Жаңалықтар

Сенатор жас қыздардың жүктілігі 1,5 есе көбейгенін айтты

Сенатор жас қыздардың жүктілігі 1,5 есе көбейгенін айтты
Фото: pixabay.com 30.01.2025 13:33 198

Репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу және балалар мен жасөспірімдер арасында тиісті ағарту жұмыстарын күшейту керек. Сенатор Нұртөре Жүсіп осы мәселе туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан.

Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Соңғы төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?, - деді сенатор.

Депутат мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Соңғы жылдардағы жағдай барлық мүдделі тараптардың, әсіресе білім беру және денсаулық сақтау салалары өкілдерінің мәселеге белсенді араласуын талап етеді.

Біз бұл проблемаға айрықша назар аудармай болмайды. Бұл өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық. ҚР Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет, - деді ол.

Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды екеніне тоқталды.

Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек, - деді сенатор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға