Жаңалықтар

Сенатор ұлттық құндылықтарды сақтау туралы мәселені көтерді

Сенатор ұлттық құндылықтарды сақтау туралы мәселені көтерді
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 28.03.2024 12:40 686

Жастар Қазақстан тарихын жете білмейді, қазақ тілі шұбарланып барады, күллі халқымызға қасиетті домбыраны харам деген делқұлылар пайда болды. Сенатор Сәкен Арубаев Үкімет басшысының атына ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Сенатордың сөзінше, қазіргі қазақстандықтар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан батырлар мен тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар болып шықты. Себебі тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта нәтижелі мемлекеттік бағдарлама мен кешенді даму жоспары қабылданбаған.

Біздің ата-бабадан қалған, мұра мен мирас болған ұлттық құндылықтарымыз қашан да біліммен, намыспен, таныммен, тәрбиемен ұрпаққа дарыған. Өкінішке қарай, қоғамдық санаға тірек болар осындай қастерлі қасиеттер – батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету ашық көрініске ие болып бара жатқандай. Керек десеңіз, қазақтың қара домбырасын харам деген ғайбат сөзді де естідік. Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ ұлттық тарихымыздың діңгегіне айналған, батырлар мен арыстарының есімдерін мақтанышпен айтудан, өмір жолдарын білуден тыс қалғандай. Жастар «Абай кім?», «Қабанбай кім?», «Ақан кім?», «Қаныш кім?» деген сауалдарға «әкім, министр, атақты спортшы» деген өзек өртер жауаптар берді, - деді сенатор.

Сәкен Арубаев осы саладағы жағдайды жақсартуға, ұлттық сананы бекемдеуге және қазақстандықтардың рухани құндылықтарын сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныс айтты.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен бірлесе отырып, мемлекет басшысы жанынан ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет. Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен  азаматтық  қоғам  белсенділерін тарту керек. Шет елдерден келетін туристерге, қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілдегі түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек, – деді сенатор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға