Сенатор елімізде пластикалық қалдықтарды өңдеу жүйесінің артта қалғанын айтты

Сенатор Ольга Булавкина Сенат отырысында Қазақстанда қоршаған ортаның пластикалық қалдықтармен ластануына қатысты мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелеріне қарамастан, пластикті қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз, ал халықтың экологиялық мәдениет деңгейі төмен. Бүгінде елімізде пластикалық қалдықтардың тек 10%-ы ғана қайта өңделеді, қалған бөлігі қоқыс алаңдарына тасталып, табиғатты ластап, жағылған кезде улы газдарды бөледі. Бөлек жинау инфрақұрылымының жоқтығы және халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі салдарынан пластикалық қалдықтардың тек 10%-ы ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына кетіп, жағылғанда метан мен басқа да зиянды газдарды бөледі. Заманауи технологияларды енгізудің қымбаттығы мен қайта өңдеу саласына инвестиция тапшылығы бұл бағыттың дамуын тежеп, полигондардың көбеюіне әкеліп отыр, – деді Ольга Булавкина.
Депутат сонымен қатар пластикалық бұйымдарға арналған мемлекеттік стандарттардың ескіргенін және микропластикке қатысты елеулі қауіптер барын атап өтті. Оның айтуынша, түрлі пластик түрлерін өндіру кезінде 4 мыңға жуық химиялық зат қолданылуы мүмкін, олардың шамамен 600-і адам денсаулығына қауіпті. Өз үндеуінде сенатор бұл мәселелерді шешуге кешенді көзқарас ұсынды. Атап айтқанда, эколог Евгений Мұхамеджановтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «ECONetwork» жобасының тәжірибесін кеңінен енгізу, сондай-ақ Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттік стартаптарының үлгісін қолдану қажеттігін атап өтті.
Пластик өңдеушілер үшін салықты азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын, субсидиялар мен «жасыл» гранттарды, сондай-ақ өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігін қарастыратын арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Бұдан бөлек, бизнес пен «жасыл» инвестицияларды тартуға басымдық беру керек. Сонымен қатар ECO Network пен Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың тәжірибесі негізінде халықтың экосанасын арттыру және қалдықтар пайда болатын жерде аз көлемдегі пластикті қайта өңдеуге арналған шағын желілерді құру жөніндегі табысты жобалар мен студенттік стартаптарды кеңінен енгізу маңызды, – деп ұсыныс білдірді депутат.
