Жаңалықтар

Дәурен Абаев: Сөз – қуатты қару

Ақпарат және коммуникациялар министрімен сұхбат
Дәурен Абаев: Сөз – қуатты қару
19.05.2017 15:45 4681

Елбасының пәрменімен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз алдына дербес құрылым болғанда журналистер қауымы «бөркін аспанға атқаны» белгілі. Содан бері тура бір жыл өтті. Жаңа министрлік БАҚ-тың бағын аша алды ма? Жалпы ақпарат пен коммуникация салаларын нығайту үшін қандай іс атқарды? Осыған шолу жасау үшін ведомство басшысынан сұхбат алу көптен жоспарланған іс еді. Соған сай, әзірлеген сауалдарымыз да ауқымды болатын. Алайда, біз күткендегідей болмай шықты. Министр мырза дайын сұрақтарымызды ысырып қойып, ресми қалыптан тыс, еркін сұхбат құруға шақырды. «Кез келген сауалға жауап беруге дайынмын» деген соң, біз де сұрақтарды «қабырғадан қоюға» тырысып көрдік.

– Дәурен Әскербекұлы, бүгінгі сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін үлкен рахмет айта отырып, әңгімемізді қазір ең көп талқыланып жүрген мәселеден – ақпараттық қауіпсіздіктен бастағым келеді. Өзіңіз де білесіз, біздің қоғам шетелдік масс-медианың ақпараттық-идеологиялық ықпалы күшейіп тұр­ғанына қатты алаңдаулы. Осы салаға жетекшілік етіп жүрген адам ретінде бұл мәселеге не дейсіз?

– Әрине, мұндай проблеманың бар екені рас. Кейбір азаматтарымыз Қа­зақ­стан жаңалықтарынан гөрі шетелдік ақ­параттарды тұтынады, шетелдік фильмдер мен сериалдарды, телебағдарламаларды көбірек көреді. Оны біз жақсы білеміз.  Бірақ, бұл тек біздің елімізде ғана болып жатқан үрдіс емес. Мәселеге жан-жақты қарайық. Ең үлкен себептің бірі жаһанданудың әсері десек дұрыс болар. Өзіңіз де білесіз, жаһанданған заманда елдердің мемлекеттік шекарасын жабық ұстауға болатын шығар, бірақ, ақпараттық шекараны қымтап отыру мүмкін емес. Ал біз ашық қоғам құруға ұмтылып отыр­ған мемлекетпіз. Сондықтан, адамдар­дың ақпарат алудағы таңдау құқығын шек­темейміз. Тек (ақпараттың – ред.) еліміздің мүддесіне қайшы келмеуін қадағалаймыз. Екінші себебі, күшті мемлекеттер жүр­гізіп отырған «жұмсақ күш» саясаты. Үлкен державалардың технологиялық мүмкіндіктері күшейді, ақпараттық насихаты да бұрынғыдан кең тарала бастады. Қай-қайсысы да әлемге ықпалын жүргізуге тырысуда.  Дегенмен, барлығын жаһандануға жа­уып, ақталып шығуға болмайды. Жоғарыда айтып өткендер өз алдына, сонымен қатар ақпараттық экспансияға қолайлы жағдай елдегі масс-медиа ықпалының төмендігінен де болатыны анық. Өзге идеологияның тұтынушысы болу көбіне осындайдан туындайды.  Міне сол себепті де, бұл жұрт ойла­ған­дай оп-оңай шешілетін мәселе емес. Оны шешу үшін жан-жақты, кешенді шараларды қолға алуға тура келеді.

– Шетелдің насихат жүргізіп отырған телеарналарына тосқауыл қойсақ, мәсе­ле өзінен өзі шешілмей ме? Әлде оған шамамыз келмей ме?

– Сіз маған журналистер жиі қоятын сұрақты қайталап отырсыз.

– Журналистер ғана емес, мұндай пікірді айтып жүргендер көп.

– Журналистер кездескен сайын маған «Неге шетелдің телеарналарына тыйым салмаймыз? Кімнен қорқамыз?» дейді. Мәселе қорыққанда емес. Қажет болса, елімізде барлық шетелдік БАҚ-ты бір күнде шектеп, тек өзіміздікін қалдыруға болады. Сонымен мәселе шешіле сала ма? Жоқ, ешқашан шешілмейді.  Кезінде қырғи-қабақ соғыс тұсында Совет Одағы тура осылай жасады. Оны өзіңіз де білесіз. Америка мен Батыстан келетін ақпарат арналарының жолын тас қылып жауып тастады. Оның нәтижесі қандай болғаны тарихтан белгілі. Сол кезеңде шетелдік поп музыкаға, Гол­ли­вудтың фильмдері мен «Америка дауысына» жұрт қалай қызыққан болса, қазір де сол жағдай қайталанатыны сөзсіз.  Менің ұстанымым – мәселе шектеумен шешіле салмайды. Егер олар (шетелдік БАҚ – ред.) Қазақстан заңдарын бұзса, әңгі­ме басқа. Онда міндетті түрде шара қолданылады. Сондықтан, біз ақпараттық шабуылға қарсы тұру үшін ең алдымен отандық БАҚ-тың, журналистиканың, киноларымыз бен музыкамыздың бәсекеге қабілетін арттыруға тиіспіз.  Тағы да бір маңызды мәселе − біз тұтынушылық деңгейді көтеруіміз керек. Көрерменнің деңгейі өскенде, соған сай мәдениет те қалыптасады. Мысалы, Елбасы «Астана Операны» не үшін сал­ғызды? Осындай зәулім ғимаратты сал­масақ та өнеріміз өз ырғағымен даму үстінде болатын. Алайда, мақсат көрер­меннің әлемдік деңгейдегі өнерге сұра­нысын қалыптастыру еді. Сол сияқты, «Қаз­медиа орталығын» алайық. Осынша ақпарат құралдары бұл медиа орталық болмаған кезде де жұмыс істеп жатты. Бірақ, заманауи ғимаратта әлемдік стандарттарға сай жабдықтарға қол жеткен соң, біздің телеарна, радиоларымыз жаңа сатыға көтерілді.  Сондықтан, «өз қазанымызда ғана қайнамай», өзгелердің озық жетістіктерін бойға сіңіре білу керек. Сонда ғана басқа идеологияның ықпалына ермейтін, ақпаратты таңдап, талғап қабылдайтын көрермен қалыптасады. Елбасы рухани жаңғыру жөніндегі мақаласының «Сананың ашықтығы» деген тарауында бұл туралы өте ұтымды айтты. Сыртқы ық­палдан қорқып, есігімізді жауып отыра берсек, проблемамыз ешқашан шешілмейді.

– Әрине, проблеманы түсініп, білу бір басқа, бірақ, сонымен қатар, нақты іс те керек сияқты. 

– Сонда қазір нақты іс жоқ демексіз бе?

– Олай деп отырған жоқпын, бі­раз шаралар жасалып жатқаны рас. Бі­рақ, мәселені кешенді түрде қарасты­ратын жүйелі іс емес, көбіне жекелеген, нау­қандық шараларға көбірек сүйенетін сияқ­тымыз. Менің ойымша, солай сияқ­ты...

– Бұл сөзіңізбен де келісе алмаймын. Атқарылған жұмыс жеткілікті. Бір күндік емес, кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, сериалдар нарығын алайық. Өткен жылы «Хабар» мен «Қазақстан» 16 сериал түсірді. Олардың ішінде «Әке», «Ән-аға», «Іңкәр жүрек», «Ақылдың кілті» сияқты көптеген сәтті жобалар бар. Ен­ді бұл фильмдерді Қырғызстанның, Ресей мен Қытайдың телеарналары да сатып алмақшы. Бұл – сыртқы нарыққа шыға бастадық деген сөз. Бұдан былай шетел­дер­дегі қандастарымыз қазақ киноларын жергілікті телеарналардан көре алады.  Осының маңыздылығын түсін­ген­дік­тен, мемлекет сериалдар өндірісін қаржы­ландыруды одан әрі жалғастыруда. Жалпы, түрік пен үнді сериалдарын көрсетпеу керек деп қанша жерден шуласақ та, оларды алмастыратын өз өнімдеріміз болмайынша, оның барлығы бос сөз болып қала береді.

– Үндінің фильмінен құтыламыз дейміз, бірақ біздікі де солардың соқ­па­ғымен кетіп бара жатқан сияқты. Қайсысын көрсек те, от басы, ошақ қасын­дағы тартыстар. Мүмкін көрер­менге тың дүниелер ұсынатын кез жеткен шығар?

 – Оныңыз рас. Қарап отырсақ, қазір Батыс елдерінің экранында басты кейіп­кер­лер бұрынғыдай полицейлер емес, ғалым­дар, интеллектуалдар, стартаперлер мен кәсіпкерлер. Жұрт та отбасылық талас-тартыстан гөрі танымдық дүниелерге қызыға бастады. Былайша айтқанда, қазір қоғамдағы этика мен құндылықтарды осындай кейіпкерлер қалыптастыруда.  Осы тәжірибені біз де енгізуіміз керек. Қо­ғам­дық сананы жаңғырту деге­ні­міз сол. Сол үшін сериалдардың форматы мен тақырыптарын түрлі аудиторияға – жас­тарға, орта жастағы адамдарға, үлкендерге, ауыл халқына немесе қала қазақтарына, зиялыларға немесе жұмысшыларға тартымды етудің тәсілдерін қарастырып жатырмыз. Яғни, бізге барлық азаматтың көңілінен шығатын әртүрлі контент керек. Әрине, сонымен бірге, мелодрамалардан толықтай бас тартамыз деп айта алмаймыз. Олай етсек, экран алдындағы апаларымызды жоғалтып аламыз.

– Әрине, айтқандарыңыздың бәрі жақсы, бірақ бұл да ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жұмыстың жүйелілігін дәлелдей алмайды ғой. 

