Жаңалықтар

«Сенің дауысың – сенің болашағың» байқауының жеңімпаздары анықталды!

2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін ҚР Президенті сайлауын қолдауға арналған «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы мәресіне жетті.
20.04.2015 07:13 4152

2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін ҚР Президенті сайлауын қолдауға арналған «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы мәресіне жетті. Жеңімпаздардың есімі бүгін Алматыда өткен ОКҚ брифингінде анықталды. 

«Сенің дауысың – сенің болашағың»  байқауының жеңімпаздары анықталды!

«Сенің дауысың – сенің болашағың» атты жалпыреспубликалық постерлер байқауы 17 наурыздан басталды. Байқауға қатысушылардың дені 18-20 жас аралығындағы жастар. Жасы ең кішісі – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектептің 5 сыныбында оқитын 14 жастағы Шұғыла Махамбет.

Осы маңызды шараға байланысты байқаудың бас қазылары да өз ойларын ортаға салды.

– Бүгін біз «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты байқаудың жеңімпаздарын анықтадық. Байқауға 736 жұмыс келіп түсіпті. Әрине, жұмыстар өте қызықты. Әрбір автор идеяны өзінше жеткізгісі келген, творчествалық күш жұмсаған. Өзінше композициялық шешім қабылдаған, – дейді Қазақстан суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков.

Байқауға республикамыздың барлық өңірі қатысты. Ауылдардан бастап үлкен қала тұрғындарына дейін белсенді атсалысты. Постерлер байқауына келіп түскен жұмыстардың дені Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының еншісінде. Тіпті, жұмыстардың жартысы аталған үш облыстан келді деуге болады.

– Байқауға түскен жұмыстарды көріп, жан дүниесімен жасағанын байқауға болады. Шығармашылық ізденіс бар. Ал, қатысушылардың санына қарап, еліміздің бірлігі жарасқан біртұтас ел екенін көруге болады, – дейді белді продюсер Алуа Қонарова.

Байқауға қатысты жұмыстарды қабылдау 15 сәуірде тоқтатылды. Бас қазылар үздік жұмыстарды таңдап, 20 сәуірде қорытындысын шығарды:

Бас жүлде (Гран-при) – алматылық Қазыкенов Еркебұлан Өмірханұлы;
1 орын – астаналық Бокина Айнұр Бақытбекқызы;
2 орын – павлодарлық Резунова Виктория Вадимовна;
3 орын – алматылық Ахтанов Сағидулла Халекесұлына бұйырды.

Осы байқауға байланысты «ҚАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы арнайы номинация белгілеп, үздік үштісті таңдады.Олар:

1 орын – астаналық Махамбек Бекзат Әбілдаұлы;
2 орын – Мұхамбет Миіржан Мұхамбектұлы (орал қ.);
3 орын – Рената Евсеева (Талдықорған қ.);

Естеріңізге сала кетейік, «Сенің дауысың – сенің болашағың» республикалық постерлер байқауы El.kz әлеуметтік желісінің базасында «Sailau2015.el.kz» қосымша жобасы ретінде іске асты. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға