Семейде кезекті рет ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

Семейдегі «Северный» сауда-логистикалық орталығында кезекті рет ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы тұрғындар үшін Үржар ауданының шаруалары өз өнімдерін төмен бағада ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, апта сайын өткізілетін жәрмеңкелер азық-түлік бағасының өсуін тұрақтандыруға бағытталған. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов аралап көрді.
Жәрмеңкеге жақсы дайындықпен келдік. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасымен ақылдаса отырып, қала тұрғындарының қажеттілігін ескердік десек те болады. 1,6 тонна сиыр еті, 150 келі қой еті, табиғи қоспасыз 200 келі сүт және сүт өнімдері, 200 келі бал, 200 литр күнбағыс майы, 200 келі балық әкелдік. Одан бөлек, 100 дана нан өнімдері мен 150 дана жұмыртқа да бар, - деді Үржар ауданының кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.
Сонымен қатар жәрмеңкеде 200 келі сәбіз, 300 келі картоп, 200 келі қырыққабат, 200 келі пияз, 60 келі алма нарық бағасынан төмен бағада саудаланды.
