Жаңалықтар

Семіздік: өмір салты ма, дерт пе?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының дерегінше, қазақстандықтардың 20 %-ы семіздікке шалдыққан
Семіздік: өмір салты ма, дерт пе?
21.05.2019 16:28 9551

Қазір семіздік әлемдік эпидемияға айналған. Жыл сайын  2,8 млн адам артық салмақтың кесірінен ажал құшады екен. Тағы бір алаңдатарлық жайт, бұл ауру соңғы жылдары балаларды да өз тұзағына түсіріп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы тенденция жалғаса берсе,  2025 жылға дейін 70 млн мектеп жасына дейінгі балалар семіздікке шалдығады деп, дабыл қағып отыр. The Lancet британдық ғылыми журналының зерттеуі бойынша семіздіктің деңгейі  5 -19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерде жоғары қарқынмен өсіп келеді. 1975 жылы оның көрсеткіші 4%-ды құраса, 2016 жылы 18%-ға бір-ақ секірген. Бұл өсімнің деңгейі ұлдар мен қыздарда шамамен бірдей: 19%(ұл) -18%(қыз). 2016 жылғы зерттеудің нәтижесі 124 млн баланың артық салмақпен күресу керектігін көрсетіп отыр. 

Ал Қазақстанда семіздік дертін бақылаушылар 77,5% баланың салмағы қалыпты, 19,1%-ы дененің артық массасына тап болғандығын айтады. Олардың ішінде 6,5% ұлдарға, 5,5%-ы қыздарға тиесілі екен. Ал 1,1%-ы – шамадан тыс семіздікке шалдыққан. Зерттеушілер балаларды мұндай ауруға әкелуші факторлар – күнкөріс төмендігінің салдары, тағам қауіпсіздігінің болмауы мен ата-ананың білім деңгейі әсер етіп отырғанын мәлімдейді.

"Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында ұлттық зерттеудің нәтижелері бойынша (2012 жыл) ересектердің 31,2 %-ында артық дене салмағы немесе семіздік бары айтылады.

Ал қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының соңғы дерегінше, қазақстандықтардың 20 %-ы семіздікке шалдыққан. Олардың басым бөлігі Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстанда тұрады. Сарапшыларды бұл аурудың жасарып бара жатқаны алаңдатып отыр, себебі қазіргі статистика қырық жыл бұрынғыдан он есеге артып кеткен.

Қалыпты салмақтың қандай болуы керегін қалай анықтаймыз?  ХІХ ғасырда француз антропологы Полем Брок ойлап тапқан қарапайым формуланы қолдануға болады, яғни бой ұзындығынан 100-ді алып тастағандағы салмақ. Массаның 10-30%-ға артуы семіздіктің бірінші, 30-50% екінші, ал 50-100 % үшінші деңгейі болып табылады. Бірінші кезеңнің өзінде-ақ, адам көптеген жайсыздықтарға тап бола бастайды, ал массаның бір жарым-екі есеге артуы ауыр дерт ретінде саналады. Оларға міндетті түрде емделу талап етіледі. Дені сау адамдағы май 10-20 келіні құрайды (ер адамдарға қарағанда, әйелдерде көбірек). Оның жоғары калориялы екенін есепке ала отырып, адамдарда әрдайым 100-180 мың килокалориялық қосымша қор жүреді. Бұл ағзаның энергетикалық қажеттілігін қырық күн бойы өтеуге қауқарлы. Алайда, май одан да басқа мұқтаждықты өтейтіндіктен, оның қоймасын міндетті түрде толтырып отыру керек. Жас және орта жастағы ер адамдар жеңіл жұмыста 2600 ккал жаратса, ауыр еңбекке шамамен 5000-ға жуық ккал жұмсайды. Бір қызығы, ештеңе істемей орындықта демалып отырған адамның өзі негізгі алмасуды қанағаттандыру үшін 1600-1700 ккал жұмсайтын болып шықты.
Негізгі зат алмасу бірнеше фактордан тұрады, яғни жүрек жұмысына, қажетті электрлік процесстер мен бұлшық ет тонусын сақтауға, дене қысымын қалыпты ұстауға айтарлықтай энергия жұмсалады. Ер адамдарда бұл процесс қарқынды жүретіндіктен, әйелдермен салмақтары бірдей бола тұра 10-15% энергияны көп талап етеді. Сол сияқты ер мен әйелдің тамақтануында да осындай айырмашылық бар.

Май ағзаға қор калориясын сақтаумен қатар, майда еритін заттар мен дәрумендерді (А, D, Е және К) сіңіруге де қажет етіледі. Майдан түзілген торлы қабық ағзаны суықтан сақтауға көмектеседі. Ересек адам үшін орта жүктемеде майға деген қажеттілік күніне 80-100 граммды құрайды. Осы көрсеткіштің 70%-ы өсімдік майынан, 30%-ы төрт түліктің майынан келуі керек (мұның ішіне сары майды да қосуға болады). Оларды пайдалану семіздікке бейім адамдарда төмен болғаны абзал. Күніне үш грек жаңғағын артық пайдалану (бұл шамамен 100 ккал) жылына 4,5 келі артық салмақ қосып береді.  

Айта кетерлігі, май кейбір артылып сыртқа шығарылатын заттарға қарағанда, ағзаға түскен жүктемеден кәдеге жаратылады немесе қорға қарай ығысып кетеді. Осы мақсатта адам ағзасында май жасушасын қорға жиюшы адипоцит өмір сүреді.  Табиғи жолмен, яғни майбез бен тербездері арқылы ағзаға сіңген майдың 5%-ы ғана сыртқа шығарылады.

Семіздікке алып келетін негізгі себептері – артық тамақтану, гиподинамия, көмірсуі көп тамақтарды шамадан тыс пайдалану, тұқым қуалаушылық, жүйке жүйесінің аурулары, эндокринологиялық проблемалар, гормонды дәрі-дәрмектер мен антидепрессанттарды қабылдау.

Әдет пе, ауру ма?

Кейбір зерттеулер бастапқы семіздік тұқым қуалаушылық арқылы келетінін айтады. Егер әкесі мен анасы қатар семіздікке шалдыққан болса, балалардың 78 %- олардың ізін жалғайды. Ал егер ата-ананың тек біреуінде бұл дерт кездессе, ұрпағының 56%-ында қауіп күдігі бар. Әке-шешесі артық салмақтан аулақ болса қауіптің деңгейі 14%-ға төмендейді. Генетикалық  бейімділікті былай қойғанда, бұл ауру жүре пайда болатын қасиетке ие. Біздің ағзамызда майдың деңгейін қалыпты ұстауға жауап беретін липостаз механизмі жұмыс жасайды. Семіздік жағдайында калорияны тұтыну мен оны жұмсау жұмысы бұзылып, май жинала бастайды. Май жиналу да жоғары деңгейге өтіп, семіздік асқына түседі. Реттеу механизмінің жұмысына кедергі келтіретін бірнеше себептер бар, оның бірі әрі маңыздысы – артық тамақтану. Шамадан тыс тамаққа құмарлық көп өтпей осы әлемдік эпидемияға шалдықтыратын болады.

Семіздіктің дамуы екі түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Бірінші жағдайда май жасушалары (адипоциттер) сол қалпында қалғанмен, әрқайсысына май өндіру жұмысы жүктеледі. Адипоциттің қалыпты көлемі 0,3 микролитрді құрайды, ал артық болып кеткен жағдайда 1 микролитрге дейін жетуі мүмкін. Қанша майды жинағанмен, қордың көлемі 3-4 есе ғана арта алады. Мұндай семіздік формасын гипертрофикалық деп атайды, ол әдетте зейнеткерлерде көп кездесіп жатады.

Екінші нұсқада май жасушалары өніп-өсіп, олардың саны көбейе түседі. Жаңа жасушалар тәбетті одан сайын арттырады. Жасушалар саны дене салмағының артуымен байланысты өлшеусіз өсе береді. Мұндай семіздіктің түрін гиперпластикалық деп атайды, ол тұқымқуалаушылық арқылы беріледі де, ерте жастан-ақ байқалып жатады. Гиперпластикалық семіздікке жасөспірімдер, аяғы ауыр әйелдер мен климактерилік кезеңдегі адамдар шалдығып жатады. 

Май жиналған орынға байланысты қарапайым семіздіктің екі түрі кездеседі: андроидты (ерлер) мен гинеоидты (әйел). Гинеоидты семіздікте май сан мен бөксеге қарай ығыса түсетіндіктен алмұрт тәріздес деген қосымша атауға ие. Ал андроидты семіздікте май іш пен көкірек тұсында жиналатындықтан, оны алма тәріздес деп атайды.

Андроидты түр гиноидтыға қарағанда асқынуға құмар. Себебі май бөлу іште, тері астында орналасып, ішкі ағзалардың айналасында түзіледі. Бұл ғылыми тілде ішкі ағзалардың семіруі деген атау алған. Жалпы айтқанда, гиперпластикалық, андроидты және ішкі ағазалардың семіруі өте қауіпті түрге жатқызылады, ал гипертрофикалық, гинеоидты және теріастындағы – аса қатерлі емес. Алғашқы топтамадағылар адамдарға өте көп келеңсіздік әкелсе, екінші атап өткен семіздіктің түрлері солардың тек бірлі-екеуіне ұшыратуы мүмкін.

Келеңісздіктерге атеросклероз, жүректің ишемиялық ауруы, ми тамырларының тромбозы, бауырдың семіздігі, тамырлардың түйнеліп кеңеюі, диабет, тұз байлану ауруы, артроз, хондроз бен рак жатады.

Аштық пен тоқтық орталықтарының жұмысы қандай?

Мидағы гипоталамустың май алмасуды реттеуге ат салысатыны өткен ғасырда дәлелденіп қойған. Тағамдық орталыққа гипоталамустың белсене кірісетінін 1911 жылы И.Павлов айтып кеткен болатын. 1951 жылы үнді ғалымы Б.Ананд гипоталамустың тағамдық орталығы екі бөліктен: бүйір ядросындағы  ашығу орталығы (тәбет) мен орта ядрода орналасқан тою орталығынан тұратынын жазды.

Аштық орталығының тітіркенуі адамды тамақтануға итермелейді. Сол сияқты тою орталығы жүйке жүйесінің шектеу қоятын талшықтарымен байланысты екен. Адам жеткілікті мөлшерде тамақ ішкенде аштық орталығы тежелу процесіне келеді. Мұндай механизм адамдарды артық тамақтанудан сақтауға көмектеседі. Жоғарыда аталған екі орталықта мидың басқа да бөліктерімен өзара әрекеттесіп, тамаққа эмоция мен түрлі дағдыларды шақырады. Орталық ядроның бұзылуы артық тамақтануға алып келсе, бүйірдегісі тамақтан бас тартып, әлсіреуге, арықтауға, ақыры аяғында өлімге жеткізеді.

Артық салмақпен қалай күресеміз?

Әлемде семіздіктен алдыңғы ондыққа  кіретін австралиялықтар бір жылдары арықтататын әртүрлі заттарға 250 мың доллар жұмсаған екен. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған. Желге ұшқан көк қағаздардан кейін ел үкіметі дәл сондай қаржыны спорт орталықтарын салуға арнап, жаңа жетістікке жетуді көздеп отырған көрінеді.

Лептин, бета-3-адреномиметикалар көп жағдайда дене массасын түсіріп, оны қалыпты ұстауға көмектескенмен (тек дәрігердің бақылауымен), семіздік ауруынан толық айықтыра алмайды.  Сол секілді диабетті инсулинмен, гипертония ауруларын қысымды төмендететін дәрі-дәрмекпен емдегенде де, ілгерідегідей нәтижеге жеткізеді. Яғни, аурудың өзі емес, белгілерін бұғаттауға мүмкіндік ашылады.

Семіздіктен емдеудің маңызды жолы – диета. Рационнан майлы тағамдарды, конфеттер мен шоколадтарды, кондитерлік өнімдерді, тоқашты, балмұздақ пен басқа да тәттілерді алып тастау қажет. Яғни, күніне оларды 1200 килокалориядан артық қабылдауға болмайды. Ал қантты шектеу үшін аспартам мен сахарин пайдалануға болады. Сонымен қатар, ащы, тұщы тағамдарды да сызып тастауға кеңес беріледі. Айтпақшы, аптасына бір күн мына тамақтану режимін сақтаңыз: ауыр жүмыс жасайтын болсаңыз гарнирге көкөніс пен пісірілген кішкене ет, ірімшік, шай (барлығы қантсыз болуы шарт), ал жеңіл жұмыста көкініс пен жеміс-жидектер жеу қажет. Ал бұдан да жақсы шектеуді тек диетолог-дәрігер бере алады.

Міндетті түрде күн сайын физикалық жүктемеге мән беріңіз: жүру, жүгіру, велосипед, суда жүзу, арнайы емдік гимнастикамен шұғылданыңыз. Егер денсаулығыңыз көтеретін болса массаж, минералды ванна мен моншаның да пайдасы бар.

Фармакотерапияға майды ыдыратуға стимул беретін, инсулиннің (бигуанид) эффектісін күшейтетін және ішектегі майды сіңіруге ықпал етуші (орлистат) препараттар жатады. Аштық сезімін басуға орталық анорексигенді (тәбетті тарылтатын) дәрі – адреномиметиканы (дезопимон, изолипан, фенилпропаноламин) пайдаланады. Өкінішке қарай, бұл аталғандардың барлығы артериалды қысымды көтеріп, түрлі жүрек-қан тамыр ауруларын тудырып жатады. Тіпті, одан басқа да ауыр дерттерге шалдықтыруы ғажап емес.

Қазірде миға серотонин жеткізіп, аштықты тоқтататын күшке ие сибутрамин препараты жасап шығарылған. Оны қабылдаған адамның тәбеті тарылады. Алайда, оны дәрігердің нұсқаулығымен ғана қабылдау қажет.

Ал артық майды не ішекті хирургиялық жолмен алып тастау әдісі қымбат әрі уақытша ғана пайда әкеледі. Иә, арықтау көптің қолынан келуі мүмкін, алайда сол жетістікті ұзақ уақыт ұстап тұруға әркімнің шыдамы жете бермейді.

Қазіргі кезде артық салмақты өлшеу үшін дене салмағының индексі (ДСИ) пайдаланылып жүр. Ол адам денесінің массасы мен бойының өлшеміне сәйкес келетінін бағалауға мүмкіндік беретін, массаның жеткіліксіз, қалыпты немес артық екендігін анықтау үшін пайдаланылатын шама. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген нормаларына сәйкес: 16-ға дейін массаның күрделі жетіспеуі, 16-18,5 жетіспейтін дене массасы, 18,5-25 қалыпты көрсеткіш, 25-30 артық дене массасы, ал 30-дан жоғары асқынған семіздік болып табылады. ДМИ-ді ғаламтордан онлайн білуге мүмкіндік бар.

Ғалымдардың айтуынша, дамыған елдердегі семіздіктің белең алуына физикалық жүктеменің азаюы мен тамақтану құрылымының өзгеруі басты себеп. Кәсіпорындарда қол жұмыстары жойылып, кір жуғыш машиналар мен шаңсорғыштар үйдегі жұмыстың біразын жеңілдетіп тастады. Көптеген адамдар автокөлікті тіпті жақын қашықтыққа да пайдаланып, жаяу жүрісті мүлде ұмытып кетті. Қоғамдық орындарға лифт, эскалатор мен автоматты есіктер көп қойылуда. Оның үстіне, құрамында майы көп және көмірсуді тез сіңіруші азық-түліктер көбейе бастады. Мұндай өзгерістер семіздіктің генетикалық бейімділігін одан сайын арта түсуі ықтимал. 

Аштық орталығының сезімталдығы соншалық, тамақтың иісіне, ол туралы әңгімеге де қозып шыға келеді. Тамақтан ләззат алу процессі тәттіге құмарлықты оятады. Кей адамдардағы күйзеліс, қайғы мен стресс ашығу сезімін оятып, тамаққа тәбетін аша түспек. Оның нәтижесінде семіздіктің алғашқы белгілері қылаң бере бастауы мүмкін.

Семіздік – әлем күресе алмай отырған ауыр дерттердің бірі!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға