«Семей» футзал клубының ойыншысы әлем чемпионы атанды

Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты аяқталды. «Семей» клубының 33 жастағы шабуылшысы Бразилия құрамасының сапында әлем чемпионы атағына қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бразилия құрамасы финалда Аргентинаны 2:1 есебімен ұтты. Ал Феррао матчтың 6-минутында мергендігімен көзге түссе, екінші голды Рафа Сантос (13-минут) соқты. Бұған Аргентина сапынан Матиас Роса (39) бір голмен жауап қатты.
Әлем чемпионы атағына қол жеткізу – кез келген спортшының арманы. Құдайға, отбасыма және бізді қолдаған барша жанкүйерге алғыс айтамын, - деп жазды Феррао Instagram-да.
Бұл тарихи жеңіспен футзалшыны «Семей» клубының басшылығы да құттықтады.
Біз Феррао үшін ерекше қуаныштымыз! Мұндай маңызды ойында гол соғып, чемпион атану – шынымен айтулы оқиға. Ферраоның біздің команданың бөлшегі екеніне қуаныштымыз, - деді «Семей» футзал клубының бас директоры Азамат Әселқан.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Аргентинадан 6:1 есебімен ұтылған еді.
