Семейде картоп бағасына тексеру жүргізілді
Абай облысында азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында тиісті шаралар атқарылуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Семейдегі «Северный» сауда-логистикалық орталығында бұл жолы Жаңасемей ауданының шаруалары өз өнімдерін саудалады.
Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов аралап, сөредегі бағаларды қадағалады.
Жәрмеңкедегі өнімдер нарық бағасынан әдеттегідей төмен бағада сатылды. Мәселен, сиыр еті 2500, жылқы еті 2500-2700, картоп 240, қырыққабат 140, сәбіз 100 теңгеден саудаланды.
Облыс әкімінің орынбасары жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасатынын, тұтынушыларға сапалы әрі табиғи өнімдердің ешбір делдалсыз сатылатынын атап өтті.