– Бұл бар болғаны бір ғана мысал. Қажет болса, көптеп келтіруге болады. Мысалы, радиохабар тарату саласын алайық. Министрлік құрылғаннан кейін азаматтардан осы мәселеге қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Шекаралық аудандарда радио хабарын таратуға қатысты бұрыннан қордаланған проблемалардың бар екенін депутаттарымыз да, ақпарат құралдары да көтерді. Осыған қатысты министрлік бүкіл Қазақстан бойынша мемлекеттік радиостансалардың қамту аясына талдау жасады. Сондағы таңғалдырғаны, біздің елдің біраз жерінде, әсіресе оңтүстік өңірлерде өзіміздің радиосигналдар өте нашар болып шықты. Керісінше, олар үшін Қырғыз, Өзбек, Ресей, тіпті Қытайдың радиосын тыңдауға мүмкіндік мол екен. Осындай проблемаларды жою үшін біз отандық радиохабарды дамыту туралы арнайы бағдарлама әзірледік. Бұл бағ­дар­ламаның арқасында «Қазақ радиосы», «Шалқар» сияқты радиостанция эфирлері бүкіл Қазақстан аумағын қамтитын болады. Тозған сигнал таратқыштарды ауыс­тыру арқылы мемлекеттік радиохабар желісін жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Сонда радиохабарларымыз қала мен ауыл тұрғындарында бірдей деңгейге жетеді. Сонымен бірге радиолардың мазмұнын жақсарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Тағы бір мысал ретінде «Отау ТВ-ны» дамытуға тоқталайық. Мемлекет қомақты қаржы бөліп, осының нәтижесінде ұлттық спутниктік оператордың қамту аясы 28 пайызға жетті. Қазір 1 млн 200 мың отбасы – «Отау ТВ» тұтынушысы. Егер, орташа есеппен бір отбасында 4 адамнан десек, отандық телеарналардың тұрақты көрермендері қаншалықты ұлғайғанын шамалауға болады.  Мұның бәрі не үшін жасалып жатыр? Бұл, ең алдымен, көрермендеріміз өз арналарымызды жақсы сапада көруі үшін және заңнамамызды толық сақтайтын телеарналарды қарауы үшін жасалған шаралар. Негізі мұндағы түпкі мақсатымыз – халықтың арасында «серые тарелки» деп аталып кеткен спутниктік қабылдағыштарға қажеттілікті, әсіресе, солтүстік өңірлерде азайту. Өйткені, бұл қабылдағыштар бірде бір отандық арнаны көрсетпейді. Осының салдарынан кейбір ауылдар Қазақстан жаңалықтарын мүлде көрмей келген. Бұл дегеніміз − ақпараттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп. Міне, біз осы проблеманың алдын алып жатырмыз. Өзіңіз білесіз, шетелдік телеарналардың эфиріндегі жарнама трансляциясына да тыйым салдық. Ол да ақпараттық кеңістікті нығайту мақсатындағы шара. Сонымен қатар, министрлік құрылған күннен бастап мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғыртуға кірістік. Алдымен телеарналар туралы айтайын. Еліміздегі тұңғыш кино арнасы – «Ел Арнаны» аштық. Онда тек өз фильм­деріміз көрсетіледі. «Kazakh TV»-ға реб­рендинг жасап, оны шетелдік аудито­рияға бағдарладық. Жақында бұл арна Қырғызстан аумағында қырғыз тілінде хабар тарата бастайды.  «Қазақстан» Ұлттық арнасы да жаң­ғырды. Отандық сериалдар, саяси ток-шоулар сияқты жаңа төл жобалары пайда болды. Ал «Хабар мен «Хабар-24» бірін бірі қайталаудан арылып, әрқайсысы өз орнын тапты.  Мерзімді баспасөзді дамытуға келсек, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің қалай жаңарғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Бұл газеттердің форматы ғана емес, редакциялық саясаты да өзгерді. Басылым беттерінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер жиі жариялана бастады. Интернет-ресурстарды дамыту туралы айтсақ, adebiportal және National digital history сайттары жаңғыртылып, жаңа форматта ашылды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі жұмыс форматын өзгертті, қазір ол Қазақстандағы жұрт жаппай оқитын агенттіктердің біріне айналды.  Телевизия саласында таяуда ғана «Тұмар» деп аталатын арнайы сыйлық тағайындап, үздіктерді марапаттадық. Енді баспа, интернет және радио саласының мамандары үшін «Үркер» сыйлығын жарияладық. Бұл да ынталандырудың бір құралы болып саналады.  Осының бәрі – БАҚ-тың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру бағытында жасалған жүз­деген адамның орасан еңбегі. Атқа­рыл­ған жұмыс өте көп. Мен соның бір парасын ғана айтып өттім.  Өздеріңіз білесіздер, Елбасы рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында қоғамды жаңғыртатын ұлттық-ақпараттық жобаларды іске асыруды тапсырды. Осыған сай, біз рухани жаңғырудың барлық бағыты бойынша республикалық БАҚ-тарда ірі жобаларды бастаймыз. Жақында ғана сондай ауқымды шараның бірі – дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған «Мен қазақпын!» телевизиялық мега жобасын таныстырдық. Бұл да ақпараттық қауіпсіздікті нығайтудың бір жолы.

 – Бұл айтқандарыңыз – шынымен де үлкен шаралар. Көп жұмыс жа­сал­ғанына көзіміз жетті. Әсіресе, шека­ралық өңірлердегі жобаларыңыз қуан­тып отыр. Өңірде жұмыс істегенде талай көтергендіктен, мұның үлкен мә­селе екенін жақсы білемін.  Дәурен Әскербекұлы, сонымен БАҚ саласының мәселелері біршама қам­тылған сияқты. Енді байланысқа да тоқ­талсақ. Ауыл халқы сапалы интернетке қашан қол жеткізеді?

– Иә, бұл да өте өзекті мәселе. Минис­тр­лік құрылғанда Елбасы айтқан міндет­тердің бірі де осы коммуникациялық ин­фра­құрылымды жақсарту болатын. Биыл­ғы Жолдауында да оптикалық-талшықты инфрақұрылыммен жаппай қамтуды атап тапсырды. Жалпы, цифрлы индустрияны құру үшін ең бірінші халықты интернетпен қамтамасыз ету қажет екені анық. Әрине, қазір ауылдардың көпшілігінде интернет байланысы бар. Бірақ, оның сапасы сын көтермейтінін жақсы білеміз. Сондықтан қазір «Ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін құру» жобасын жүзеге асыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Осы жоба сәтті жүріп кетсе, алдағы үш жылда 1900 ауылға желі тартылып, 5 миллионға жуық адам сапалы интернетке қол жеткізеді. 

