Жаңалықтар

Сенаторлар ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Ветеринария саласындағы кадрларды даярлау мәселелері қарастырылды
Сенаторлар ветеринарлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Фото: senate.parlam.kz 06.11.2022 16:40 1062

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Алматы қаласында көшпелі отырыс өткізді, онда ветеринарлық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді талқылады,  деп хабарлайды El.kz  Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комитет төрағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамытуға зор маңыз беретінін және де мал басының саулығы мен өнімділігі ветеринария саласын жетілдіруге және жергілікті жердегі мамандардың тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті.

«Сапар мақсаты – ветеринария қызметін одан әрі дамытуға, отандық ветеринарияны ғылыми және кадрлармен қамтамасыз ету және еліміздің мал өсіру шаруашылығының тұрақты әл-ауқаты мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің саясатын талқылау болып табылады», - деді Әли Бектаев.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов ветеринария жүйесін реформалау аясында қордаланған мәселелерді шешуге тоқталды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың жай-күйі туралы парламентшілерге баяндады.

Сенаторлар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өткізіп, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.

Талқылау барысында сенаторларға салада мемлекеттік қолдау көрсетудің, мал шаруашылығын ветеринарлық қолайлықпен қамтамасыз ету бойынша ғылыми сүйемелдеудің қалай іске асырылатыны туралы, сондай-ақ малдың инвазиялық және жұқпалы емес ауруларына диагностика жасау, оларды алдын алу және емдеу тәсілдері мен әдістерін, теориялық негіздерін әзірлеу мен олардан күтілетін нәтиже мен стратегия жайында айтылды.

Депутаттар қорытындылай келіп, ауыл шаруашылығын дамытудағы заманауи ветеринария ғылымының шешуші рөлі және онсыз еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің қомақты бөлігін экспорттауды ұлғайту мүмкін еместігін атап өтті. Парламентшілер осы орайда кадрларды даярлау, еңбекақыны көтеру және көптеген үдерістерді цифрландыру бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмыстың қажеттігі туралы айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға