Жаңалықтар

Семейде Жеңістің 80 жылдығына арналған әндер фестивалі өтті

Семейде Жеңістің 80 жылдығына арналған әндер фестивалі өтті
Фото: Абай облыстық әкімдігі 09.04.2025 18:33 1075

«Отты жылдар әндері» фестивалі Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін еске алу мақсатында Қалалық мәдениет сарайында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соғыс әндері – Ұлы Отан соғысының қайғылы да қаһарлы кезеңін бейнелейтін музыкалық жылнама, сол уақыттағы оқиғаларды бүгінгі ұрпаққа жеткізудің әсерлі жолы.

Біздің қаламыз да бұл тарихи кезеңнен тыс қалған жоқ – мұнда екі атқыштар дивизиясы жасақталып, майдан үшін жұмыс істеген ірі өндіріс орындары эвакуацияланып орналастырылды, эвакогоспитальдар жұмыс істеді. «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деген ұранды сол кездегі семейліктер жүрекпен қабылдады.

Сол оқиғалардың мән-маңызын ұмытпау қажеттігін Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев атап өтті.

Сіздерді Жеңістің 80 жылдығына арналған шарада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін біз осы қалада жасақталған 238-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолын еске аламыз. Қасиетті Отанын жаудан қорғаған жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі тиіс, – деді Қуаныш Әбілдаев.

Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасында патриоттық тәрбие беру, тарихи жадымызды сақтау және елінің бейбіт болашағы үшін күрескен халықтың қаһармандығын дәріптеу.

Фестиваль 1941 жылы Семей қаласында құрылған 238-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолына арналған тарихи бейнероликпен ашылды. Сол қиын жылдары туған қаламыз өзінің қайсарлығымен ерекшеленді.

Біздің қаһармандарымыз Мәскеу мен Ленинград түбінде, Еділ мен Днепр жағалауларында, Курск доғасында, Балтық жағалауында, Варшава мен Софияда, Прага мен Берлинде Отанды жанымен қорғады. Берілген тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлігі үшін 238-ші дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталды. Көрсеткен ерлігі үшін бұл дивизия 30-шы гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Бұл құрамда біздің қаладан 15 жауынгер болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деген ұран болды. Бұл ұранды біздің жерлестеріміз абыроймен орындады, – деп Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов батырларымыздың тарихын мақтанышпен жеткізді.

Сахнадан шырқалған әскери әндер көрермендердің жүрегіне жол тапты. Балалықтан таныс әуендер өткен жылдарды еске түсіріп, соғыс буынының өсиетін жаңғыртты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға