Жаңалықтар

Семей полигонының зардабы әлі жойылған жоқ – эколог

Ауқымды жұмыстарды атқаруға әлі де кеш емес.
Семей полигонының зардабы әлі жойылған жоқ – эколог
Фото: baq.kz 29.08.2022 10:01 9138

Бүгін әлем бойынша Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн. Бұл бастаманы Қазақстан 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында ұсынған болатын. Осылайша біздің ел әлем бойынша көлемі жағынан төртінші орын алатын алып ядролық арсеналдан бас тартып, жер шарындағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Алайда 40 жыл бойы 450 ядролық сынақ өткізілген өңірдің экологиялық жағдайы әлі де аянышты. Бұл тұрғыда елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ауқымды бағдарламалар мен жоспарлар бар ма? Бұл сұрақтарды белгілі эколог Азаматхан Әміртайға қойған едік.

– Семей өңірінде 1949 жылдан 1991 жылға дейін 450-ден астам ядролық сынақ өткізілді ғой. Сол сынақтан зардап шеккен өңірдегі ахуал қазір де ауыр халде. Бүгінде экологиялық аймақты қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Бұл Семей полигоны ел тағдырындағы ғана емес, адамзат тағдырындағы үлкен қасірет деп айтуға болады. Қырық жылдан астам уақытқа созылған жарылыстан бірнеше ұрпақ зардап шекті. Қоршаған ортаға келтірген залалы ұшан теңіз. Ол жердегі ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. 1991 жылдан бастап қана көңіл бөліне бастады ғой. Алайда соншалықты бүлінген табиғатты қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Семей полигоны алғаш жабылған жылдары экологиялық аймаққа көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар, жоспарлар жасалды. Бірақ уақыт өте келе солардың барлығы дерлік аяқсыз қалды. Қазіргі таңда ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды, әрине. Дегенмен, ауқымды бағдарламалар жоқ. Үкімет те қоғамдық ұйымдар да әзірге ерекше назар аудармай отыр. Оған әлемдік тәжірибесі бар елдермен бірлесіп жұмыстар атқару керек еді.

– Егер ауқымды бағдарламалар қабылдап, жүйелі жоспарлар құрса Семей полигонының зардабы қанша уақытта жойылады?

– Бұл жоғарыда айтқанымдай ауқымды бағдарламалардың қабылдануына байланысты. Қазір әлемде түрлі техналогиялар бар ғой. Солардың көмегімен қысқа уақытта болмаса да біраз зардабын жоюға болады. Үкімет ең алдымен елдің денсаулығын сақтау мақсатында жұмыстар жүргізіп, экологияны қалпына келтірумен айналысу керек. Бірақ оған қыруар қаржы қажет.

– Жалпы Семей жерін радияциядан толық тазарту мүмкін бе?

– Әрине, мүмкін. Ол үшін халықаралық деңгейде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілсе. Аймақтағы барлық қауіпті деңгейді анықтаса. Қандай өсімдіктер отырғызу керек, қандай жұмыстар жасау керек деген секілді. Сонда ғана радияциядан толық тазартуға болады. Бірақ ол облыстық, республикалық көлемде атқаратын шаруа емес. Кішігірім екі үш бағдарламамен ештеңе өзгермейді. Бұл өте ауқымды шаруа. Әлемдегі озық елдердің тәжірибесі мен техникасына сүйенуіміз керек. Осындай ауқымды жұмыстарды атқаруға әлі де кеш емес.

– Полигоннан зардап шеккендерге ешқандай жеңілдік жоқ екендігі, олардың мәртебесі ешқандай заңда көрсетілмегендігі айтылады.

– Рас, бұл қазір қынжылтарлық жағдай. Алғашқы кездері полигон зардабынан ауруға шалдыққан жандарға көмек көрсетіліп, олрдың емделуіне жәрдемдесу мақсатында үкімет арнайы заң қабылдаған болатын. Алайда ол заң қазір тоқтатылған. Бүгінгі таңда полигоннан зардап шеккендерге көмек те, көмектесуге деген ұмтылыс та байқалмайды. Көпшілігі полигон жабылғанмен оның зардабы жойылмағанын ұмытып кеткен секілді. Өңірдегі экологиялық көрсеткіш әлі де қауіпті деңгейде. Бірақ жергілікті тұрғындар сол жерде малын бағып, суын ішіп, ауасын жұтып өмірін сүріп жатыр. Мәселен, атақты Чернобыль апатын жоюға атсалысқандардың зейнетақысына қосымша төлемдер, қоғамдық көліктерде тегін жүру және жыл сайын шипажайларға барып ем қабылдау секілді түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Біздің елдегі азаматтарға да осындай жағдай жасалу керек. Және оны жылдам қабылдау керек. Себебі, соның зардабын қаншама адам тартып жүр.

– Министрліктің немесе үкімет тарапынан қандай да бір көмектер қарастыру жоспары бар шығар?

– Мен әзірге ондай жақсы хабар естімедім. Егер Әділет министрлігіне «Байтақ» партиясын тіркей алсақ осы мәселені міндетті түрде көтереміз. Ядролық полигонында зардап шеккендер туралы заңға қайта оралу, оңалту, зейнеткерлікке жеңілдік, лайықты өтемақы, кәсіпкерлікпен айналысушыларға салықтық төлемге жеңілдік, сынақ аймағында міндетін өтеген сарбаздарға және зардап шеккен тұрғындарға статус беру секілді бірнеше мәселе бар. Және бұл жәй атылып қоя салатын мәселе емес, мұнымен тұрақты, табанды түрде айналысу керек.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға