Жаңалықтар

Сенаторлар елордадағы кітапханалардың қызметімен танысты

Сенаторлар елордадағы кітапханалардың қызметімен танысты
Фото: senate.kz 22.05.2024 14:40 681

Сенат Төрағасы бастаған Палатаның бір топ депутаты Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда аталған жүйе 22 кітапхананы біріктіреді. Сенаторлар оқу залдарына арнайы барып, кітап қорына назар аударды. Сондай-ақ олар кітапхана қызметкерлерімен бірге елімізде бұл саланы дамыту және халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру және білім беру саласын ілгерілету бағытында кітапханалардың атқаратын рөлі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері осы саладағы өзекті мәселелерге де тоқталып, бүгінде оларды шешу жолында барлық деңгейде жүйелі және кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда елімізде кітапханаларды дамыту, бұл бағытта жаңа, креативті жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның аясында Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар салынады. Ұлттық кітап күнін бекіту мәселесі де талқыланып жатқаны белгілі. Сондай-ақ бүгінде «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция өткізілуде. Бұл бастамаға сенаторлар да өз үлестерін қосып жатыр, – деген Мәулен Әшімбаев ел ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтарды жаңа акцияға үн қосып, оған белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы кітапханашылардың мәртебесі мен беделін арттыру мәселесінің маңызды екенін айтты. Бүгінде мектеп кітапханашылары Педагог мәртебесі туралы заңда қарастырылған жеңілдіктер мен қолдаудың игілігін көре алмай отырғанын ескерсек, бұл өзекті проблема екені анық.

Кездесуде елордадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметі туралы да сөз болды. Онда шығармашылық кездесулер өткізетін зал, коворкинг орталық, өлкетану секторы және кітап оқуға жетелейтін басқа да тың бастамалар қарастырылған.

Айта кетейік, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы 1975 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол – Астанадағы ең ірі кітапханалардың бірі. Кітап қорында 167 мың кітап бар. Ал, оқырмандар саны 8000 адамға жетеді. Былтыр жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде кітапхананың материалдық-техникалық базасы мен жиһаздары жаңғыртылды. Сондай-ақ нысанның қасбеті жаңарып, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға