Жаңалықтар

Семейде такси жүргізушісі жолақыны екі рет алып, жолаушыны алдап соққан

Семейде такси жүргізушісі жолақыны екі рет алып, жолаушыны алдап соққан
Фото: © Pixabay.com 20.01.2024 16:02 826

Семейде такси жүргізушісі жолаушыдан екі рет жолақы алған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары жүргізушінің кім екенін анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Такси жүргізушісінің бұл әрекетіне қатысты шағым әлеуметтік желіде жарияланы. Автордың мәліметінше, күндізгі сағат 12-13 шамасында әйел азаматы балаларына такси шақырған. Жолаушы жолақысын мобильді қосымша арқылы төлемек болған. Алайда жүргізуші онлайн төлем алудан бас тартыпты. Кейін әйел қолма-қол ақша төлеген. Алайда жүргізуші жолда тұрғынның баласынан мобильді қосымша арқылы екінші рет жолақы алыпты. Бұл туралы такси қызметін шақырған әйел кейінірек білген.

Ол бізден жолақыны екі рет алып отыр. Жүргізушіге хабарласқанымда, тұтқаны көтермеді. Такси қызметі қосымшасындағы профилінде қызметтік киім киген ер адамның фотосы тұр. Демек ол осылайша өзінің қызметтік өкілін пайдаланып отыр ма? деп жазды шағымданушы.

Бұл жазбаға қатысты Абай облыстық Полиция департаментіндегілер пікір білдірді. 

Оқи отырыңыз: 

Тәртіп сақшылары «Тойота Камри-20» көлігінің 27 жастағы жүргізушісін анықтаған. Ол «Каспи» нөмірі ұялы телефонына қосылмағанын, сондықтан ақшаның түбіртегін көре алмайтынын айтыпты. Ведомство мәліметінше, жүргізуші ешқандай да полиция қызметкері емес.

Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің 2, 214, 340, 341, 343 тармақтарын бұзғаны үшін жас жігіттің үстінен түскен арыз бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Қысқартылған тәртіпте 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Төленген ақшаны қайтару мәселесі азаматтық жолмен шешіледі делінген полиция мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға