Семейде қала күніне орай 20 метрлік торт әзірленді
Семейде бүгін қала күні тойланып жатыр. Айтулы күнге орай шаһарда әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда ойын-сауық бағдарламалары, көрмелер, мерекелік концерт, спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Ертіс өзенінің оң жағалауында Семей қаласының кондитерлері бірлесіп қала күніне орай 20 метрден асатын тәтті торт әзірледі. Тортты кондитерлер қала тұрғындарымен бірлесіп безендірген.
Әкімдік қала күні Семей қаласының орталығында ғана емес, Жоламан, Дальняя, Степной, Мирный, Юность, Шығыс кенті сияқты қаланың шеткері аумақтарында да өз деңгейінде аталып өткенін хабарлады.
Қала күнін Семей қаласы бойынша 40 мектеп тойлады. Аталмыш шаралар барысында спорттық жарыстар, ұлттық көрмелер, концерттік бағдарлама мен патриоттық әндерден байқау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, "Әкем, шешем және мен" отбасылық спорт сайысы өтіп, жеңімпаз командаға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Оқушылар “Менің сүйікті қалам" тақырыбында өткізілген интеллектуалды ойындарды ұйымдастырып, ұлттық биден жарыс өткізді,-делінген әкімдік таратқан мәліметте.