Жаңалықтар

Семейде Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдығына орай көшпелі көрме ашылды

Семейде Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдығына орай көшпелі көрме ашылды
Фото: Қорғаныс министрлігі 10.07.2024 13:27 552

Абай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының батыры, еліміздің бірінші қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты жылжымалы көрме жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Мемлекеттік әскери-тарихи музей ұйымдастырған бұл көрмеге алғаш болып 54835, 28738 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері мен Қарулы күштердің ардагерлері келді.

Қонақтарды қарсы ала отырып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екеніне тоқталды. Музейдің ынтымақтастығы олардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, жастардың патриоттық тәрбиесіне ықпал ететінін атап өтті.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылығына және көрмені өткізуге жәрдемдескен басқа да азаматтарға Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің бастығы Ләззат Әлжан ризашылығын білдіріп, оларға алғыс хаттар табыс етті. 

«Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы запастағы полковник Станислав Сәрсеков бірінші қорғаныс министрі туралы естеліктерді еске түсірді. 

«Халық жүрегіндегі қаһарман» көрмесі үш бөлімнен тұрады. Біріншісі Сағадат Нұрмағамбетовтің жастық шағына, екіншісі – батырдың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жауынгерлік жолына арналған, үшіншісі - тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс министрі қызметінде жүрген кезеңнен білуге мүмкіндік береді.

Экспозиция Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің және Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке мұрағат қорларынан алынған бірегей жәдігерлерден тұрады. Экспонаттармен осы жылдың 25 шілдесіне дейін танысуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға