Семейде ауыл шаруашылығы өнімдері 10-15% төмен бағамен сатылып жатыр

Семейде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Турист» қонақ үйі ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің күзгі жәрмеңкесі өтті. Басты мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жәрмеңкеге жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін нарық бағасынан 10-15%-ға төмен бағада ұсынды. Сатып алушыларға ет, сүт, картоп-көкөніс және бал өнімдері ұсынылды. Халық арасында сұранысқа ие бұл өнімдер қолжетімді бағамен сатылғандықтан, жәрмеңкеге келушілердің қарасы көп болған.
Әкімдіктегілер бұл шара сондай-ақ жергілікті өндірушілердің өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға жеткізуіне мүмкіндік беріп, қала тұрғындарына сапалы және табиғи өнімдерді сатып алуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Жәрмеңке алдағы күндері де жалғасады деп күтілуде.
