Сенаторлар ІІМ басшылығымен кездесті
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталығында болды, деп хабарлайды El.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар министрлік басшылығымен кездесуде Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі міндеттерді іске асыру мәселелерін талқылады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кездесу барысында депутаттарды полиция қызметіне негізгі IT-өнімдер мен зияткерлік цифрлық жүйені енгізудің негізгі бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ саланы одан әрі жаңғырту және қылмысқа қарсы күресті оңтайландыру жөніндегі өз ойларымен бөлісті.
Сенаторлар еліміздің халқын толғандырып отырған бірқатар мәселелерді, атап айтқанда, «Сергек» камералары жұмысының тиімділігі, электронды білезіктерді енгізуді, автомектептер мен техникалық байқау орталықтарының қызметін лицензиялауды талқылады.
Қазір ішкі істер органдары қызметінің барлық бағытындағы жұмысқа ықпал ететін заңнамалық шараларды қабылдау жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Ол күнделікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу мәселелеріне де, бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайға да қатысты. Осы шаралардың бәрі Мемлекет басшысының құқық үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған, - деп атап өтті сенатор Андрей Лукин.
Депутаттар кездесуді қорытындылай келе, ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруді көздейтін сындарлы жұмыстарды министрлікпен бірлесе отырып жүзеге асыруға сенім білдірді.