Сербияда «Ұлы дала әйелдері» көрмесі ашылды
Белградтың Халықаралық саясат және экономика институтында Қазақстанның Сербиядағы елшілігі Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазу мұрағатының, сондай-ақ «Women of Kazakhstan» ҮЕҰ Қазақстан әйелдерінің онлайн мұражайының қолдауымен «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесін ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ мәліметінше, серб жұртшылығының назарына тарихтың әртүрлі кезеңдерінде қазақстандық мәдениеттің, өнердің, ғылымның, саясаттың және спорттың дамуына үлес қосқан қазақ халқының көрнекті өкілдерінің суреттері ұсынылды.
Көрмені ашқан Қазақстанның Сербиядағы елшісі Мәди Атамқұлов қазақстандық әйелдердің ел тәуелсіздігін қалыптастырудағы баға жетпес рөлін атап өтіп, оларды Қазақстан халқының басты игіліктерінің бірі деп айтты.
Сонымен қатар қазақстандық дипломат жиналған қонақтарды әйелдердің экономикаға, саясатқа және қоғамдық қызметке қатысуын кеңейту жөніндегі мемлекетіміздің жүйелі шараларымен таныстырды.
Елімізді демократияландыру аясында парламенттік сайлауда өз кандидаттарының партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Көрмеге келушілер серб тіліне аударылған қазақ әдебиеттерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.