Семейде балалар қауіпсіздігін қамту бойынша қандай шаралар қолға алынды
Абай облысында мектептер мен жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселесі талқыланып, өңірдегі білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті қауіпсіздік құралдарымен жабдықтауға 107 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде аймақтағы барлық білім ошақтары бейнекамералар мен дабыл тетікшесімен жабдықталған. Облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтің айтуынша, турникет орнату жалғасып жатыр. Ал мемлекеттік мектептерде 100%, жекеменшік мектептерде – 85,7%, қосымша білім беру ұйымдарында – 22,7%, мемлекеттік колледждерде – 100%, жекеменшік колледждерде – 80% орнатылған.
Сонымен қатар, облыстағы 127 мектепте Starlink спутниктік интернет жүйесі енгізіліп отыр. Бұл шалғай елді мекендердегі, соның ішінде Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха аудандарындағы білім беру мекемелерін тұрақты байланыспен қамтамасыз етеді. Аталған жүйеге тағы 10 мектепті қосуға өтінім берілді.
«Sergek VMS» жүйесін пайдалана отырып, Ұлттық бейнебақылау жүйесін енгізу аясында облыстың білім беру ұйымдарын ҚР ІІМ өңірлік жедел орталығына қосу жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл шаралар қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған.
Білім ошақтарының маңайындағы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында білім ошақтарының маңындағы жол белгілері, жарықтандыру және бейнебақылау қондырғыларының жағдайы да жиында сөз болды. Өңірдегі 501 білім беру мекемесінің маңындағы инфрақұрылымды ретке келтіруге 127 миллион теңге қажет. Мектеп маңындағы қауіпсіздікті жақсарту үшін қосымша бағдаршамдарды, сондай-ақ «Балалар» және «Жылдамдық шектеуі» деген жазуы бар ақпараттық тақталарды орнату туралы айтылды.
Сонымен қатар, екінші және үшінші ауысымдағы оқушыларға ыңғайлы болу үшін Семейде қоғамдық көліктердің кестесін кешкі сағат 21:00-ге дейін, Аягөзде 20:00-ге дейін ұзарту ұсынылды.