осы аралықта мынадай бір дерек қылаң берді. Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында аталған жобаның 238 млн теңгеге негізсіз қымбаттауына әкеп соқтырған мемлекет қаражатын заңсыз төлеу фактісін анықтайды. Нәтижесінде жобаны орындаушы мемлекет қазынасына заңсыз төленген қаржыны қайтарып береді.

«Соттың шешімімен «Көркем-Телеком» ЖШС мемлекетке заңсыз төленген 238 млн теңге қаражатты қайтарды», - делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.

Мемлекет жеке кәсіпкерге тәуелді болмауы керек

Иә, жекеменшік компания артық ашаны қайтарып бергенімен, бірыңғай жүйені жұмыс істетіп тұрған бірегей бағдарлама оның иелігінде қала берді. Түсіндіре кетсек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшарты бойынша жекеменшік компания жобаны әзірлеп, оған инвестиция салуға тиіс және сол қаражатын жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлдар есебінен қайтарып отыратын болады. Сол сияқты келісімшартта бейнебақылау камералары, кабельдер мен сымдар, «Сергек» серверлері және басқа да ұсақ-түйек құрылғылар мемлекетке, ал бағдарлама – «Көркем-Телеком» ЖШС-ға тиесілі деп көрсетілген. Бұл жеке кәсіпкердің қолындағы қуатты құрал. Демек мемлекет әкімші емес, бар болғаны пайдаланушы ғана. Өйткені бағдарламасыз көшеде самсап тұрған «сергектердің» көк тиын құны жоқ. Азаматтардың қауіпсіздігіне жауап беретін бірыңғай жүйе жеке кәсіпкерге тәуелді болмауға тиіс деген ұстанымға бекінген облыс билігі бұл мәселеге тереңірек үңіліп, жағдайды реттеуге кірісті.

Жекеменшік компания өз мүддесін авторлық құқықпен қорғап, жүйені өзіне ыңғайлы етіп жасап алған. Былайша айтсақ, мемлекет жеке фирмаға тәуелді болады. Мұндайға жол берілмеуі керек. Себебі мәселе анау-мынау емес, маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына қатысты болып тұр. Тығырықтан шығудың бір жолы – қаладағы барлық бейнебақылау камерасын мемлекет иелігіндегі жүйеге қайта қосу. Бұл бізге бір ғана жеткізушінің қызметімен шектелмей, басқа да маңызды техникалық шешімдерді таңдауға мүмкіндік береді. Бүгінде нарықта бейнебақылау жүйесінің сапалы қызметін ұсынатын компаниялар өте көп, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Қазір қаладағы сыртқы бейнебақылау және бұзушылықтарды анықтау жүйесін жекеменшіктен мемлекет иелігіне өткізу үдерісі жүргізіліп жатыр. Сондықтан басқарма басшысы «Сергектердің» бәрі жұмыс істемей тұр дегенмен келіспейді. Өйткені ол бейнекамералар жай тұрған жоқ, бәрін көріп, жадына жазып тұр. Қалай барлық камера жаңа жүйеге сәйкестендіріліп, қосылады, солай жол ережесін бұзғандарға «айыппұл хаты» топырлап келе бастайды.

Дегенмен Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті биылғы 1 шілдеден бастап мердігер компания мен жергілікті атқарушы органның арасында жасалған келісімшар мерзімі аяқталуына байланысты Өскемендегі бейнебақылау жүйесі қызметін тоқтатқанын мәлім етті.

«Бүгінгі таңда облыс орталығында фото-видео талдау жүйесі мен инфрақұрылымын дамыту жобасы іске асырылуда. Соған сәйкес бұрынғы бейнебықалау камераларды қайта баптау және жаңаларын орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Департаменттің құқықбұзушылықтың алдын алуға және заңсыздықты әшкерелеуге бағытталған Жедел басқару орталығының бақылау камералары қалыпты режимде істеп тұр», деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.  

Операторды «ақылды» жүйе алмастырмақ

Жоғарыда 2024 жылдың шілдесінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартының мерзімі аяқталды дедік. Соған сәйкес облыс әкімдігі мемлекеттік қызметтің шарттарын қайта қарастыра бастады. Ең әуелі жергілікті билік жол қозғалысы ережесіндегі бұзушылықты анықтайтын қолданыстағы аппараттық-бағдарламалық кешеннің техникалық мүмкіндігін жетілдіре түсу қажеттігін күн тәртібіне қойды. Жаңа жүйе ереже бұзған көліктердің нөмірін ғана емес сонымен қоса түр-түсін, маркасын және басқа да белгілерін анықтай алатындай болуы керек. Оның бәрі ереже бұзылған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай тізіліміне деректерді енгізгенде қате кетпеуі үшін өте қажет.

Тағы бір талап – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп маңындағы көлік жолын кесіп өтетін жаяу жүргіншілер жолында орнатылған бейнекамералардың санын көбейту. Жалпы, өңір билігі бүгінде қаладағы саябақтар мен орталық алаңдарда, скверлерде, мектептердің маңында және тұрғын үйлердің ауласында орнатылған 1700 бейнебақылау камерасы құқықтық тәртіпті сақтауға жеткіліксіз деп отыр. Олардың санын бес мыңға дейін жеткізу керек. Соған сәйкес бақылау жүргізетін операторлардың да санын көбейту қажеттігі туындайды. Мамандардың пікірінше, бір қызметкердің төрт-бес мониторды ғана қарауға мүмкіндігі жетеді. Егер ол адамға одан көп мониторды бақылау міндеті жүктелсе жұмыс сапасы төмендейді. Ал облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығындағы операторларды көбейту тиімсіз әрі қымбатқа түседі. Не істеу керек? Жаңа технологияның игілігін пайдаланатын сәт осы жерде туып тұр. Мамандар жасанды интеллектіні негізге алып бейнеталдау жүйесін әзірлеу қажет.

 «Ақылды» технологиялар қозғалып бара жатқан, жасырынған немесе аяқ астынан пайда болған кез келген объектіні бақылап, қозғалыс бағытына, адамдардың іс-қимылына талдау жасап, болуы ықтимал қауіпті заттарды автоматты түрде тіркеп отырады. Бұл реттегі оператордың жұмысы ақылды бейнебақылау жүйесі анықтаған оқиғаларды сараптап, өңдеу ғана. Яғни, операторға қаптаған көп мониторға көз алмай қарап, бақылап отырудың қажеті болмайды, – дейді Нұржан Жұмаділов.

«Сергектің» тағдыры не болмақ? Фото: ©El.kz/Қуан Сейіт

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде «Satory Company LTD» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Бастапқы кезеңде бейнекамераларды Өскеменде, содан кейін Риддер мен Алтай қалаларында орнату жоспарланған. Облыс орталығында қолданыста бар бұрынғы камераларға қосымша тағы 2 мың данасы орнатылмақ. Жаңа жоба аясында 243 өлшегіш кешенді жеткізу және орнату қарастырылған. Бұған қоса қолданыстағы 160 өлшегіш кешенді жаңғырту нәтижесінде 1900 жалпы бейнебақылау камерасын жеткізу және орнату, 1232 жалпы бейнебақылау камерасын орнату, 1 мың жалпы бейнебақылау камерасы мен қолданыстағы 1700 камераны орталықтандырылған платформаға біріктіру және қосу көзделіп отыр.

Болашақта деректерді өңдеу орталығының инфрақұрылымын құру, 240-тан астам мобильді құрылғыда (планшет) қосымшалар орнату және 300-ден астам бейнебақылау камерасына жасанды интеллектіге негізделген талдау жүйесін қосу және реттеу сияқты жұмыстар да жоспарланған.

Жалпы, алдағы уақытта облыста жиыны 5800-ден астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейтін болады. Қазір жаңа жүйеге көшу, «Сергекті» мемлекет балансына толық беру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл қыруар қаржы жұмсап әзірлеген бағдарламаның ары қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп ғана қоймай азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға