Сенаторлар Маңғыстау облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылады
Сенаттағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олар Маңғыстау облысына сапар барысында айтылған ұсыныстарды іске асыру мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.
Комитет төрағасы Әли Бектаев сенаторлар биылғы 26-27 мамырда Маңғыстау облысында «Ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізгенін айта келіп, сапар барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық кәсіпорындардың қызметімен танысқанына тоқталды. Кездесу барысында өңір тұрғындары бірқатар проблемаларды көтерген болатын. Депутаттар өз кезегінде мәселені жан-жақты талдап, шешімін табу үшін салалық мемлекеттік органдардың алдына қойды.
«Сапар барысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері, оның ішінде салалық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешеннің ағымдағы жағдайы талқыланды. Кездесуге қатысушылар өзекті мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірген болатын. Ол ұсыныстарды қарап шыққаннан кейін біз Үкіметке ұсынымдар әзірледік. Бүгін сол ұсыныстардың жобасын талқылау, оларды іске асыру бойынша пікір алмасу және құжаттың түпкілікті нұсқасын қабылдау үшін сіздермен кездесіп отырмыз», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері, Маңғыстау облысы әкімдігі мен мәслихатының және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың басшылығы қатысты.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері өңірдегі жайылымдардың, суармалы жерлердің тапшылығына байланысты проблемаларды, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселелері туралы айтты және жағдайды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Шара қорытындысы бойынша кездесуге қатысушылар ауылдық аумақтарды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі.