Жаңалықтар

Сенат депутаты этномәдени орталықтардың өкілдерімен кездесті

Астана қаласындағы Достық үйінде Алғыс айту күніне орай ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбековтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Сенат депутаты этномәдени орталықтардың өкілдерімен кездесті
01.03.2019 03:55 2005

Астана қаласындағы Достық үйінде Алғыс айту күніне орай ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбековтің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласының Қазақстан халқы ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұралы Айдашев, этномәдени орталықтың төрағалары, Аналар кеңесінің төрайымы қатысты.

Кездесу барысында сенатор қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл күннің барша қазақстандықтардың өмірінде айрықша орын алатынын және Алғыс айту күні ортақ тарихымыздың жекелей дамуына, нығайуына үлес қосатынын, ең бастысы, жас ұрпақтың бойында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді қалыптастыратын адамгершілік, толеранттық қасиеттерін дамытатынын атап өтті.

«Тарихтан білетініміздей, Қазақстанға көптеген ұлттар жер аударылып келді. Олар қазақ жерінде тұрақтап, екінші отандарына айналды. Мұның бәрі қазақ ұлтының мейірімділігі мен бауырмалдығының арқасында оң үдерісін тапты. Мерекенің негізгі үндеуі – «өз тарихыңды есте сақта және онымен мақтан». Бүгінде елімізде жүзден астам этностар тұрып жатыр. Олардың барлығына ұлттық тарихын, мәдениетін, тілін дамытуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Елбасы айтқандай, мерекені атап өтуде ұлттардың бір-біріне құрметі артады және болашаққа нық сеніммен қадам басады», – деді Е. Мамытбеков.

Сонымен қатар, сенатордың айтуынша, 1 наурыз – «Нұр Отан» партиясының құрылған күні. Биыл партияға жиырма жыл толып отыр. Естеріңізге салсақ, жуырда партияның жиырма сегізінші съезі өтті. Осы орайда Е. Мамытбеков съезд қорытындысымен таныстырды.

«Елбасы біздің алдымызға алдыңғы он жылдықта жүзеге асуы тиіс он міндет қойып отыр. Партия бағдарламасы қоғамның даму сұлбасын анықтайды. Дамудың басты бағыты – қоғамның әлеуметтік жаңғыруы. Сондай-ақ, съезде халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту туралы басымдықтар айтылды, әсіресе әлеуметтік тұрмысы төмен халықтың мәселесіне баса назар аударылады.

Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, жастар саясаты, денсаулық сақтау, білім беру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мәселелері бірінші кезекте қаралатын болады. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Яғни, әлеуметтік саланы ілгерілету үшін екі триллион қаржы қарастырылатын болады. Оның ішінде Ұлттық қордан 1 трлн 340 млн теңге бөлінеді», – деп, сенатор Елбасының партия съезінде берген тапсырмалармен толық таныстырып өтті.

Партияның міндеттерді шешудегі маңызды үлесі үш бағыт бойынша – халықтың табысы аз топтарды қолдау және кірістерді арттыру; табысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту; өңірлерді кешенді дамыту болмақ.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, меценат Исламбек Сәлжанов өз кезегінде қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, ортақ міндеттерді жүзеге асыруға Ассамблеяның да қосар үлесі мол болатынын жеткізді.

Жиынның қорытындысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА депутаттық тобының төрағасы Сауытбек Абдрахманов пен мүшесі Ахмет Мурадов жиылған қауымды Алғыс айту күнімен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға