Жаңалықтар

Сенат Қазақстан мен Қатар арасындағы құқықтық көмекке қатысты заңды мақұлдады

Сенат Қазақстан мен Қатар арасындағы құқықтық көмекке қатысты заңды мақұлдады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 06.03.2025 10:27 186

Бүгінгі Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Марат Қожаевтың айтуынша, аталған келісімге 2024 жылдың 14 ақпанында Доха қаласында мемлекет басшысының Қатарға сапары аясында қол қойылды.

Келісім құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібін айқындайды. Ратификациялауға ұсынылып отырған құжат екі тараптың құзыретті органдарына қылмыс жасады деп күдіктелгендердің және айыпталғандардың кінәсін дәлелдеуге бағытталған белгілі бір тергеу әрекеттерін өткізу туралы сұрау салу арқылы жолдану құқығын бекітеді, - деді ол.

Келісім аясында тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін, келісімнің мақсаттарына сәйкес құқықтық көмектің кез келген түрін көрсетуге мүмкіндік береді. Атап өтетін болсақ, олар: тараптардың құзыретті органдарына куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың келуін қамтамасыз ету, қамақтағы адамдарды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша беру, құжаттарды немесе шақыру қағазын табыс ету, тінту және алу, тінтуді, мүлікті алу немесе тәркілеу рәсімдеріне жәрдемдесу және тағы басқалары.  Бұл тергеу әрекеттерін жүргізу тәртіптері қазақстандық қылмыстық-процестік заңнамада да реттелген.

Келісімде құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың мазмұны мен оны орындау тәртібі, сұрау салу мен оны растайтын құжаттардың құпиялығын сақтау міндеттемесі, дауларды шешу және шығындарды өтеу жолдары да қарастырылады. Келісімді ратификациалау Қазақстан мен Қатар мемлекеттері арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек алудың құқықтық негізін жасап, екі ел арасындағы қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол береді, - дейді Марат Қожаев.

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 11-бабы 1 тармақшасына сәйкес келісім ратификациялауға жатады, себебі оның реттеу пәні адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға