Сенат Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңды мақұлдады
![Сенат Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңды мақұлдады Сенат Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңды мақұлдады](/storage/storage/element/2025/02/13/mainphoto/142321/1200xauto_FPc5BPffL0OF4LFNKDCRMIcjQzka2XsxFVBJnzJ9.jpg)
Сенат депутаттары "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң Түркістан қаласының тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Заңға сәйкес, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарында орналасқан нысандарды басқару, сақтау және олардың тұтастығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құру көзделген. Сонымен қатар, заңда келесі бағыттар қарастырылған:
-
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймақтарындағы тарихи және мәдени ескерткіштерде археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау және жүргізу;
-
Тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту, қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді өркендету;
-
Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі шешімдерді ғылыми тұрғыдан негіздеу;
-
Түркістан қаласының халықаралық ынтымақтастығын дамыту.
Сонымен қатар, заңда тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі нормалар нақты көрсетілген. Түркістан қаласының археологиялық және инфрақұрылымдық ескерткіштеріне қатысты ережелер де белгіленген.
Сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, құрылыс салуды реттеу аймағында жүргізілетін құрылыс жұмыстары тарих және мәдениет ескерткіштерінің сәулеттік келбетін бұзбауы тиіс. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау мақсатында, оның қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ көлемі, түсі мен құрылыс материалдары тарихи-мәдени ескерткіштермен үйлеспейтін нысандардың салынуына жол берілмейді.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)