Сенатор: Үкімет назар аударуы үшін қанша газ баллоны жарылуы керек?
Газ саласындағы мәселеге Үкімет назар аударуы үшін қанша газ баллоны жарылуы керек және қанша адам өлуі керек? Бекбол Орынбасаров газ саласындағы жағдайға өзінің наразылығын білдіріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сенатордың пікірінше, газды тасымалдау мен пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін газды міндетті түрде иістендіру шарасын қолға алу қажет. Өйткені табиғатта ол газ иіссіз болғандықтан оған ерекше иіс беру керек. Газ шығып кеткен жағдайда адам газдың иісін сезінуі үшін ол аса маңызды. Депутаттар тарапынан бұл мәселе бұрын да көтерілген болатын, алайда Үкімет әзірге шығарып салма жауап хаттармен шектеліп келе жатыр. Сондықтан да қазіргі уақытта саладағы жұмыстар мемлекеттік органдар тарапынан бақылаусыз және қараусыз қалуда.
Жергілікті атқарушы органдардың бұл шараны іске асыруға штаттық бірлігі де, қаражаты да және біліктілігі де жетпейді. Олар тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым ішінде орналасқан тұрмыстық баллондар мен газ тұтынатын жүйелерге ғана бақылау жүргізеді. Табиғи иіссіз келетін газдың ағып жатқандығын анықтайтын «құрал» қарапайым халықта мүлдем жоқ. Сондықтан одоризациялау шарасы жүрмеген табиғи газдың сыртқа кетіп жатқандығын анықтау мүмкін емес. Салдары неге әкеліп жатқандығын өздеріңіз көріп отырсыздар. Қостанай облысында газ жарылып, нәтижесінде адамдар опат болды. Көктемде Жаңаөзен қаласындағы газдың жарылуынан қайғылы оқиға болды. Ол жерде де көптеген адам шығынына әкеліп соқтырды. Мұндай жағдайлар 2007 жылдан бастап жыл сайын қайталанады, - деді сенатор.
Депутат атап өткендей, аталған мәселелерді жіпке тізіп, жергілікті атқарушы органдар орталық мемлекеттік органдарға ресми хатпен де бірнеше рет көтерген. Олардың ұсыныстарына да тиісті «реакция» жоқ. Парламент депутаты жергілікті атқарушы органдардың өзін-өзі басқарудың дербестігін күшейту деген сылтаумен ең қауіпті функцияларды жергілікті әкімдіктерге жүктеуді тоқтату қажеттігін атап өтті.
Газ және лифт шаруашылығы саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қадағалау және бақылау өкілеттіктеріне мониторинг жүргізіп, аражігін ажырата отырып, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Әлеуметтік және тұрмыстық нысандарға газ беру кезінде одоризациялық қондырғылардың режимдік жағдайда жұмыс істеуін есепке алу мен бақылауға баса мән беру керек. Жеделсаты жұмысын қауіпті жүк көтергіш механизм ретінде тану және тұрғын үйлер лифтілерінің кепілдік мерзімінің өткендерін ауыстыру бойынша жаңа бағдарлама әзірлеу керек, - деп атап өтті сенатор.