– Мұныңыз жақсы жаңалық екен! Тағы бір мәселе – сіздер жұртшылық қызу талқылап, әлеуметтік желілерде біраз шу болған жаңа заң жобасын әзірледіңіздер. Сонымен, адамның жеке басына қатысты мәліметтерді жариялау үшін журналистер жазбаша рұқсат алу керек деген пікірден әлі де айнымадыңыз ба?

– Өзіңіз білесіз, бұл заң жобасына қа­тыс­ты жұмыстың жүріп жатқанына 9 ай болды. Осы уақыт ішінде қаншама талқылаулар, пікірталастар, жұмыс тобының отырыстары мен қоғамдық тыңдаулар өтті. Құжатқа 200-ден астам түзету мен толықтыру енгізілді. Сенсеңіз, менің қолымда заң жобасының 15 нұсқасы болды. Жобаны 35 мемлекеттік органның келісімінен өткіздік. Есіңізде болса, алғашқы тұжырымдамасы әзірленген бетте біз оны интернетте жариялап, жалпы талқылауға шығардық. Соған қарамастан, сіздің сөзіңізге қарап, журналистердің ойы әлі өзгермегенін көріп отырмын.  Иә, жеке басқа қатысты мәліметті жария­лау үшін келісімін алу қажеттігі жөнін­дегі талап күшінде қалды. Бірақ, ол келі­сімді енді диктофонға жазу арқылы да алуға болады.  Бұл белгілі бір деңгейде БАҚ өкіл­дері­нің жұмысын күрделендіруі мүмкін. Бірақ адамның жеке өміріне араласуға болмайтынын ешкім әлі жоққа шығарған жоқ. Бұл – жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі декларацияда бекітілген қағидат. Бірқатар Еуропа елдерінде, оның ішінде Франция, Грекия, Венгрия сияқты елдерде осыған ұқсас ережелер бар. Сондықтан, заңды әзірлей отырып, біз БАҚ саласының дамуын ғана емес, қарапайым азаматтардың да мүддесін есте ұстауға тиіспіз. Мысалы, біз бұл заң арқылы БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшы­раған балалар туралы мәлімет жариялауға тыйым салғымыз келеді. Қарап отырсақ, бұл да шектеу, алайда бұл қажеттіліктен туындаған шектеу. Кейде біз сенсация қуамыз деп жүріп, сөздің қандай қуатты қару екенін ұмытып кетеміз. Ақпарат құралдары қазір рейтинг қуып, небір жантүршігерлік деректерді оңды-солды жариялап жатыр. Жәбір көрген баланың өмірі енді қалыпқа түсе бергенде, ондаған жылдан кейін осы деректер алдынан шыға келсе қандай трагедия болатынын қазір БАҚ өкілдері де, кейбір жағдайда ата-аналар да пайымдап жатқан жоқ. Сондықтан, бір ғана ақпарат адамның бүкіл өмірін құртып, отбасын ойрандауы мүмкін екенін естен шығармаған абзал.  Дегенмен, біз жобаны алдағы уақытта Мәжіліске енгіземіз. Негізгі талқылау Парламент қабырғасында болады. Яғни, қызу пікірталастар әлі алда деген сөз.

– Әрине, қазір Ақпарат және ком­му­никациялар министрлігінің ашық­тығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, министрлік азаматтық қоғаммен іс жүзінде келіссөздер жүргізгенмен, олардың талаптарын қабылдауға бара бермейтін сияқты... 

– Сіздің бұл ойыңызды мүлде негізсіз, тіпті жалаң сөз деп айтар едім. Үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері заң жобасына 200-ге тарта түзету мен толықтыру ұсынды. Оның 70 пайызын біз қорытынды құжатқа енгіздік. Өзіңіз білетіндей, БАҚ-тың негізгі қожайыны туралы мәліметтерді жариялау, блогерлерді тіркеу сияқты көптеген норма қабылданбады. Осының барлығы азаматтық қоғамның қалауы бойынша іске асқан шаралар. Бүкіл қоғам заң жобасы туралы білсін, оны талқылауға атсалыссын деп, бар мүмкіндікті жасадық. Себебі, бұл – біз үшін де үлкен тәжірибе. Мұ­ның бәрі болашақта әлі талай салалық заң­дарды жазғанда қажет болады деп ойлаймын. 

– Түсінікті. Енді әңгіме ауанын сәл басқа бағытқа бұрсақ. «Хабар» арнасындағы «Дәурен Абаевпен ашық диалог» деген бағдарламаға шығып жүрсіз. Мен сұхбатқа келер алдында осы бағдарламаны қарап шықтым. Идея қайдан туды? 

– Маған Михаил Дорофеев хабарласты. Осындай бағдарлама шығарғысы келеді екен. Тұжырымдамасы бірден ұнады. Жақсы дүние болса, неге шығармасқа? 

– Дегенмен, бұл меморгандардың жұмысындағы кейбір олқылықтарды жасырып-жабуға талпыныс болып көрінбей ме?

– Жоқ, мен өзіме ондай міндет қойған емеспін. Жалпы, біздің министрлердің ашықтығы да қазір айтарлықтай жақсара түсті. Үкімет мүшелерінің әр отырыстан кейін журналистердің сұрағына тартынбай жауап беретінін көріп жүрген боларсыз. 

 – Яғни, мемлекеттік органдардың ақпараттық мәселелерге қатысты іс-қимылына көңіліңіз толады ғой? 

– Тұтастай алғанда, мемлекеттік орган­дардың іс-қимылы жеткілікті деңгейде деуге болады. Ведомстволар қажетті жұ­мысты жүргізіп жатыр. Бұл тұрғыда, біз де жариялылықты қамтамасыз ету ісін жүйелі түрде қарастырып отырмыз. Мысалы, мемлекеттік органда БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлімнің немесе өкілетті тұлғаның міндетті түрде болуын жаңа заңда атап көрсетеміз. Олар сол органның бірінші басшысына ғана бағынатын дербес құрылым ретінде қарастырылып, біздің министрлікпен өзара іс-қимылының тәртібі де анықталады.  Сонымен қатар, біз мемлекеттік орган­дар­дың БАҚ-пен жұмысының жаңа ереже­сін бекіттік. Онда өңірлік деңгейді де қам­тыдық. Бұл бастамалар қазірдің өзінде нәтижесін көрсетіп жатыр. 

– Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласынан кейін Ресей баспасөзі қазақ әліпбиін латынға көшіру мәселесі төңірегінде әжептәуір даурығып барып басылды. Осы жағдайдан не түюге болады? 

– Меніңше, бұл ар жағында нақты саяси мүддесі жоқ, әншейін даурықпа әңгіме ғана.  Латын қарпіне көшу – Қазақстанның тәуелсіз ел ретіндегі ішкі мәселесі. Елбасы ел­дің келешегі үшін осындай бастама көтерді, оны күллі халық қолдады. Жә­не бұл бір күннің ішінде қабылданған ше­шім емес, егемендік алғаннан мұқият сара­лан­ған мәселе. Қазіргі шаралар – сол бағыт­тағы жүйелі жұмыстардың жалғасы. Бұл жерде Елбасының көздегені – елдік мүддені жүзеге асыру. Сондықтан, мұндай жарияланымдар мен пікірлерге аса мән берудің қажеті жоқ.

– Соңғы сұрақ. Негізі мұны жур­на­листердің өтініші десек дұрыс болар. Министрлік осы бір жыл көлемінде ақпарат саласына арналған бірқатар жиын өткізді. Бірақ, қазақтілді БАҚ-тың қордаланған мәселелерін талқылайтын арнайы басқосу қажет деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

– Бұл мәселе біздің де ойымызда. Ал­дағы уақытта кездесулер болады. Жа­қында БАҚ өкілдерінің, соның ішінде ин­тернет-ресурстар редакторларының басын қосатын, қазнеттің мәселелерін талқылайтын арнайы жиын өткізуді жос­парлап отырмыз. 

 – Дәурен Әскербекұлы, бір сұхбатта бәрін қамту мүмкін емес, дегенмен, бүгінгідей ашық әңгіме алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенемін. Уақыт бөлгеніңіз үшін көп рахмет! 

– Әрине, орайы келгенде әлі талай сұхбаттасуға, кез келген сұраққа жауап беруге дайынбыз.

Әңгімелескен: Думан Анаш

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға