Жаңалықтар

Сенат төрағасы Кипр Республикасының Сыртқы істер министрімен кездесті

Сенат төрағасы Кипр Республикасының Сыртқы істер министрімен кездесті
Фото: senate.parlam.kz 26.03.2024 05:21 494

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен кездесті. Сұхбат барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Сенат спикері өз сөзінде Константинос Комбосты және барша Кипр халқын осы елдің Ұлттық күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол Кипр Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін тілге тиек етіп, аталған мемлекеттің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

Мәулен Әшімбаев өткен жылдар ішінде Қазақстан мен Кипр арасында құрмет пен сенімге негізделген өзара іс-қимылдың берік негізі қалыптасқанын да атап өтті. Кездесу кезінде екі елдің парламентаралық қарым-қатынасын одан әрі жандандырудың маңызды екеніне де баса мән берілді.

Өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалог барлық бағыттағы байланысымыздың артуына зор ықпалын тигізді. Біз Астанада Кипр елшілігін ашу туралы шешімді құптаймыз. Мұндай қадам екіжақты байланыстарды нығайта отырып, қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге шығарады деп есептейміз. Қазақстан Парламенті Кипрмен парламентаралық ынтымақтастықты да дамытуға мүдделі. Біздің Парламенттің екі палатасында да Кипрдің заң шығарушы органымен достық топтары жұмыс істейді. Сол топтардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулардың нәтижелеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ Константинос Комбосқа жаңа экономикалық үлгіге көшу жолында қолға алынған шаралар туралы да айтып берді.

Өз кезегінде Кипрдің Сыртқы істер министрі Қазақстанда іске асырылған қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады және екі ел арасындағы, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Бұдан өзге кездесуде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыстарды да арттыру мәселелерін талқылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға