Жаңалықтар

Сенаторлар ел экономикасына қатысты мемлекеттік органдардың есебін тыңдады

Сенаторлар ел экономикасына қатысты мемлекеттік органдардың есебін тыңдады
Фото: senate.parlam.kz 11.05.2023 21:35 697

Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту жөніндегі шаралар туралы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Оған Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығы қатысты.

Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде Қазақстанға экономиканың ерекшелігін ескере отырып, отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру саласына кредит беру аса маңызды екенін атап өтті.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті бизнесті дамытатын және халықтың тауарлар мен қызметтерге деген сұранысын ынталандыратын құрал ретінде экономиканың қаржы секторына үнемі назар аударып келеді. Атап айтқанда, халыққа арналған жаңа банк өнімдерін енгізу, екінші деңгейдегі банктер арқылы экономикаға несие беру, сондай-ақ банктік несиеге балама қаржыландыру көздері мәселелері бойынша бірқатар шаралар өткіздік, - деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 10 наурызында «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында отандық кәсіпкерлік субъектілері мен еліміз халқын қолдауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Сенаторлар осыған байланысты Президенттің тапсырмаларын орындау жөніндегі құзыретті мекемелер басшыларының баяндамаларын тыңдады. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов осы мәселе туралы айтып берді.

Депутаттар дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша несие беру саласындағы жағдайды жақсарту жөнінде ойларын ортаға салып, сондай-ақ салалық министрліктер мен мекемелердің атына кейбір ұсыныстарын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға