Семейде Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай 180-ге жуық іс-шара өтеді
Семейде Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай 180-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл туралы Абай атындағы театрда өткен кеште қала әкімі айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Театрда қазақтың Ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік кешке Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, қала әкімі Талғат Мұратов, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуді тапсырды. Осыған орай, облыс әкімі Нұрлан Телманұлының қолдауымен Семей қаласы көлемінде мәдениет, өнер, білім, спорт және басқа да салаларда 180-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл Абайдың мұрасын насихаттауға, оның еңбектерін заманауи тұрғыда зерделеуге бағытталады, - деді қала әкімі Талғат Мұратов.
Салтанатты кешті «Бибігүл» қазақ аспаптары оркестрі сүйемелдеп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Ерлан Рысқали, Айбек Бекбосынов, Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева, Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева сынды өнерпаздар өнер көрсетіп, әндерді нақышына келтіре орындады.